Accessibility links

Орталық Азиядағы интернет-сайттарға қойылатын тосқауылдар көп


Еуропадағы Ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымының Орталық Азиядағы бұқаралық ақпарат құралдарына арнап өткізген жетінші конференциясының, 14 қазандағы екінші күнінде осы елдердегі интернет басылымдардың мәселесі талқыланды. Конференция жұмысына қатысушылардың айтуынша, Орталық Азия елдерінде интернет-басылымдардың дүниеге келуі осы елдерде тұратын азаматтардың ресми басылымдарда айтылмайтын ақпаратты алуына мүмкіншілік туғызған. Дегенмен интернет-басылымдардың кеңінен дамуына қойылып жатқан тосқауылдар да аз емес екен.

Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымының Еуразия бағдарламасы жөніндегі аймақтық менеджері Колин Гардың айтуынша, Қазақстан мемлекетінде оппозициялық бағыттағы интернет-сайттардың ашылуына тосқауылдар көп қойылады. Өз сөздеріне дәлел ретінде Колин Гард мырза Қазақстанда Еуразия сайтының ашылмайтындығын мысалға келтірді.

Тәжікістаннан келген тәуелсіз журналист Турко Дикаевтың айтуынша, сыртқы қарыздың көптігіне байланысты өз елінің басшылары кей жағдайда демократиялық ойын жасап, бірқатар тәуелсіз интернет-басылымдардың шығуына рұқсат береді.

Өзбекстаннан келген “Трибуна уз инфо” интернет-басылымының бас редакторы Ало Ходжаев болса, Әндіжандағы орын алған оқиғадан кейін өз мемлекетінде тәуелсіз интернет-басылымдар азая бастағандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ Ало Ходжаев өз сөзінде интернет-басылымдарда жұмыс істейтін тәуелсіз журналистердің Батысқа қызмет етіп жатыр деген желеумен қудалауға ұшырайтындығына да тоқталды.

Қазақстандағы “Навигатор” интернет-басылымының бас редакторы Юрий Мизиновтың айтуынша, республикада тәуелсіз интернет-басылымдарды жабу үшін азаматтық шағым, қылмыстық іс қозғау, тіпті күш қолдану секілді түрлі тәсілдер іске қосылады. Осы сөздеріне дәлел ретінде Юрий Мизинов Президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің “Навигаторды” сотқа бергендігін, интернет-басылымға қарсы түрлі қылмыстық істердің қозғалғандығын, тіпті аталмыш басылымда жұмыс істеген талантты журналист Асхат Шәріпжановтың жұмбақ жағдайда қаза тапқандығын мысалға келтірді. Сондай-ақ Юрий Мизинов өз сөзінде таяуда ғана Алматы қаласындағы аудандық соттың шешімімен интернет басылымның “Нави.кz” атты домендік атын алып қойғандығынан да хабардар етті.

Біз осы мәселеге байланысты Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі Ардақ Досжанға сауал қойғанымызда, ол Қазақстанда интернет-басылымдардың ашылуына тосқауыл қойылғандығы туралы мәліметтердің өзінде жоқ екендігін айтты. Ал, “Навигатор” газетіне байланысты жағдайды вице-министр Ардақ Досжан бұл басылымның серверінің Қазақстанда жоқ екендігімен түсіндірді. Конференция жұмысына қатысқан сенатор Қуаныш Сұлтанов болса Қазақстанда интернет-сайттарға тосқауыл қойылып жатыр деген пікірмен келіспейді екен. Қуаныш Сұлтанов өзінің кез-келген уақытта қалағын интернет-сайтын аша алатындығын әңгімелеп берді.

Әлеуматтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстанда бір милионнан астам адам интернет қызметін пайдаланады екен. Алайда кейбір сарапшылар, осыған қарамастан тәуелсіз интернет-басылымдар санының аса көбеймегендігін айтып отыр.
XS
SM
MD
LG