Accessibility links

Қазақстанға қоғамдық телеарна қажет пе?


Қоғамдық телеарналар мәселесін талқылайтын «Инпут-2006» халықаралық конференциясының Орталық Азия және Қазақстан аймақтық жұмысына қатысушылар ашық қоғам үлгісіндегі телеөнімдерге деген қоғам тарапынан қызығушылық пен сұраныс жоғары болса, ол міндетті түрде елде қоғамдық телеарнаның туындауына әкеледі дейді. Және бұл тұрғыдағы Қазақстанның алдағы қадамы халықтың талғамы мен талабына сай болмағын айтады.

Орталық Азия және Қазақстан аймағындағы қоғам тарапынан қызығушылық туғызған бірнеше телеөнімдермен танысқан қоғамдық телеарналар мәселесін талқылайтын «Инпут-2006» халықаралық конференциясының үйлестірушісі, италияндық телевидение қайраткері Сержио Борелли аталған аймақтардағы телевидение қызметкерлерінің белсенділігі жоғары екенін айтады. Олардың көпшілігі сол өздері өмір сүріп отырған қоғамның сұранысына, атап айтқанда ашық қоғам талаптарына сай жайттарды жеткізуге тырысушылықты байқауға болады дейді ол. Дегенменде өкінішке орай әлемде телеарналар эконмика мен саясаттың солақай ықпалында қалып, опық жеп отырғандығы аталған аймаққа да өз көлеңкесін түсірмей кете алмапты дейді италияндық телевидение қайраткері Сержио Борелли.

Жалпы бұл ашық қоғам үлгісіндегі телеөнімдердің тынысын ашатын ең басты тегершік – қоғамдық телеарнаның әрбір елде болуы міндетті дейді Қоғамдық телеарналар мәселесін талқылайтын «Инпут-2006» халықаралық конференциясының үйлестірушісі Сержио Борелли. Дегенменде Қазақстандағы бұл мәселе мемлекеттің ішкі мәселесі болғандықтан кесімді пікірді жергілікті азаматтардың айтқаны жөн дейді ол.

Осы ретте Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бұл мәселе бірқатар үлкен мәжілістерде көтеріліп, қызу талқылаулардың арқасында жоғарғы биліктің де құлағына жеткенін айтады.

Алайда Қазақстанда қоғамдық телеарнаның болуы саяси маңызды деп есептейтін саясаткер Әміржан Қосанов Қазақстанның қазіргі жағдайында қоғамдық телеарнаны халықтың қаржысынан ұстау аса тиімді қадам емес дейді. Дейтұрғанмен экономика саласының маманы Марат Уатқан қоғамдық телеарна қызметін қазіргі телеарналар атқарып отырған жоқ. Бірақ қоғам бақылауын күшейтіп, ең бастысы халыққа қызмет ететін арнаны жасау сол халықтың өз қолында дейді. Сөйтіп, осылайша қоғамдық телеарна мәселесі Қазақстанда және бір рет көтерілді.
XS
SM
MD
LG