Accessibility links

Жақсықылыш қыстағының 70 тұрғыны ереуілдеп жатыр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қызылорда облысы Арал ауданының Жақсықылыш ауылында 70-ке жуық адам ереуілдеп жатыр. Олар: “1994 жылға дейін мемлекет меншігінде болып келген “Аралтұз” комбинаты заңсыз жекешелендірілді. Арал ауданының әкімі Нәжімедин Мұсабаев, Жақсықылыш қыстағының әкімі Нағашыбай Әуезханов мырзалар өз лауазымдарын теріс пайдаланып отыр. Әкім мырзалар қызметінен кетуі керек” деген талаптар қойып отыр. Алайда аудан әкімі Нәжімедин Мұсабаев: “Ереуілшілердің “Аралтұз” комбинатының жекешелендірілуіне байланысты көтеріп отырған мәселелері заңсыз. Комбинаттың жекешелендірілуіне байланысты сұрақтарға кезінде лауазымды тұлғалар жауаптарын берген. Менің халыққа қысым көрсетіп қудалап жатқаным да жоқ”, дейді.

Бұл туралы “Азаттық” радиосына бейсенбі күні Жақсықылыш қыстағының тұрғыны Жомарт Қартбаев мәлімдеді. Ол: “9 жылдан бері жергілікті халық 1994 жылға дейін мемлекет меншігінде болып келген “Аралтұз” комбинатының заңсыз жекешелендірілуіне наразылық білдіріп келеді”, дейді. Оның айтуынша, өндірістік ғимараты мен техникалық жабдықтары 420 млн. теңгеге бағаланған “Аралтұз” комбинаты 1995 жылы әдейі ұйымдастырылған аудиторлық тексеріс барысында 67 млн. теңгеге бағаланып, арада 3-4 ай өткенде Алматы қаласында 37 млн. теңгеге сатылып кеткен. Жомарт Қартбаев:”Осы заңсыздықтың ақ-қарасын анықтап, халықтың меншігін өзіне қайтаруды талап етіп отырмыз. Біздің сұрап отырғанымыз - жеп отырған нанымыз, біздің іздеп жүргеніміз - әділдік. Осыған орай парламент депутаттарына хат жолдап, көмек сұрап отырмыз. Депутат мырзаларға өтініш. Ағайындар, Арал өңірі халқының осы талабына құлақ асыңыздаршы”, дейді.

Естеріңізде болса, бұдан бұрын Жақсықылыш қыстағының 30 тұрғыны “Аралтұз” комбинаты халыққа қайтарылуы керек” деген талап қойып, тамыз айының 5-і мен 22-сі аралығында аштық жариялағандығын “Азаттық” радиосы хабарлаған болатын. Жомарт Қартбаев: “Бітпес дауды шешу үшін биылғы жылдың қазан айының 6-сы күні тәуелсіз комиссия құруды өтініп, облыс әкімі Икрам Адырбековтың атына хат жолдадық. Хатқа қазанның 19-ына дейін қандай да бір жауап болмаса Жақсықылыш ауылы әкімшілігінің алдында 70 адам аштық жариялайтынымызды да ескерттік”, дейді. Алайда ол хатқа күні бүгінге дейін ешбір жауап болмапты.

Қазанның 20-ы күні Жақсылыш қыстағында ереуілге қатысушы тұрғын Сағыныш Ниязов: “Қыстақта аудан әкімінің жүлдесі үшін қазанның 19-ы күні үш күндік спартакиада басталды. Мұнда қазір 30-ға жуық полиция қызметкері жүр. Олар жергілікті халықтың шеру жасайтынынан хабардар болса керек. 70-ке жуық адам алаңда отырмыз. Бізге аштықтан басқа ештеңе қалған жоқ”, дейді.

“Халықты осындай шарасыз күйге түсірген қыстақ әкімі мен аудан әкімі. Аудан әкімі осыған дейін аштық жариялаған бірнеше адамды түрмеге жапты. Олар ауру тапты. Осы істері үшін олар қызметтерінен кетуі керек. Басқа істері аз болғандай алаңда аудан әкімінің жүлдесі үшін жарыс өткізіп жатыр. Бір жағында халық жеуге нан таппай, жылап отыр. Бұл не? Басқа жер құрып қалды ма? Аралда неге өткізбейді?” - дейді Жақсықылыш қыстағының қарт тұрғыны Изатулла Палуанов.

Жомарт Қартбаев: “Тамыз айында наразылық білдіріп аштық жариялаған азаматтардың барлығы дерлік ауыл әкімі Нағашыбай Әуезханов пен аудан әкімі Нәжімедин Мұсабаев, “Аралтұз” комбинатының басшысы Оңталап Ахметов мырзалар тарапынан қысымға ұшырап, жұмыстан босатылып, қоғамдық тәртіп бұзушылар ретінде айыпталып, әкімшілік жауапқа тартылды. Аштық жариялаған 30 адамға 500 мың теңге айыппұл салынды. Өз халқына полиция қызметкерлерін айдап салып отырған аудан әкімі деп есептейміз. Оның ақ-қарасын құзырлы мекеме шеше жатар”, дейді. Осыған орай Арал ауданының әкімі Нәжімеддин Мұсабаев мырза аталған мәселе бойынша қазанның 20-күні “Азаттық” радиосына мынадай түсінік берді:

“Бұл жерде ешқандай қудалау да, басқа да жоқ. Ол сайлау алдында саясат жасап отырған анау Жармахан Тұяқбайдың тобындағы адам. Жекешелендіру дегенге аудан әкімінің де, облыс әкімінің де қатысы жоқ. Менің бұл ауданға келгеніме 1,5 жыл болды. Сондықтан айтатын адам айта береді ғой. Кімнің сөзін шектейміз? Елді дүрліктіріп жүрген Қартбаевтың айналасындағыларды да жақсы білеміз. Оның айналасында 5-10 адам бар жұмыстан шығып кеткен. Мен өзім Қартбаевпен 15 рет кездесу өткіздім. Оған құқық қорғау органдары заңсыз пикет, заңсыз аштық жасады деп айыппұл салып жауапқа тартқандары бар. Бірақ оған менің қатысым жоқ. Айтып жүргендерінің барлығы 100 пайыз заңсыз. Енді тек Назарбаевтан жауап алмаса, басқасынан жауап алып болған”.

Ал осы дауда аты аталған Жақсықылыш ауылының әкімі Нағашыбай Әуезхановпен тілдесудің сәті түспеді. “Аралтұз” кәсіпорнының директоры Оңталап Ахметов мырза іссапарда болып шықты.
XS
SM
MD
LG