Accessibility links

Біріккен Ұлттар Ұйымына 60 жыл


Биылғы қазанның 24 күні Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысының күшіне енгеніне 60 жыл толды. Бүгінгі таңда жер бетіндегі 191 мемлекет мүше болып отырған бұл бірегей ұйымның қызметін қазақстандық саясаткерлер әр-түрлі баға береді. Біріншілеріне халықаралық ұйымның қазіргі жүргізіп отырған саясаты ұнамаса, енді бірқатар сарапшылар бұл ұйымға өзгертулер енгізу керек деген ой білдіреді.

Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 191 мемлекеттің арасында Қазақстан да бар. Қазақстан парламентінің депутаты Серік Әбдірахмановтың айтуынша, бұл ұйым республикаға көптеген мүмкіндік берді.

- Бұл адамзаттың тарихындағы ең қанды соғыстан кейін дүниеге келген ұйым. Елдер бірлікке ұмтылды, соғыстың зардабын шеккен халықтар бірліктің, ынтымақтастықтың, бейбітшіліктің маңызын жоғары бағалады. Сол себептен осындай ұйым дүниеге келді. Қазақстан болса тәуелсіздігін алғаннан кейін қосылды бұл ұйымға. Бұл бізге қажет ұйым деп санаймын. Басқа мемлекеттермен кездесіп, кеңесіп, басқаларды байқауға мүмкіндік алдық. Қазіргі кезде ортақ мәселелерге үнімізді қосып жатырмыз, - дейді парламент депутаты Серік Әбдірахманов.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, осы ұйым арқылы бірқатар мүмкіндіктерге ие болғанымен, қазақстандық саясаткерлердің пікірінше, республика үкіметі бұл ұйым алдындағы кейбір талаптарын дұрыс орындап отырған жоқ. Мәселен, Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің ойынша, Қазақстан үкіметі Біріккен Ұлттар Ұйымының талаптарын орындайтын болса, Ираққа өз сарбаздарын жібермейтін еді.

- Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаларын, әсіресе бейбітшілік үшін жүргізген саясатын біз жақтауымыз керек еді, сол себептен біз Ираққа өз сарбаздарымызды жібермеуіміз керек еді. Оның өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі Ираққа байланысты мәселеге пікіріміз Джордж Буштың пікірімен сай деп отырған жоқ. Сондықтан Қазақстан БҰҰ-ның кейбір шешімдеріне бас иіп отырған жоқ деп ойлаймын, - дейді Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі С.Әбділдин.

Бүгінгі таңда саясаткерлердің айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше Қазақстан ғана сынға алынып отырған жоқ. Негізінен Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі сынның астында қалып отыр. Қазақстан парламентінің мүшесі Серік Әбдірахмановтың сөзіне жүгінсек, үстіміздегі жылы өткен саммитта ұйымды сынаушылар көп болған.

- Осы жолы талай мемлекет жетекшілерінің алпауыт мемлекеттерді сынап, Біріккен Ұлттар Ұйымы үлкен елдердің қолшоқпарына айналды дегенін байқадым. Бұл ұйымға мүше елдер өздеріне сенімді, айтамын деген ойын ашық айта алады. Демократия кең өріс алған, ұйымға мүше елдер өз құқын, құзыретін толық сезінетіні көрініп тұр, - дейді депутат С.Әбдірахманов.

Әлемнің 200-ге жуық мемлекетінің басын біріктіріп отырған ұйым қазіргі заман талабына сай келіп, әлемде кездесіп отырған жаңа қиындықтарға төтеп бергісі келеді. Бұл жөнінде ұйымның бас хатшысы Кофи Аннан Біріккен Ұлттар Ұйымының 60 жылдық мерей тойына арналған жолдауында жазылған. Ал, Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин Біріккен Ұлттар Ұйымының қазіргі жұмысына көңілі толмайтынын айтады. Оның пікірінше, бұл ұйым өз беделін көтеру үшін алғашқы бағытына қайта оралуы тиіс.

- Біріккен Ұлттар Ұйымы сол алғаш құрылғанда қолға алған маңызды, өзекті жұмысын қайта жандандырса деп ойлаймын, - дейді С.Әбділдин.

Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысы 1945 жылы қазанның 24-күні күшіне енген болатын. Ал 1948 жылдан бастап әлемде жыл сайын қазанның 24-і Біріккен Ұлттар Ұйымының күні болып атап өтіледі.
XS
SM
MD
LG