Accessibility links

Қазақстан президенті Н.Назарбаев ядролық әлеуетті қысқарту жөніндегі шартты қайта қарауды ұсынды


Қазақстан Республикасы әлемдегі ең алғашқы елдердің бірі болып ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттердің бірі. Алайда Қазақстан уран өндірісі саласынан дүниежүзі бойынша Австралиядан кейін екінші орынды иеленеді. Ал, жоғары байытылған уранды бейбіт мақсатпен қатар, ядролық қару жасау үшін де пайдалануға болады. Терроризм қаупі қатты белең алған тұста, осы шикізат көзінің лаңкестердің қолына түсіп кетпеуі, бүгінгі уақытта өркениетті елдердің алдаңдаушылығын туғызып отыр. 8-қазан күні шет елдің және Қазақстанның ресми өкілдері мен халықаралық ұйымдардың басшыларының қатысуымен Өскемен қаласында өткен халықаралық симпозиумда ядролық қару жасауда қолданылатын материалдарды жою және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лаңкестер ол материалдарды пайдалана алмаулары үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажеттілігі талқыланды.

Өскемен қаласында өтетін осы халықаралық симпозиум басталардан бұрын ҚР Минералды ресурстар және энергетика министрі Владимир Школьник, шет елден келген меймандарды Үлбі металлургия комбинатындағы жоғары байытылған уран шығаратын өндірістің жұмысымен таныстырды. Владимир Школьниктің айтуынша, Үлбі метталлургия комбинатында Хиросима секілді қырық қаланы жойып жіберуге жететін ядролық арсенал бар. Өз сөзінде Владимир Школьник мырза, қазіргі уақытты Үлбі метталлургия комбинатында 200 килограмм жоғары байытылған уран қорының бар екендігіне тоқталды.

Халықаралық симпозиумға арнайы келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының халықаралық қауіпсіздік пен қару-жарақты бақылау жөніндегі орынбасары Роберт Джозеф АҚШ президенті Джордж Буштың симпозиум жұмысына жиналғандарға жолдаған хатын оқып берді. Роберт Джозеф мырзаның айтуынша, Қазақстанның күші ядролық қаруға емес, әлемдік қауымдастықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауында болып табылады. Сондай-ақ ол өз сөзінде Қазақстан мемлекетінің әлемдегі ең алғашқы елдердің бірі болып ядролық қарудан бас тартқандығына ризашылығын білдірді.

Халықаралық симпозиум жұмысында сөз сөйлеген Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық әлеуетті қысқарту жөніндегі шартты қайта қарау қажеттілігін атап өтті. Президент Назарбаевтың айтуынша, АҚШ пен Ресей секілді алып державалар ядролық арсеналды азайтуға қатысты ең алдымен өздері үлгі көрсетуі тиіс.

«Бүгінгі уақытта әлемде пайда болған келісімдерге қатысты мынандай ахуал қалыптасты. Біреулерге қарудың болуы және дамытылуы рұқсат етіледі, ал басқа біреулерге ондай рұқсат берілмейді. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, әлемдік мағынада және Біріккен Ұлттар Ұйымының шеңбері негізінде бұл келісімдер барлық мемлекеттердің қатысуымен ядролық арсеналды азайту жағына байланысты қайта қаралуы тиіс», - деді Қазақстан президенті.

Сондай-ақ, бейбіт мақсатта энергетикада қолдануда NTI қорымен бірлесіп жоғары байытылған уранды аз байытылған уранға өңдеу жөніндегі бірегей жоба жасалғанына тоқталған Нұрсұлтан Назарбаев, симпозиумға қатысушыларды қазіргі уақытта осы жобаның аяқталуға жақын екендігінен хабардар етті.
XS
SM
MD
LG