Accessibility links

Бүгін таңертең Пәкістанның солтүстігі мен Ауғанстан, Үндістанның кейбір аудандарында қатты жер сілкінісі болды


Исламабад. Зілзала қуаты Рихтер бағанымен 7,6 баллға жеткен. Апат эпицентрі Пәкістан астанасының солтүстігінен 100 шақырымдай жерде тіркелген. Қаланың өзінде бірнеше көп қабатты үйлер қираған, көптеген тұрғындар үйінділер астында қалған. Жер сілкінісі куәгерлерінің бірі апат кезінде адамдардың үйлерінен қалай қашып шыққандарын былай суреттейді:

- Таңертең ертемен біз жердің қатты қозғалғанын сездік. Ояна салып бәріміз де далаға қарай жүгірдік. Көпке дейін есімізді жия алмадық. Мұндай қатты жер сілкінісін бұдан бұрын ешқашан көрген емеспіз.

Қазір құтқарушылар құлаған үйлердің астын аршып, тірі қалғандарды іздестіруде. Әскери өкіл генерал Шауқат Сұлтан қаза тапқандар саны бір мыңға жетуі мүмкін дегенді айтқан. Кашмирдің Үндістан жағында әскерилер мен бейбіт тұрғындардан барлығы 31 адам мерт болды деп хабарланды. 300-дей адам ауруханаларға жеткізілген. Ауғанстанның Жалалабад маңайында екі адамның құрбан болғаны жөнінде хабарлар берілген.
XS
SM
MD
LG