Accessibility links

Баспасөзге шолу 10.13.2005 жыл


Бейсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда Қазақстанға ат басын тіреген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райстың ресми сапарына байланысты сараптамалық мақалалар жарияланыпты. Қазақстандық сарапшылар, Кондализа Райстың Орталық Азияға жасаған сапарын, Вашингтонның осы аймақтарды уысынан шығарып алмауға тырысып жатқан саясатымен байланыстырыпты. Ал, кейбір тәуелсіз басылымдарда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райспен кездесуге жиналып жатқан жерінен Президенттікке үміткер Жармахан Тұяқбайды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың жетекшісі Төлен Тоқтасыновты 12 қазан күні кешкісін қаруланған полицияның арнайы жасағының алып кеткендігіне байланысты түрлі жорамалдар жасалыныпты.

“Түркістан” басылымының бейсенбі күнгі санында жарық көрген Нәзия Жоямергенқызының мақаласында Қазақстанға ат басын тіреген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райстың ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескендігі хабарланыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс екі күнге созылатын ресми сапары барысында бірқатар қазақстандық шенеуніктермен және студенттер қауымымен кездеспекші. Автор өз мақаласында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райстың орталықазияға жасаған сапарын, Вашингтонның осы аймақтарды уысынан шығарып алмауға тырысып жатқан саясатымен байланыстырыпты. Сондай-ақ мақалада бұрын КСРО құрамында болған елдердегі демократияны гүлдендіру, адам құқығының аяққа тапталмауы, әділ де ашық сайлаулар өткізу туралы жиі сөз қозғайтын Буш әкімшілігінің посткеңестік кеңістікте демократияның кеңінен қанат жаюы үшін 565 миллион АҚШ долларын беруге дайын отырғандығы айтылыпты. Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, америкалық шенеуніктердің Орталық Азия елдеріне келе беруінің астарында кезінде КСРО құрамына енген, қазір мұнай мен газдың мол қорына иелік етуші елдерді қасынан ұзартпауға тырысқан әрекеті жатыр.

“Айқын” басылымында жарық көрген Берік Бейсенұлының мақаласында АҚШ-тың сыртқы саяси ведомствосының басшысы Кондализа Райстың ресми Астанаға келуінен қандай да бір саяси астар іздеудің қажеті жоқ деген түйін жасалыныпты. Мақалада мысалға келтірілген саясаттанушы Ерлан Қариннің пікірінше қазір Өзбекстан АҚШ-тың старатегиялық әріптесі болмағандықтан, бұл өз кезегінде ресми Астанаға жағымды саяси ұпай береді.

“Жас Алаш” газетінің бейсенбі күнгі санында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райспен кездесуге жиналып жатқан жерінен Президенттікке үміткер Жармахан Тұяқбайды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың жетекшісі Төлен Тоқтасыновты 12 қазан күні кешкісін қаруланған полицияның арнайы жасағының алып кеткендігі туралы “Әділетті Қазақстан” қозғалысы баспасөз қызметінің ақпараты жарияланыпты. Мақала авторы Төлен Тоқтасыновтың ұсталуын, оның 13 қазан күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондализа Райспен кездесуіне билік орындарының кедергі жасағысы келген әрекетімен байланыстырыпты.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында жарық көрген бас мақалада АҚШ-тың мемлекеттік хатшысымен кездесуге жиналып жатқанда қолын қайырып ұстап әкеткен Төлен Тоқтасыновты полиция қызметкерлерінің Алматы қаласындағы ауданаралық әкімшілік сотқа жеткізгендігі баяндалыпты. Мақалада айтылған оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, сотқа жеткізілгеннен кейін Төлен Тоқтасынов баспасөз өкілдерін жіберуді сұраған. Алайда сот Төлен Тоқтасыновтың бұл талабын қанағаттандырмай тастаған. Мақала авторының айтуынша, Төлен Тоқтасыновқа 8 қазан күні Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ Университетінің алдында өткен шеруді ұйымдастырды деген айып тағылып отыр. Сот Төлен Тоқтасыновқа 50 мың теңге айыппұл салу туралы шешім шығарып, үкім оқылған кезде, “Хабар” телекомпаниясының журналистеріне ғана қатысуға рұқсат берілген.

“Литер” басылымында жарық көрген сараптамалық мақалада АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райспен кездесуге бара жатқанда оппозиция өкілі Төлен Тоқтасыновтың ұсталғандығына орай, мұны президентті аяқтан шалғысы келгендер қасақана ұйымдастырып отыр деген жорамал жасалыныпты. Осы оқиғаға орай автор өз мақаласында АҚШ-тың сыртқы ведомствосының басшысы келе жатқанда Төлен Тоқтасыновты ұстаудың ешқандай да қисыны жоқ екендігін айтып, қазіргі уақытта атқарушы билік пен оппозицияны теке-тірестіру арқылы саяси ұпай жинағысы келетін күштің болуы мүмкін екендігі туралы болжам айтыпты.
XS
SM
MD
LG