Accessibility links

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы сайлау штабының жетекшісі Төлен Тоқтасынов 8-қазан күнгі шеруді ұйымдастырды деп айыпталып отыр


Сәрсенбі күні кешкісін «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының сайлау алды штап пәтерінен үйіне қайтып бара жатқанда сайлау штабының жетекшісі Төлен Тоқтасыновты жиырма шақты полиция қызметкерлері ұстап алып, машинаға салып әкеткен. Сол күні кешкісін сағат тоғыздар шамасында Алматы қаласы экономикалық соты Толен Тоқтасыновқа 8-қазан күнгі заңсыз ұйымдастырылған шеруді ұйымдастырушылардың бірі болған деп айып тағып, 50 мың теңге көлемінде айыппұл салған. 12-қазан күні кешкісін Төлен Мұхаммедияұлы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райспен кездесу үшін Астанаға ұшпақшы болған екен.

Өткен сәрсенбі күні ұстап әкеткен Төлен Тоқтасыновқа сот үкімі түнгі сағат тоғыздан аса шыққан. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының баспасөз хатшысы Әміржан Қосановтың айтуынша, Төлен Тоқтасыновқа 8-қазан күні Алматының орталық алаңында заңсыз шеру өткізді деп айып таққан:

- Сот отырысы бітті. Төлен Тоқтасыновқа әкімшілік кодексінің 373 бабының 1-тармағы бойынша, рұқсат етілмеген шеруді ұйымдастырушы ретінде айыпты деп танып, 50 мың теңге айыппұл салып отыр, - дейді Әміржан Қосанов.

Әміржан Қосанов «Төлен Тоқтасыновқа қолдау білдірген адамдардың бірде-біреуін сот отырысына жіберген жоқ. Есесіне үкім шығар кезде, аяқ астынан «Хабар» агенттігінің тілшілері келіп сот отырысын жазып алып кетті», - дейді. Ал Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталова Алматыдағы орталық алаңда өткізген кездесуді өзінің ұйымдастырғанын айтады:

- Сол күні барлық тәуелсіз газеттерге «сағат 11-ден 12-ге дейін сенатор Зәуреш Батталовамен кездесу болады, Мен алматылық тұрғындармен кездесу өткізем» деп алдын ала хабарлама берген едім, сол кездесу 8-қазан күні өтті. Ол Ғалымжан Жақияновтың бостандығы жөнінде және барлық тәуелсіз ақпарат құралдарының тұншықтырылып отырғаны жөнінде еді. Бұл кездесуді өткізуге сенатордың ешкімнен рұқсат алуының керегі жоқ. Алты жылдың ішінде мен сенатор ретінде ешкімнен рұқсат сұраған жоқпын, - дейді сенатор.

Зәуреш Батталованың айтуынша, одан осы уақытқа дейін ешбір полиция өкілдері келіп, кездесу жайында сұрау алмаған. Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы сайлау штабының жетекшісі Төлен Тоқтасынов АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондализа Райспен кездесу үшін қазанның 12-күні кешкісін Астанаға ұшпақ болған екен. Сенатор бұл кездесуді болдырмау үшін биліктің әдейі істеп отырған шарасы деп біледі. Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Бекен Нұғыманов тәуелсіз журналист Қазиз Тоғызбаевты да полиция қызметкерлері ұстап, оны бес тәулікке қамауға алғанын айтады. Ал Тоғызбаев полиция қызметкерлері алып кетіп бара жатқанда аштық жариялайтынын айтып қалған.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының баспасөз хатшысы Әміржан Қосанов бұл оқиғаларға өзіміздің саяси бағамызды береміз деп отыр.
XS
SM
MD
LG