Accessibility links

Алматыда «Мәдени мұра» тақырыбына қатысты халықаралық ғылыми конференция өтті

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазанның 19-күні Алматыдағы Ғалымдар үйінде өткен халықаралық конференция тақырыбы «Қазақстанның мәдени мұрасы: жаңалықтары, мәселелері және болашағы» деп аталады.

Жиынға қатысушылар Қазақстанда 2004 жылдан бастап үш жыл мерзімге арналып, мемлекет қолдауымен атқарылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы қазақ халқының ұлттық сана сезімін жандандыруға бағытталған мәдениет пен руханият саласындағы ірі бастама екендігін атап өтті. Конференция жұмысына Қазақстанның ғылым, білім және мәдениет саласындағы белгілі қайраткерлері мен ғалымдары және АҚШ, Ресей, Қырғызстан және Түркия секілді елдерден келген ғалым-мамандар қатысты.

Осы халықаралық конференцияны ұйымдастырып отырған Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тоқмұхамед Садықов конференцияның мақсаты – «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша атқарылған және істеліп жатқан жұмыстарды жұртшылыққа жеткізу деді.

Ал Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Қазақтың заң және халықаралық қатынас институтының ректоры Сұлтан Сартаев қазақ халқы өз мәдени мұрасын енді ғана іздей бастағанын тілге тиек ете отырып, бұл салада әлі де істелетін жұмыстар шаш-етектен дегенді айтты. Оның айтуынша тарихшы, археолог мамандар қазақ халқы үшін маңызды, қазақ хандарының ордасы болған Сығанақ қаласын іздеп тауып, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қажет.

«Мемлекет мәдени мұра бағдарламасына әлі де қаржылай көмектескен жөн», - дейді С.Сартаев.

Ал осы «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов бағдарлама шеңберінде Қазақстан жерінде жүргізілген түрлі археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесіне жоғары баға берді және осы жұмыстардың нәтижесінде қазақ халқы үшін аса маңызды көптеген мәдени мұралардың табылғандығын айтты. Бұл жұмыстардың жай-жапсарына тоқталған И.Тасмағамбетов қазақ халқына қатысты сан жүздеген мәдени мұралардың Моңғолия жерінде, Қытайда, Ресейде және Түркияда бар екендігін, оларды жинастыру да бүгінгі күннің маңызды міндеті екендігін айтты.

Халықаралық конференция өткен Алматыдағы Ғалымдар үйінде сәрсенбіден бастап Орталық кітапхананың ұйымдастыруымен ашылған «Мәдени мұра – рухани жанданудың негізі» атты ғылыми ктіаптар көрмесіне 1000-ға жуық кітаптар қойылған.
XS
SM
MD
LG