Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.12.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдар Қазақстанда бензин бағасының күрт көтеріліп кеткендігіне баса назар аударыпты. Ресми мәліметтерге жүгінсек, дүйсенбі күні Шымкенттің кейбір жерлерінде 1 литр бензиннің бағасы 200 теңгеге шейін көтерілген. Сарапшылар болса Қазақстандағы бензин бағасының қымбаттауын әлемдегі болып жатқан жағдайлармен байланыстырып отыр.

«Казахстанская правда» газетінің 12 қазан күнгі санында жарық көрген Вадим Васильченконың мақаласында Астана қаласындағы жанар-жағар май құю бекеттерінде бензин бағасының 75 теңгеге шейін көтеріліп кеткендігі баяндалыпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, “Катрин” дауылы, Америка Құрама Штатындағы энергетикалық дағдарыс, Еуропа, кейіннен Украина, Ресей және Қытайда жанар-жағар май бағасының шарықтап кетуі, Қазақстан мемлекетіне де өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Мақала авторының айтуынша, дүйсенбі күні Шымкенттің кейбір жерлерінде 1 литр бензиннің бағасы 200 теңгеге шейін көтерілген. Сондай-ақ автор өз мақаласында бензин бағасының көтерілуінің инфляцияның да белең алуына ықпалын тигізіп, өндіріс және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттап жатқандығына тоқталыпты.

“Мегаполис” апталығында жарық көрген Сергей Туниктің мақаласында Шымкенттің жанар-жағар май құю бекеттерінің үштен бірінде бензин жоқ екендігі айтылыпты. Мақала авторының талдауына жүгінсек, бензин бағасының бақылаусыз қалуы мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне де өз әсерін тигізеді екен. Мақалада сондай-ақ энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің “31” телеарнаға берген сұхбатында Еуропада 1 литр бензиннің 1,5 еуро, Америка Құрама Штатында 3 доллар тұратындығын айтып, үкіметтің Қазақстанда да бензин бағасының осындай деңгегейге көтерілмесі үшін қолдан келетін іс-шараның бәрін жасап жатқандығы туралы айтқан сөздері мысалға келтіріліпті. Сондай-ақ Владимир Школьник мырза автокөлік жүргізушілерге кішкентай “Тойата” мен “Запарожецқа” отырыңыздар деп кеңес беріпті.

«Заң» газетінде жарық көрген Қуандық Оразбекұлының мақаласында Шымкентте бензин бағасының қатты қымбаттап кетуіне байланысты түрлі жорамалдардың бар екендігі баяндалыпты. Бірінші жорамал бойынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытында соңғы кездері қытайлар көбейіп кеткендіктен. елдің арасында жанармай күншығыс еліне кетіп жатыр деген де сөз бар. Мақала авторы мысалға келтірген екінші жорамал бойынша Шымкенттегі бензин дағдарысын халықтың наразылығын туғызу үшін әлдекімдер қолдан жасап жатыр.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген Ирина Глушконың мақаласында Шымкенттегі жанар-жағар май құю бекеті қауымдастығының билік орындарынан бензин дағдарысын шешу үшін шұғыл шара қолдануды талап етіп отырғандығы хабарланыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, осыған байланысты олар Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиевтің атына мәлімдеме жасапты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, ірі мұнай өңдейтін өндірісі бар бұл аймақта бұрын-соңды мұндай дағдарыс болып көрмеген. Шымкенттегі жанар-жағар май құю бекеті қауымдастығының өкілдері бензин дағдарысын мұнай өндірісі заттарын шет елге шығаруды азайтқанда ғана шешуге болады деп есептейді.

“Литер” басылымында энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник сөйлерден бір күн бұрын, мәжілістің Жаңа жылға шейін дизельдік отын мен бензинді шетке шығармау туралы шешім қабылдағандығы хабарланыпты. Сарапшылар болса Қазақстандағы бензин бағасының қымбаттауын әлемдегі болып жатқан жағдайлармен байланыстырып отыр.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген мақалада жанар-жағар май құю бекеті қызметкерлерінің күніне бірнеше рет бағаны өзгертіп жатқандығы баяндалыпты. Ал, “Петро Қазақстан” компаниясының өкілдері болса, ішкі рыноққа беретін жанар-жағар май көлемінің азайтылмағандығын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG