Accessibility links

Рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін саясаткер Әміржан Қосановқа 9600 теңге айыппұл салынды

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Жұма күні Алматы қалалық әкімшілік сотында «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі, саясаткер Әміржан Қосановқа қазан айының 8-күні сенатор Зәуреш Батталовамен болған рұхсат етілмеген митингіге белсене қатысқаны үшін тағылған айып бойынша сот процесі өтті.

Алматы қалалық әкімшілік сотында судья Жақсыбаев жүргізген сот алдымен саясаткер Әміржан Қосановқа байланысты өрбіді. Жиырма минуттық үзіліс кезінде Әміржан Қосанов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында бұл соттың саяси реңкі бар деп санайтынын айтты. Оның ойынша, өзіне қойылып отырған айып негізсіз. 8 қазандағы жиынға тек қана өзінің сенатор Зәуреш Батталовамен кездесуге барғанын айтады. Алайда, айыптаушы тараптың саясаткерге рұқсат етілмеген митингіге қатыстың және онда белсенділік танытып, саяси ұрандар айттың деген айып тағып отырғаны орынсыз дейді ол.

Осы сот процесіне куәгер ретінде шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты Зәуреш Батталова бұл шағыммен өзінің келісе алмайтындығын айтады. Аталған жиын жөнінде айып тақса, маған айып тағуы керек еді дейді. Сондай-ақ сот процесіне әріптестерін қолдау үшін келген «Әділетті Қазақстан» қозғалысының мүшесі,саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы бұл биліктің өз оппоненттерін қорқытпақ сыңайы ғана дейді.

Ал бұл сот процесі аяқталған соң екінші бір «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Болат Әбілевке қатысты сот процесі басталуы керек болатын. Алайда Әміржан Қосановқа қатысты сот отырысы ұзаққа созылып, Болат Әбілевке және де Ораз Жандосовқа, Гүлжан Ерғалиеваға қатысты аталған айыптаулар бойынша сот процесі келесі аптаға қалдырылды.

Осы материал әуеге дайындалып жатқан кезде Алматы қалалық әкімшілік соты «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі, саясаткер Әміржан Қосановты айыпты деп тауып, оған 9600 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарғаны белгілі болды.
XS
SM
MD
LG