Accessibility links

Биліктегі кадрлық өзгерістердің себебі не?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың апта соңында билікте кадрлық өзгерістер жасап, Ішкі Істер Министрі қызметіне Бауыржан Мұхамеджановты, ал Зауытбек Тұрысбековты мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктің төрағасы қызметіне тағайындауы қоғамда түрлі пікір туғызды. Сарапшылардың арасында биліктегі мұндай кадрлық өзгерісті алдағы келе жатқан президент сайлауымен де, Ішкі Істер Министрі болған Зауытбек Тұрысбековтың өз қызметін атқара алмағандығымен де байланыстырып жатқандар бар. Соңғы уақыттары бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде Ішкі Істер Министрі қызметін атқарған Зауытбек Тұрысбековтың атына көптеген сындардың айтылып келгендігі белгілі. Әсіресе, Зауытбек Тұрысбековтың Грузия мен Украинадағы түрлі-түсті төңкерістер Қазақстанда қайталанбауы үшін Ішкі істер министрлігіне қосымша қару-жарақ сұрап премьер-министр Даниял Ахметовке жазған хаты қоғамда үлкен дүрлігіс туғызған еді.

Билікте болған соңғы өзгерістерге орай «Азаттық» радиосына өз пікірін білдірген саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, Зауытбек Тұрысбеков заң орындарының қызметкерлерін саяси оппозицияға қарсы айдап салғаннан басқа ештеңе бітіре алған жоқ. Өз сөзінде Алтынбек Сәрсенбайұлы Шымкенттегі, Өскемендегі оппозиция басшыларына жасалған қастандық әрекеттерінен кейін, Зауытбек Тұрысбековтың бірден қызметтен кетуі керек екендігін тілге тиек етті. Саясаткер Дос Көшім болса, биліктегі бұл кадрлық өзгерістің мәнісін аса түсінбепті. Оның айтуынша, мұндай орын ауыстырулардан ешқандай да өзгеріс бола қоймайды.

«Ақ орда» талдау орталығының басшысы Айдос Сарым соңғы уақыттары құқық қорғау орындарының тым шектен шығып кеткендігіне тоқталып, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс келе жатқан кезде оппозиция өкілдерінің бірі Төлен Тоқтасыновтың ұсталуының осы соңғы кадрлық өзгерістерге ықпалы болуы мүмкін екендігі туралы ойын білдірді.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев Ішкі Істер Министрі болған Зауытбек Тұрысбековтың басқа қызметке ауыстырылуын, соңғы уақыттарда дау-дамай туғызған оқиғалармен байланыстырып отыр.

«Келе жатқан сайлаудың алдында Ішкі Істер Министрлігі қалыптасқан ахуалды қадағалай алмағандықтан президент осындай өзгеріс жасауға мәжбүр болған сыңайлы. Өйткені, қазіргі уақытта Президентке абырой әпермейтін көптеген дау-дамайлар туындай бастады. Атап айтқанда, құқық қорғау орындарының таяуда Алматы қаласында өткен шеруді басу үшін күш қолдануы билікке ұпай әперген жоқ, қайта керісінше, оның беделін түсірді», - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Алайда, Д.Сәтпаевтың пікірінше, Ішкі Істер министрі қызметіне тағайындалған Бауыржан Мұхаметжановты биліктегі күшті тұлғалардың қатарына жатқызуға болмайды. Сол себептен де ол Бауыржан Мұхаметжановтың бұл қызметте ұзақ отыра алатындығына сенімсіздікпен қарайды.
XS
SM
MD
LG