Accessibility links

“Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының тапсырысымен түсірілген деректі фильм жазылған бейнетаспалар тәркіленді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазан айының 11-і күні Алматыда қазақстандық оппозиция белсенділерінің бірі, журналист Ермұрат Бапи: “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының тапсырысымен түсірілген “Бай елде кедейлікті қалай жеңуге болады?” деп аталатын деректі фильм жазылған 3420 дана бейнетаспа өнімдерін Алматы қаласының полиция қызметкерлері тәркілеп алғандығы жөнінде мәлімдеді.

Оппозиционер Ермұрат Бапи бұл оқиға қазанның 7-сі күні орын алғанын хабарлады. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері тәркілеген бейнетаспаларды оған уақытша сақтауға Төлен Тоқтасынов табыс етіпті. Өз кезегінде Ермұрат Бапи 3420 дана бейнетаспаны Алматының шетіндегі Шаңырақ елді-мекенінде тұратын күйеу баласы Айдар Қинаятолдинге береді. Өз сөзінде Бапи, таспаны тәркілеген полиция қызметкерлері үй иелеріне күш қолданып, олардың құқығын таптады деп айыптады.

«Кассетаны тәркілеуге келген полицейлер қандай құжаттың негізінде тәркілейтіндігін айта алмаған. Артынан Айдарға көршілеріңнен түскен арыз негізінде тәркілеп отырмыз деп айтатын көрінеді», - дейді Е.Бапи.

Оқиғаның куәгері Айдар Қинаятолдиннің жұбайы Светлана Бапиева: “Полиция қызметкерлері құрал-саймандарымен есігімізді бұзып, қолымызды артымызға қайырып, баламды тұншықтырып, ұлымды басынан ұрды, содан бері балаларым шошып, түнімен ұйықтай алмайды. Қызымды мектепке алып барып, алып келіп жүрмін. Қолымыздағы телефонымызды тартып алды. Қоңырау шалып көмек сұрауға мүмкіндік бермеді. Екі әйел мен бір ер адамға 100-ге жуық полиция қызметкері келіп, орнымыздан қозғалтпады”, дейді.

Светлана Бапиева Алматы қаласындағы Әуезов аудандық ішкі істер қызметкерлерін жауапқа тарту жөнінде осы ауданның прокуратурасына шағымданғандарын айтты. Бұл оқиғаға байланысты Алматы қалалық прокуратурасына хабарласқанымызбен ол мекемден нақты жауап алуға мүмкіндік болмады. Тек қалалық прокуратура кейбір ақпарат агенттіктері арқылы «президенттіктен үміткер Жармахан Тұяқбайдың жақтастарының сайлау заңнамасын өрескел бұзғанын анықтағаны туралы» хабарлама таратты. Онда «үміткердің жақтастарының бірі - А.Қинаятолдиннің үйінен анонимді баспа және бейнеөнімдер табылғаны» жазылған. «Әлгі өнімдерде оны шығарған ұйым, басылған жері мен таралымы туралы, тапсырыс берген тұлғалар туралы, сондай-ақ, материалдардың қандай қаржыға шығарылғаны жайында мәліметтер болмаған», делінген прокуратура хабарламасында. Сондай-ақ, онда азамат А.Қинаятолдиннің үстінен әкімшілшік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, осы жөніндегі материал соттың қарауына берілгені айтылған. «Сайлау кезінде жай-жапсары көрсетілмеген үгіт материалдарын дайындап таратуға тыйым салынғанына қарамастан, президенттіктен үміткер Жармахан Тұяқбайдың жақтастары сайлау заңнамасындағы аталмыш талаптарды көзге ілмей отыр», делінген прокуратура хабарламасында.

Алайда, осы оқиғаның кейбір куәгерлері болған жайтты басқаша суреттейді.

«Біз оқиға орнына келе жатқанымызда, Рысқұлов көшесінен өткеннен кейін Шаңырақ елді-мекеніне қарай полиция қызметкерлерінің көліктері қаптап тұрғанын көрдік. Ал үйді қоршап алған полиция қызметкерлерінің саны шамамен 100-ден асады. Оқиға орнына жеткенімізде бізді де қолымызды қайырып алып кетті. Мен өзім осы Қазақстаннан тыс бірталай жерлерде болған адаммын, бірақ дәл мұндай сорақылықтарды көрмеген екенмін», дейді оқиғаның куәгері журналист Марат Уатқан.
XS
SM
MD
LG