Accessibility links

Бірқатар бейүкіметтік ұйым өкілдері мұнайдан түсетін табыстардың ашықтығына қатысты меморандумға қосылмады


Сәрсенбі күні Қазақстанның мұнай-газ саласында жұмыс істеп жатқан қазақстандық және шетелдік 24 компания табыстарының ашықтығы жөніндегі бастаманы мақұлдап, арнайы меморандумға қол қойған болатын. Алайда, бейсенбі күні бұл шарадан тыс қалған бірқатар бейүкіметтік ұйым өкілдері өз наразылықтарын білдірді. Сарапшы мамандар мұнай-газ табысының ашықтығы жөніндегі жоғарыдағыдай құжаттан гөрі, кезінде үлкен кемшіліктермен жасалып, бүгінде жұмыс істеп жатқан келісім-шарттарды қайта қарау маңызды дейді.

«Мұнай табыстары – қоғам бақылауына!» атты құрамына 50-ден астам қазақстандық мемлекеттік емес ұйымдар кіретін одақтың үйлестірушісі Павел Лобачев мұнайдан түсетін табыстардың ашықтығына қатысты меморандумға тең құқылы төрт тарап: Қазақстан үкіметі, Парламент депутаттары, мұнай өндіруші компаниялар және бейүкіметтік ұйымдар тобы қол қоюы қажет болатын дейді. Алайда өздерінің үкіметтік емес ұйымдар атынан меморандумға қол қоймауларының басты себебін аталған құжаттың елдегі мұнайдан түсетін табыстың ашықтығын толық қамтамасыз ете алмайтындығымен түсіндірген Павел Лобачев:

«Меморандум бойынша Қазақстан үкіметі елдегі барлық мұнай компанияларынан түсетін табысты бір-ақ көрсетпек, ал біз бұнымен келіспейміз, әр компаниядан қанша салық түсіп жатқандығы үтір-нүктесіне дейін әрбір ел азаматына белгілі болуға тиіс», - дейді.

Сондай-ақ «Мұнай табыстары – қоғам бақылауына!» атты қазақстандық мемлекеттік емес ұйымдар одағының мүшесі Антон Артемов басты талаптарының бірі ретінде қол қоюшы тараптардың ең болмағанда хаттамаларымен ел таныса алуға тиіс, меморандумда көрсетілгендей құжат құпия сақталмай, ақпарат құралдарында жариялануға тиістігін айтады.

Алайда ҚР энергетика және минералдық ресурстар министрінің бірінші орынбасары Бақтықожа Ізмұқанбетов мұнай-газ саласындағы аталған меморандумда көрсетілген ашықтық мәселесінде айтарлықтай кемшіліктің кетпегендігін айтады. Осы мәселеге қатысты «Азаттық» радиосына пікір білдірген сарапшылардың бірқатары аталған меморандумның көпшілік көңілінен шықпауын бұған дейін жасалған келісім-шарттармен байланыстырады. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Сатыбалдин тоқсаныншы жылдары асығыстықпен жасалған келісім-шарттарды елдің пайдасы үшін қайта қарау қажет дейді. Бірақ, сарапшылардың тағы бірі Срайыл Мақатұлы бұған дейін жасалған келісім-шарттарды қайта қарауға шетелдік инвесторлардың қалай болғанда да бара қоймайтындығын айтады.

Ал заң ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, профессор Салық Зиманов инвесторлардан үрке беретін ештеңесі жоқ, қазір Қазақстан мұнай-газ саласында үлкен тәжірибе жинады. Сондықтан ендігі кезде Қазақстан билігі халықтың пайдасын ойлауға тиіс дейді.

Минералды шикізатты өндіру саласында жариялылық орнату жөніндегі бастаманы алғаш рет осыдан үш жыл бұрын - 2002 жылы қыркүйек айында Йоханнесбургте өткен тұрақты даму жөніндегі Дүниежүзілік саммитте Ұлыбритания үкімет жетекшісі Тони Блэр көтерген болатын.
XS
SM
MD
LG