Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.18.2005 жыл

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазанның 18 күні жарық көрген мерзімді басылымдарда Қазақстан үкіметі мен президент әкімшілігінде орын алған соңғы өзгертулер туралы және оппозициядан президенттікке үміткер Жармахан Тұяқбайдың ресми тіркеуден өткені туралы жазылыпты. Сонымен қатар сейсенбі күнгі баспасөзде үш жасар Нари Ермұханова есімді қыздың Бейбітшілік елшісі болатыны туралы айтылған екен.

Қазанның 18 күні жарық көрген санында “Айқын” газетінде жарияланған «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қазақтарды мылқау дей ме?» деген мақала аталмыш халықаралық ұйымнң Қазақстанның іс-қағазды мемлекеттік тілінде жүргіземіз деген жоспарына алаңдаушылық білдіргеніне арналыпты. «ЕҚЫҰ-ның азшылық ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Рольф Экеустің сөзін ыждаһатты тыңдасаңыз, ЕҚЫҰ-ның кеуделі ұйымның тізгінін 2009 жылы қолға алуға шындап кіріскен Қазақстанның осы бағыттағы қарым-қарқыны сол ұйым билігіндегі біздің елге “ниеті теріс” жандарды енді мықтап ойланта бастағанын, сөйтіп, “сыныққа сылтау” іздеуге итермелеп жатқандығын сезінесіз», деп жазған өз мақаласында автор Айхан Шәріп. «Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаевпен жүздескен Жоғарғы Комиссардың сәлем-сауқатын аяқтамай жатып-ақ, шындыққа еш жанаспайтын жалған дерек, қанқу сөздерді “қару” қып, жас мемлекетіміздің ең сыздап тұрған “жаралы жеріне” соққы жасауын ақылмен түсіну қиын», деп жалғастырады Айхан Шәріп.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым өкілінің іс-қағаздардың қазақ тіліне көшірілуіне байланысты айтқан пікірін “Экспресс К” газеті де жариялаған. Басылымның хабарлауынша, ЕҚЫҰ-ның азшылық ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Рольф Экеус бұл мәселеге байланысты ескертулер әзірлегенін хабарлаған. Енді бұл ескертулерді талқылау үшін және халықаралық тәжірибемен бөлісу мақсатында арнайы семинар ұйымдастыру жөнінде ұсыныс жасаған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым өкілі Рольф Экеус Қазақстан парламенті мәжілісінің азаматтық және саяси құқық жөніндегі халықаралық фактіні бекіткеніне риза болған. Болашақта бұл құжат сенатта талқыланатын болады.

“Егемен Қазақстан” басылымы сейсенбі күні жарық көрген санында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджерді қабылдағаны туралы жазған. Генри Киссинджер Американың Ридчард Никсон атындағы орталығы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты “Жыл адамы” деп танығанын, ал ол атақ келер жылдың қаңтар айында ресми түрде таныстырылатынын жеткізу үшін келген. Американдық саясаткердің Қазақстан президентімен кездескені туралы “Казахстанская правда” газеті де қазанның 18 күні жариялап отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесу өте қызық әрі пайдалы болды, деген журналисттерге берген сұхбатында Генри Киссинджер. «Американың жоғары лауазымды тұлғалары Қазақстанға соңғы уақыттары жиі келетін болып жүр, бұл өз кезегінде АҚШ билігінің біздің мемлекетпен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын арттырғысы келіп отырғанын көрсетіп отыр», деп жазады “Казахстанская правда” газеті.

Генри Киссинджермен кездескен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігі мен Қазақстан үкіметінде орын алған соңғы өзгертулер туралы “Жас Алаш” газеті жазып отыр. Өткен аптада елді елең еткізер басты екі оқиға болды. Біріншісі, Орталық сайлау комиссиясы “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының жетекшісі, біріккен демократиялық күштерден республика президенттігіне бірегей кандидат Жармахан Тұяқбайды үміткер ретінде ресми тіркеді. Екінші жаңалық, Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков орнынан кетіп, оның орнына Бауыржан Мұхамеджанов келді. Тұяқбайдың тіркелуі демократиялық күштердің үлкен жеңісінің бірі деп есептеуге әбден болады. Әрине, бұған АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райстың Қазақстанға келіп-кетуі де белгілі бір дәрежеде ықпал еткендей. Кондолиза Райс президенттік сайлаудың әділ өтуі тиіс екенін қадап тұрып айтқан-ды. Шындығында, билік басындағылар айта беретіндей, бұл азулы АҚШ әкімшілігінің Қазақстан секілді әлжуаз елге жасаған әлімжеттігі емес, АҚШ пен Қазақстан қол қойған Демократиялық хартия шеңберінде жүзеге асуға тиіс бір мәселе ғана, деп жазады “Жас Алаш” басылымы. Ал Ішкі істер министрлігіндегі ауыс-түйіске тоқталсақ, оның да алдағы сайлаумен байланысты шара екені даусыз. Байқасаңыз біздегі жоғарғы жақтағы ауыс-түйістің мазмұны мен мәні қоғамға ешқашан да ашық жарияланып көрген емес. Себебі түсіндірілмейді де, айтылмайды да. Бұл жөнінде тек болжам жасауға болады, дей келе “Жас Алаш” басылымының тілшісі екі болжамды оқырманның назарына ұсынады. Бірінші болжам – оның қарулану саясатына қатысты. Естеріңізде болса тәуелсіз баспасөз беттерінде ішкі істер министрлігінің шерулер мен толқуларды басуға арналған қару-жарақтарды жапа-тармағай сатып алып жатқаны туралы ақпарат жариялаған. Бұл жөнінде халықаралық қауымдастық та құлағдар болып үлгергендіктен Зауытбек Тұрысбековтың кетіруі мүмкін. Екінші болжам бойынша, бұл Кондолиза Райстың біздің елге сапарынан бір күн бұрын орын алған жәйт әсер етіп отыр. Дәлірек айтқанда, Кондолиза Райспен кездесуге бара жатқан Төлен Тоқтасыновтың тұтқындалуы себеп болуы ықтимал, деп жазады “Жас Алаш” газеті қазанның 18-күні жарық көрген санында.

Нари Ермұханова есімді үш жасар қыз Бейбітшілік елшісі болатыны туралы “Экспресс К” жазып отыр. Мұндай шешімді Наридың ата-анасымен Қазақстанның қоғамдық ұйымдары қабылдаған. Осы мақсатта олар Қазақстан мен Оңтүстік Корея президенттеріне үндеу жариялауды көздеп отыр. 2002 жылы дүниеге келген Нариға әкесі корей халқының қыздары арасында кездесетін есімді берген. Себебі, Нари туғанда Оңтүстік Корея мемлекетінің футболистері әлем чемпионатында жақсы ойнап, өздерін көрсете білген. Соңынан Наридің әкесі Манарбек Ермұханов Қазақстандағы корей қауымдастығына хабарласып, факс арқылы бірнеше корей әйелдерінің есімінің тізімін алған. Нари деген есімді қазақ тіліне аударғанда “пайдалы” деген мағына береді екен. Енді үш жасар Наридың әкесі қызының Бейбітшілік елшісі болғанын қалап отыр, деп жазады “Экспресс К” басылымы.
XS
SM
MD
LG