Accessibility links

Алматыда корпоративтік басқару мәселесіне қатысты халықаралық конференция басталды

  • Досан БАЙМОЛДА

Алматыдағы «Анкара» қонақ үйінде қазанның 20-сы күні Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының корпоративтік басқару жөніндегі жұмыс тобының ұсынысы бойынша «Корпоративтік басқару және Қазақстандағы инвестицияның ахуалы» деген тақырыппен екі күндік халықаралық конференция басталды.

Конференцияны Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қазақстанның қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы және АҚШ-тың Сауда министрлігінің бағдарламасы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Конференцияны ұйымдастырушылардың айтуынша алқалы жиынның мақсаты - Қазақстандағы корпоративтік басқару мәселесін талқылап, бұндағы жетістіктер мен орын алып отырған кемшіліктерді көрсету болмақ. Корпоративтік басқару қаншалықты тиімді дамыған болса сол елдегі инвестициялық ахуал да соншалықты жақсы болмақ дейді мамандар. Қазақстан Республикасы қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агентігінің төрағасы Болат Жәмішевтің айтуынша корпоративтік басқаруды енгізу әрбір мемлекет үшін, әрбір экономика үшін өте маңызды болмақ. Нақты Қазақстанға қатысты бұл мәселедегі табыстарды айтудан гөрі алдағы істелуге тиісті мәселелер мен мақсаттарды айтқан жөн дейді ол.

Оның айтуынша корпаративтік басқару бұрын Қазақстанда болған нәрсе. Бұл - компания қожайыны мен жұмыс жүргізуші менеджерлер арасындағы қарым-қатынас. Осы қарым-қатынастың дұрыс болуы компания үшін өте маңызды болмақ. Қазақстанда корпоративтік басқару механизмі бар болғанымен, ол болуға тиісті деңгей, талаптарға сай емес, дейді Б.Жәмішев. Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары Қайрат Әйтекеновтың айтуынша корпоративтік басқару жүйесі дамыған, жақсы болса ол Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына тікелей әсер етпекші. Бүгінгі күні Қазақстанға шеттен кірген инвестиция көлемі 30 млрд доллардан асып отыр. Ал соңғы екі жылдың жағдайы мен инвестиция қарқыны өсу жағдайында дейді ол.

Вице-министр Қайрат Әйтекеновтың айтуынша, Қазақстан үкіметі бүгінгі күні мұнай-газ саласында шикізат күйінде өңдеу, өндіруден гөрі мұнайды химиялық жолмен өңдеп, өнім шығару саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр.

Еуропадағы қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Андре Кусвеектің айтуынша, Қазақстандағы инвестициялық қал-ахуалды 1990-шы жылдардың ортасындағы жағдайы мен салыстырғанда өте жақсы деп айтуға болады. Алайда, осы салада әлі де істелетін жұмыстар жеткілікті болмақ.
XS
SM
MD
LG