Accessibility links

Алматы прокуратурасы оппозиция өкілдерін заң бұзды деп кінәлап отыр


Қазанның 10-ы күні Қазақстан оппозиционерлері республиканың бас прокурорына үндeу жариялап, сенбі күні оппозиция өкілдеріне күш көрсеткен заң қызметкерлерін жауапқа тартылуын талап етті. Естеріңізге сала кетсек, өткен сенбі күні Қазақстан парламенті сенатының депутаты Зәуреш Батталова Алматы жұртшылығымен кездесуі барысында оппозиция өкілдері мен полиция сақшылары арасында қақтығыс болған-ды. Енді сол оқиғаға байланысты оппозиция өкілдері мен полиция сақшылары бір-бірін жауапқа тартуды көздеп отыр.

Дүйсенбі күні Қазақстан парламенті сенатының депутаты Зәуреш Батталова қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы республиканың бас прокуроры Рашид Түсіпбековке үндеу жариялады. Сенатор Зәуреш Батталованың мұндай үндеу жариялауына қазанның 8-күні орын алған жағдай себеп болған. Алматыдағы ескі алаң маңында сенбі күні өткен жиын барысында полиция сақшылары сенатор Зәуреш Батталова мен онымен бірге сол жерге келген серіктері заңсыз митинг ұйымдастырды деп отыр Алайда, сенатор З.Батталова дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Алматы жұртшылығымен болған кездесуі барысында заң ережесін бұзбағанын жеткізді.

«Бұл кездесуге мен халықтың шақыруымен келдім. Маған 50 азаматтың қолы қойылған арыз келіп түсті, онда олар кездесу өткізсек, басқосуда күрделі мәселелерді қарастырсақ деген ұсыныс жазылған болатын. Кездесуде өзекті деген екі мәселе жайын қозғамақ едім. Біріншісі - саяси тұтқындардың жағдайы. Ал, екіншісі тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдардың, оның ішінде оппозициялық басылымдардың хал-ахуалына арналған мәселе. Бұл кездесуге жалғыз мен шақырылған жоқпын, мұнда Мәжіліс депутаттары Амалбек Тшан, Тоқтар Әубәкіров шақырылған еді. Заң бойынша, мен халықпен кездесу үшін ешкімнен рұхсат сұрамауға құқым бар. Сол себептен мен өзіме ұнаған жерде, өзім қалаған уақытта халықпен кездесе аламын, бірақ, ресми орган өкілдері маған бөгет жасады», - деді сенатор Зауреш Батталова.

Алматы жұртшылығымен болатын басқосуға түрлі кедергілер жасалғанымен, сенатор Зәуреш Батталова өз сайлаушыларымен кездесуге келген. Нәтижесінде, сенатормен бірге келген оппозиция өкілдері мен полиция сақшылары арасында қақтығыс орын алды. Қазақстан оппозициясының басын біріктіріп отырған «Әділетті Қазақстан» қозғалысының мүшесі Асылбек Қожахметовтың айтуынша, қақтығыс барысында 23 адамды полиция сақшылары ұстап алған, республиканың 9 жалауы, қамауда отырған Ғалымжан Жақияновтың 36 портреті тартып алынған. Енді оппозициялық күштер республиканың бас прокурорынан бұл мәселе шұғыл түрде зерттеліп, қақтығыс барысында полиция сақшыларына кім нұсқау беріп тұрғанын, анықтауын талап етіп отыр.

«Себебі, полиция сақшыларының әрекеті салдарынан олар маған халықпен сөйлесуге мүмкіндік бермеді, екіншіден, кездесуге келген қарапайым халыққа полиция сақшылары шабуыл жасады», - дейді сенатор З.Батталова.

Бұл орайда біз Алматы прокуратурасының пікірін білуге тырыстық, алайда бұл мәселеге жауапты делінген Лариса Левина есімді Алматы қалалық прокуратура қызметкері кешке дейін жиналыстан қолы босамайтындықтан, прокуратура қызметкерлері біздің қойған сұрағымызға жауап бере алмайтындарын айтты. Ал, кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша, Алматының заң органдары өткен сенбі күні Алматының ескі алаңында жиналған қазақстандық оппозицияның кейбір белсенділерін жауапқа тартуды көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG