Accessibility links

Павлодарда қолдан жасалған жарылғышқа ұқсас зат табылған


Республика мерекесі қарсаңында Павлодар қаласындағы бір тұрғын үйден жарылғыш затқа ұқсас зат табылды. Ал, Семей қаласындағы бір тұрғын үйдегі жарылыс кезінде адам қаза болды

Өткен апта соңында, қазанның 22-сі күні, Павлодар қаласындағы Қамза көшесі бойындағы №166-шы көп қабатты тұрғын үйдің астыңғы қабатынан жарылғыш затқа өте ұқсас сым арқылы батарея және қытай сағатына қосылған, ішінде белгісіз сұйық заты бар шөлмек табылған. Оқиға орнына дереу жеткен облыстық ішкі істер басқармасының қылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері әлгі жарылғышқа ұқсас затты лабораториялық тексеруге жіберген.

Сәрсенбі күні «Азаттық» радиосының сауалына берген жауабында Павлодар облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің өкілі Гүлжан Жұртбаева табылған күдікті шөлмектің ішіндегі не зат екенін анықтау мақсатындағы сараптама қортындысы әлі шықпағанын айтты. Сырт пішіні жарылғыш затқа ұқсас әлгі зат табылған тұрғын үйде тұрғын пәтерлерден басқа түрлі фирмалардың кеңселері, дүкендер және Қазақстандағы оппозициялық партиялардың бірінің бөлімшесі де орналасқан екен. Полиция өкілінің айтуынша істі тексерушілер алғашында бұл зат осы оппозициялық партия бөлімшесіне қарсы жасалмақ болған іс-әрекет пе деген ойда болғанымен, кейіннен іс барысында ондай күдіктен арылған.

«Ал ол шөлмектің ішіндегі сұйық зат жарылғыш зат па, жоқ па деген сұраққа зертханалық тексеру қортындысынан соң анқы болады», - дейді Гүлжан Жұртбаева.

Павлодар қаласында болған оқиғаның ертеңінде, қазанның 23-і күні Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласындағы Сосновая көшесі бойындағы екі бөлмелі тұрғын үйде жарылыс болған. Жарылыс салдарынан 52 жастағы бір ер адам қаза тауып, 58 жастағы үй иесі ауыр зақым алып, ауруханаға түскен. Осы төтенше оқиға болған жерде болып, жарылыс зардабын жою жұмыстарын ұйымдастырған қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Бауыржан Сағдиевтің айтуынша қазір ол жерде қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері жарылыстың неден болғанын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның айтуынша алғашқы болжам ретінде үй иесінің көршісі бұл жарылысқа кінәлі болуы мүмкін деген жорамал айтылып отыр. Ол әлгі болған жарылыстан сол жерде қаза болған. Бұрын ол өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасуды жиі аузына алатын адам көрінеді.

«Сондықтан тергеушілер енді ауруханада жатқан үй иесінің тезірек жазылып шығуын күтіп отыр, өйткені оның айтқандары істің ары қарай қалай болатындығын шешіп бермек», - дейді Семей қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Бауыржан Сағдиев.
XS
SM
MD
LG