Accessibility links

Human Rights Watch ұйымы Қазақстан басшылығына үндеу жасады

  • Гүлмира ХАМЗА

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа республика заңнамалары халықаралық стандартқа сай болса, деп ұсыныс жасады. Қазақстандық саясаткерлердің бір бөлігі республика президенті бұл ұсынысқа құлақ асады десе, екіншілері бұған керісінше пікір білдіріп отыр. Бірақ ресми Астананы ашық сынайтын саясаткерлердің ойынша, мұндай ұсыныстан кейін Қазақстанның сайлау алдындағы және 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеміз, деген жоспарына тосқауыл қойлады.

Қазанның 14 күні ресми Астана өкілдері халықаралық Human Rights Watch ұйымының президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жасаған ұсынысынан бейхабар болып шықты. Негізінен, халықаралық ұйым өз ұсынысын екі күн бұрын жасаған. Бұл ұсыныста Human Rights Watch ұйымының өкілдері Қазақстан билігі оппозицияны құдаламаса, барлық үкіметтік емес ұйымдарға жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе, бейбіт шеру және митинг ұйымдастыруға бөгет жасалмаса, деген ұсыныс жасаған. Алайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мұндай ұсыныстан бейхабар екенін жеткізді. Министрліктің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібайдың айтуынша, Human Rights Watch ұйымы көтеріп отырған мәселеге байланысты Қазақстан президенті бейсенбі күні американдық журналисттің сұрағына жауап беру барысында, өз пікірін білдіріп үлгерді.

- Екекінің мағынасы бір ғой, сол себептен бұл осы сұрақтың жауабы, деп қабылдауға болады, - дейді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібай.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан президентіне жасаған ұсынысын бұқаралық ақпарат құралдарына таратып отырған “Әділетті Қазақстан” қозғалысының белсендісі Әміржан Қосановтың айтуынша, бұл мәлімдеменің ерекшелігі көп.

- Бұл мәлімдеменің бірінші ерекшелігі – жария түрде Қазақстанда орын алып жатқан демократия, адам құқығына байланысты, сөз бостандығы мәселесіне байланысты нақты дерек негізінде айтып отыр. Екіншіден, Human Rights Watch ұйымы үлкен беделді мекеме болғандықтан бұл ұйыммен түрлі халықаралық ұйымдар мен АҚШ конгрессі санасып отырады. Сол себептен бұл тек Н. Назарбаевқа жазылған хат емес, бұл күллі әлемге жасалған белгі.

Әміржан Қосановтың ойынша, халықаралық Human Rights Watch ұйымы мұндай ұсыныс жасағанымен Қазақстан президенті бұл ұсынысқа құлақ аспайды. Ал Қазақстан парламентінің депутаты, президенттік ”Отан” партиясының мүшесі Серік Әбдірахмановтың бұл ойға керісінше пікір білдіреді.

- Президент халықтың көңілін көріп тұр. Ол кісі тәжірибелі саясаткер, сол себептен ол кісі өтірік процент жинап, белсенділік танытпайды. Әрине, жұмыс барасында кедергі жасайтындарда бар, сол себептен сөз бостандығы керек.

Бұдан бір күн бұрын республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райспен болған кездесуден кейін былай деген болатын.

- Мен, Орталық сайлау комиссиясының барлық саяси күштер мен саяси партиялар насихат жұмыстарын заң бойынша жүргізу керек деген мәлімдемесін қолдаймын. Бұл барлығына, оппозицияға да, оларға қарсы жаққа да қатысты жәйт. Сол себептен заңды бұзған жағдайда полиция сақшыларының әрекеті бостандыққа жасалған шабуыл ретінде бағаланбауы керек.

Заң бойынша Қазақстанда сайлау нәтижелерінің ресми қортындысы шықпай, митинг, наразылық шеруін ұйымдастыруға болмайды. Human Rights Watch ұйымы өз ұсынысында бейбіт шеруін ұйымдастыруға мүмкіндік берілсін делінген. Алайда “Отан” партиясының мүшесі, парламент депутаты Нұртай Сәбилянов бұл заңды өзгертуге болмайды деген ойда.

- Бұл заң қабылданды, сол себептен бұл заңды қайта қараудың негізі жоқ. Себебі біздің қоғам қазіргі кезде даму үстінде. Азаматтардың тұрмыс-тіршілігі әлі жоғарғы деңгейде емес. Сол себептен митингке халықты ақша төлеп шығаруға да болады. Осы тұрғыдан алғанда бұл дұрыс қабылданған заң.

Қазақстанда президенттік сайлау жақындаған сайын оппозициялық күштер қысым көріп отырғанын “Әділетті Қазақстан” қозғалысының белсенді мүшесі Серікболсын Әбділдин де айтып отыр. Оған қарапайым мысал ретінде коммунистер серкесі ресми Астананың Төлен Тоқтасыновтың Кондолиза Райспен болатын кездесуге баруына кедергі жасап, оны соттағанын келтіріп отыр.

Қалай болғанымен оппозиция өкілдерінің ойынша, ресми Астана Human Rights Watch ұйымының ұсынысына құлақ аспайды, бірақ бұл ұсыныс республиканың беделін айтарлықтай түсіреді.
XS
SM
MD
LG