Accessibility links

Пәкістандағы жерсілкінісінен зардап шеккендер әлі көмек күтуде

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Кашмир аймағы және Пәкістанның солтүстігінде болған жер сілкінісінен кейін арада үш-төрт күн өтті. Рихтер өлшемі бойынша күші 7,6 балға жеткен бұл табиғат апатынан зардап шеккендер әлі күнге көмек күтуде. Әсіресе алыс, таулы аудандарға көмек жеткізудің қиын екендігін ресми өкілдер мойындап отыр. Бірнеше миллиондаған долларға бағаланатын көмек түрлері халықаралық қауымдастықтан келуде. Оның ішінде Үндістан көмегі де бар.

Пәкістанның жер сілкінісінен қатты зардап шеккен аймақтарындағы құтқару шараларына ауа райының күрт бұзылуы мен жауын-шашын едәуір кедергі келтіріп тұр. Пәкістандағы ағылшын тілінде шығатын Дауын атты газет редакторы Зиауддин Азаттық радиосына сейсенбі күні берген сұхбатында жағдайды былайша сипаттаған болатын.

“Кашмирге баратын жолдар әлі ашылған жоқ. Кейбір шағын да тар жолдар аршылған. Алайда мұндағы биік тау жолдарымен азық-түлік және басқа да қажетті заттарды тасымалдау мүмкін емес. Тікұшақтар әлі тапшы болып тұр. Сондай-ақ аман қалғандарды құтқару жұмыстары әлі сол тікұшақтар арқылы атқарылуда”, - деді Зиауддин мырза.

Осы Дауын басылымының бір тілшісі Музафарабадтан дүйсенбі күні жолдаған хабарында жағдай әлі күрделі күйінде қалып тұр, деген болатын. Бұл қала- Пәкістанның қарамағындағы Кашмир аймағының орталығы. Мыңдаған адамдар қираған ғимараттар астында қалған. Аман қалғандар ешқандай азық-түліксіз, ашық аспан астында қалып отыр. Хабарларға қарағанда, сейсенбі күні жағдай сәл де болса түзеле бастаса керек.

Ресми емес деректерге қарағанда қаза болғандар саны 40 мыңнан асып кеткен. Ал, Пәкістан өкімет басшысы Шауқат Азиздің кеңсесі болса Пәкістан мен бұл ел бақылауындағы Кашмир бөлігінде қаза болғандар саны 22.488 адам деп отыр. Кашмирдің Үндістан жағына қарайтын бөлігінде қаза болғандар саны 1100-ге жеткен екен.

Миллиардаған долларға бағаланатын көмектер халықаралық қауымдастықтан келіп жатыр. Пәкістан тарапы көршілес Үндістаннан жіберілген 25 тонналық көмек жүгін қабыл алған. Оның ішінде шатырлар, көрпелер және дәрі-дәрмектер бар. Сондай-ақ ресми Исламабад осы жолғы жер сілкінісінен зардап шеккен Үндістанның Гужарат аймағына өз көмек жүктерін жіберген екен.

Азаттық радиосына сұхбат берген Нью-Делидегі “Жейнс Дефенс уикли” атты британиялық қорғаныс саласы басылымының тілшісі Рахул Беди мынандай бір тосын жағдайды айтып отыр. Жер сілкінісінен айрықша зардап шеккен таулы аймақтағы ауылдарға Үндістан жағынан жету оңайырақ көрінеді. Сонда талай адамның өмірі сақталып қалуы мүмкін екен. Алайда Үндістан тарапынан ұсынылған көмек қолын Пәкістан жағындағы Кашмир тарапы қабыл алмаса керек.

Британиялық басылымның осы тілшісінің аталған телефон сұхбатына сүйене отырып, Азаттық радиосының жаңалықтар бөлімінің тілшісі Жереми Бранстн Оңтүстік Азияда жер сілкінісінен кейінгі дипломатия пайда болмады, деген түйін жасап отыр. Нью-Дели ұсынған тікұшақтар мен құтқару тобының көмегі кері қайтарылды, дейді тілші. 1999-шы жылғы жерсілкінісінен кейін Греция мен Түркия арасында туындаған дипломатия бұл жерде көрініс бермеді, дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Бранстн. Өзге елдерден ресми Исламабад әуе күштері көмегін одан әрі сұрауда.
XS
SM
MD
LG