Accessibility links

Қазақстанда оппозициялық басылымдарға қарсы тағы да сот басталды


Жұма күні Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық сотта “Свобода слова” және “Жұма таймс/Дата недели” тәуелсіз басылымдарына қатысты Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Байделдиновтің шағым арызы бойынша сот ісі қаралды.

“Свобода слова” тәуелсіз газетіне байланысты осы күні өткен сотқа айыпталушы жақтың өкілдері ғана келді. Журналист Гүлжан Ерғалиеваның, оның үстінен шағым түсірген екінші жақ өкілдерінің болмауына байланысты сот процесін кейінге қалдыруды сұраған өтінішін Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық соттың төрешісі Мықтыбек Зауырбеков қанағаттандырмай тастады. Өз сөзінде судья М.Зауырбеков Алматы қаласындағы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Бәйделдиновтің атынан “Свобода слова” басылымына қатысты шағым-арыздың түскендігін хабарлап, бұл оқиғаның қалай болғандығының тарихымен таныстырды.

Сот төрешісінің айтуынша, Алматы қаласындағы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Бәйделдинов өз арызында, “Свобода слова” газетінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысына тиетін сөз айтылғандығына орай, аталмыш басылымның жауапқа тартылуын сұраған. Алайда, “Свобода слова” басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева өзінің авторлығымен газетте жарық көрген “Қарапайым диктатор” атты мақаласында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-ожданына кір келтіретін бірде-бір сөз айтылмаған деп есептейді.

Сот алдында сөйлеген сөзінде Г.Ерғалиева газетте жарық көрген өз мақаласында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс Астанаға келген кезде, CNN телеарнасы журналисінің Нұрсұлтан Назарбаевқа оның отбасының Қазақстанның барлық байлығын иеленіп отырғандығына орай қойған сауалына қатысты тек өз ойын білдіргендігін тілге тиек етті. Журналист Г.Ерғалиева газеттің жартысы тұтқындалып, ал қалғанын заң орындарының қызметкерлері жұртқа таратуға шығартқызбай отырғандықтан өз атына мұндай айыптаулардың тағылуымен келіспейтінін мәлімдеді.

“Ол газет әлі жұртқа сатылмай жатып әлгіндей ақпарат таратты деп кінә тағуы маған түсініксіз, ең алдымен ол газет саудаға шығарылып сатылу керек, тек содан кейін барып, айып тағылуы мүмкін емес пе?”, - деді журналист.

Г.Ерғалиева өзінің үстінен осы сотқа шағымданған екінші жақтың сот отырысына келуін талап етуі, қандай себеппен тәртіп сақшыларының “Свобода слова” газетін тәркілегендігі туралы түсініктеме беруін сұрауы сот төрешісі тарапынан қанағатандырылмағандықтан, ол түстен кейін қайта жалғасқан сот отырысына қатысудан бас тартып, сот залынан шығып кетті.

“Свобода слова” газетінің үстінен сотқа шағым түсірген Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясына осы мәселеге байланысты “Азаттық” радиосына түсініктеме беруін сұрап, өтініш айтып хабарласқан едік. Сайлау комиссиясының қызметкері Жанна Асанова “Свобода слова” газетін сотқа бергендігін растағанымен, ол жайында қандай да бір ақпарат беру тек басшының құзырында екенін айтты. Ал сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Байделдиновпен байланысу мүмкін болмады.

Сондай-ақ жұма, қазанның 21-күні түстен кейін Алматы қаласындағы ауданаралық әкімшілік сотта тағы бір оппозициялық басылым - “Жұма таймс/Дата недели” газетінің үстінен берілген шағым арыз бойынша сот өтті. Арыз беруші тағы да сол Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы.

“Жұма таймс/Дата недели” басылымының меншік иесі Жұмаш Кенебай “Азаттық” радиосына берген сұхбатында, денсаулағына байланысты сотқа қатыса алмағандықтан, оған өз адвокатын жібергендігін әңгімелеп берді. Жұмаш Кенебай, ресми билік алдағы сайлауда жеңіске жете алатындығына аса сенімді болмағандықтан, оппозицияның ойын жеткізетін тәуелсіз басылымдарды ауыздықтағысы келіп отыр деген пікірін білдірді. Ал, кейбір тәуелсіз сарапшылар, Қазақстанда президент сайлауы алдында билікке қатты сын айтатын оппозициялық басылымдардың бірқатары жабылып қалуы ықтимал деген болжам айтып отыр.
XS
SM
MD
LG