Accessibility links

Пәкістандағы зілзала құрбандарының саны түрлі мәлімет бойынша 19-дан 40 мыңға жуық


ИСЛАМАБАД. Исламабадтағы ұлттық геологиялық орталық директорының өкілі генерал Жан Мұхаммад Хан бүгін телефон арқылы “Азаттыққа” берген сұхбатында зілзала құрбандарының саны 40 мыңға жетуі мүмкін деп мәлімдеді: “...Мәлімет әлі толық емес. Өйткені, апатқа ұшыраған кейбір ауыл мен мекен алыс, жол бұзылған. Әлі көп шара істеу қажет. Құрбандардың толық санын анықтауға уақыт керек. Менің ойымша, ол 40 мың жақын - не одан сәл көп, не сәл аз болуы мүмкін. Жалпы 40 мыңға жуық қаза болды. Меніңше, осылай”.

Одан бұрын Пәкістанға қарайтын Кашмирдің коммуникациялар министрі Тариқ Мухаммад Ассошиэйтед Пресс агенттігіне жалғыз осы өлкеде 30 мың халық қырылғанын мәлімдеген болатын. Ал ресми мәлімет бойынша, құрбандардың саны 19 мыңнан астам. Пәкістан ішкі істер министрінің айтуынша, 42 мыңдай адам жарақат алды. Бүгін Пәкістан президенті П.Мушарраф халықаралық қоғамды көмекке шақырып, елде 3 күндік қаралы күн жариялады. Пәкістан мен Үндістанға және Ауғанстанға БҰҰ-ы, Дүниежүзілік банк, Жапония, АҚШ, Еуроодақ, Ресей және басқа елдер көмектерін жолдап отыр.
XS
SM
MD
LG