Accessibility links

Қазақстанға президент сайлауын бақылауға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдер тобы келді


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюросы Қазақстанда алдағы желтоқсан айының 4-і күні өтетін президент сайлауын бақылау үшін 13 халықаралық сарапшыдан тұратын негізгі өкілдер тобын жіберіп отыр.

Бұл туралы осы өкілдер тобын бастап келген елші Одри Гловер ханым сейсенбі күні Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде хабарлады.

«Біз ЕҚЫҰ-на мүше 55 мемлекеттің өздеріне алған міндеттемелеріне сәйкес сайлаудың қалай өтетініне бақылау жасап, өз бағамызды береміз. Сондықтан да сайлау әділ, ашық түрде сайлауға түсуші барлық үміткер кандидаттарға бірдей мүмкіндік берілетін демократиялық талаптарға сай жағдайда өтеді деген сенімдеміз», - деді ЕҚЫҰ-ның елшісі.

Оның айтуынша ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюросының бұл өкілдерінің негізін құрайтын халықаралық сарапшы мәртебесіндегі 13 адам Алматы мен Астана қаласындағы өкілдік кеңселерінде жұмыстарын жүргізеді.

Осы аптаның соңында Қазақстанға келетін ұзақ мерзімді бақылаушы мәртебесіне ие 30 адам Қазақстанның барлық облыс, аймақтарына жіберілмекші. Ал сайлау өтер алдында қысқа мерзімді бақылау жасау үшін ЕҚЫҰ-ның 400-ге жуық бақылаушылары Қазақстанға келіп сайлаудың қалай өтетіне бақылау жасайды.

ЕҚЫҰ елшісі Одри Гловер ханымның айтуынша ЕҚЫҰ-ның адам құқығы мен демократиялық институттар жөніндегі бюросының Қазақстандағы сайлауды бақылау үшін жіберілген өкілдігінде ЕҚЫҰ-на мүше 19 мемлекеттің өкілдері кіріп отыр.

«Олар алдағы күндері Қазақстанда сайлау процесі қалай жүріп жатқандығына талдау жасап, президенттіктен үміткерлерді тіркеу, олардың сайлау алды насихат жұмыстары қалай жүретіндігіне, сондай-ақ электрондық дауыс беру жүйесінің дайындығы секілді мәселелерді зерттеп көрмекші», - деді елші О.Гловер ханым.

Оның айтуынша ЕҚЫҰ-ның өкілдері сайлау аяқталған күннің ертеңінде өздерінің сайлау туралы алғашқы қортындылары мен бағаларын баспасөз мәслихатында жария етпекші. Ал сайлауға берілетін соңғы қортынды есеп сайлаудан кейін шамасы екі айдай уақыттан соң жария етіледі деді ол. Тағы бір атап өтер жайт, ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы орталығы мен ЕҚЫҰ-ның адам құқығы және демократиялық институттар жөніндегі бюросының өкілдері Қазақстандағы президент сайлауын әрқайсысы өз беттерінше бақылайтын көрінеді.
XS
SM
MD
LG