Accessibility links

Қазақстандағы Адам құқықтарының ахуалы талқыланды

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазақстандық адам құқығын қорғаушылар мен халықаралық ұйым өкілдері жақын күндері республика парламентінің жоғарғы палатасы азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіні ратификациялайды деп күтіп отыр. Осыған байланысты қазақстандық ғалымдар мен заңгерлер қазанның 20-сы күні Алматыда арнайы жиын өткізіп, онда Қазақстанның осы салада қол жеткізген жетістіктері мен кемшіліктерін талқылады. Халықаралық ұйым өкілдерінің айтуынша, Қазақстан үкіметі бұл бағытта айтарлықтай жұмыс істеп, талай шараларды іске асырған, бірақ, соған қарамастан, бұл елде саяси көзқарасы үшін түрмеде отырғандар бар деп айтылды.

Қазанның 20-сы күні қазақстандық адам құқын қорғаушылар, заңгерлер, ғалымдар мен үкімет өкілдері республикадағы адам құқығы саласында бар кемшіліктер мен жетістіктерді талқылады. Бүгінгі таңда қазақстандық мамандар Қазақстанның заң шығарушы органының қарауында жатқан құжаттың тағдыры жауық арада шешіледі деген үмітте. Егер Қазақстан парламенті азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні мақұлдағаннан кейін, Қазақстан үкіметі республикада адам құқығы саласында бар кемшіліктері үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы алдында жауапты болады дейді, Қазақстандағы Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокина:

«Қазақстан үкіметі мұндай міндет алғаннан кейін біз заң жүзінде үкіметке бар міндетті орындау керек деп талап қоя аламыз. Біріккен Ұлттар Ұйымы өз кезегінде бұл пактінің талаптары орындалмаған жағдайда бар күшін салып, республикада қалыптасып отырған жайттардың барлығын талқыға салатын болады. Бұл - өте ұят».

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі өткен 13 жылдан астам уақыт ішінде түрлі халықаралық келісімдерге қол қойғанымен , осы кезге дейін азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификацияламаған болатын. Адам құқығы мәселесімен шұғылданып жүрген маман Нинель Фокинаның айтуынша, Қазақстан үкіметі бұдан бұрын қол қойған немесе мақұлданған құжаттардың талаптарын жоғары деңгейде орындап отыр деп, айтуға болмайды. Сол себептен адам құқын қорғаушылар азаматтық және саяси құқық жөніндегі халықаралық пакт ережелері толық сақталатынына сенбейді, дейді Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокина:

«Біз халықаралық пактіге қол қоя салып, Қазақстан азаматтары жұмаққа түседі деп айтуға болмайды. Себебі, біз жас мемлекет болғандықтан біздің кемшіліктеріміз де бар».

Қазақстан заңдары халықаралық талаптарға сай келгенімен, іс жүзінде бұл заңдардың орындалмай жататынын Қазақстанның Конституциялық кеңесінің жетекшісі Игорь Рогов та жасырмайды.

«Әрине, тәжірибе жүзінде бұл салада біздің кемшіліктеріміз бар. Мұндай кемшілік жоқ деп айтатын адам өтірік айтады, немесе ол адам бұл саланы жақсы білмейді. Сол себептен біз осы саладағы жұмысымызды ұтымды істеуміз керек. Осы мақсатта түрлі басқосулар мен кездесулер өткізіп отыруымыз керек», - дейді И.Рогов мырза.

Ал Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсман) Болат Байқадамов, күні бүгінге дейін халықаралық ұйымдар Қазақстанға ескерту жасаған емес, сол себептен бұл салада жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесіз деп айтуға болмайды, деген пікір білдірді.

Сенатор Ермек Жұмабаев болса Қазақстанның адам құқығы саласында бар кемшіліктерді ретке келтіруі үшін біраз жыл керек дегенді айтып отыр.

«Біздің Конституция бойынша, адам құқығы қорғалып жатыр. Бізге халықаралық, отандық сарапшылар адам құқығы саласындағы жағдай дұрыс деңгейде дегенді айтады. Бірақ, біз жас, енді дамып жатқан мемлекет болғандықтан бізге әлі де болса көп жұмыс істеу керек осы салада», - деп санайды сенатор Е.Жұмабаев.

Заңгерлер мен адам құқын қорғаушылардың қазанның 20-сы күні өткен кездесуіне қатысқан мамандар, Қазақстанда адам құқығы саласында кемшіліктердің бар екенін жасырмайды. Мәселен, олар республикада саяси тұтқын барын да мойындайды. Бірақ, кез-келген мемлекеттің, кез-келген кемшілігі болады, мемлекет оны біртіндеп шешуі керек, дейді Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокина:

«Әрине, бізде қамауда отырған Ғалымжан Жақиянов бар, «Хизб ут-Тахрир» ұйымының жүзден астам мүшесі қамауда отыр. Бұны біз 1986 жылы орын алған оқиғамен салыстыра аламыз, біраз уақыт өткеннен кейін, біз бұл жасаған қадамымыздан ұялатын боламыз. Бірақ, қазіргі кезде бізге ешкім шектеу жасап отырған да жоқ, айтамыз деген ойымызды айтамыз, бар кемшіліктер туралы да ашық ойымызды білдіреміз».

Әйткенмен, қазақстандық адам құқын қорғаушының бұл пікірімен заңгер Мұстақым Төлеев келіспей отыр.

«Парламент депутаттары кәсіби деңгейіне байланысты заңдарды талқылағанда, мақұлдағанда бұл заңдарды келешекке арнамайды, бұл заңдар оларға ыңғайлы болып әзірленеді. Сол себептен заңнамаларға өзгертулер жиі енгізіледі, себебі бұл заң өмірлік тәжірибеге сай болмай жатады. Әрбір салада, әрдайым заң бұзушылықта орын алып тұрады», - деген уәж білдірді адвокат М.Төлеев.

Қазақстан заңнамаларында бар жетістіктер мен кемшіліктерді талқылаған мамандардың кеңесі қазанның 21-күні аяқталады. Жиын соңында оған қатысушылар арнайы мәлімдеме жасамақшы.
XS
SM
MD
LG