Accessibility links

“Алға” халықтық партиясы Әділет министрлігінде тіркелмей қалды


Бұл жағдайды Әділет министрлігі “Алға” халықтық партиясын тіркеу өтініштерін қарау мерзімінің тоқтатылғандығымен түсіндірген. Алайда осы оппозициялық партия жетекшілерінің бірі Асылбек Қожахметов: “Мұның астарында саяси себеп жатыр. Билік сайлау алдында оппозициялық күштердің күшейюінен қорқып отыр” дейді.

“Алға” халықтық партиясының адвокаты Артур Заглиев партияны тіркеу жөніндегі өтінішті Қазақстанның Әділет министрлігіне қыркүйек айының 22-сі күні барлық қажетті құжаттарымен қоса тапсырылғанын айтады. Оның пікірінше, Қазақстан заңына сәйкес саяси партиялар құжат тапсырғаннан кейін бір ай мерзім ішінде тіркелуге тиіс.

“Тіркелуге тиісті құжаттарды қабылдап алған Әділет министрлігі бізге арада тура бір ай болғанда, яғни қазан айының 22-сі күні “Алға” халықтық партиясын тіркеу өтінішін қарау мерзімінің тоқтатылғандығы жөніндегі қаулыны жолдады”, - дейді заңгер А.Заглиев.

Алайда, А.Загилевтың айтуынша, Әділет министрлігі саяси ұйымды тіркеуді тоқтатуының себептерін түсіндірмеген. “Алға” халықтық партиясын құрушылардың бірі, оппозициялық партия құрып оны тіркеуден өткізуде тәжірибеміз бар деген Асылбек Қожахметов:

“Әділет министрлігіне партияның құжаттарын тексеруден өткізуге 10 күн жеткілікті. ҚР үкіметінің 2005 жылдың қыркүйек айының 13-індегі қаулысына сәйкес саяси партия мүшесі болып табылатын азаматтың жасы 18-ден төмен болмауы, оның Қазақстан азаматы болып танылуы және партияны қолдайтын мүшелер санының 700-ден кем болмауы сынды талаптарды қазіргі заманғы ақпараттық технологияның көмегімен тексеру көп уақытты талап ете қоймайды. Осының бәрін ескере келіп Әділет министрлігінің оппозициялық партияны тіркеу мерзімін тоқтатқандығына күмәнмен қараймыз. Азаматтардың бейбіт түрде бірігуіне құқық берілмесе, мұндай жағдайлар сайлаудың әділ өтетіндігіне күмән келтіреді”, - дейді.

Осы мәселеге байланысты Әділет министрлігіне қоңырау шалғанымызда аталған министрліктің баспасөз қызметкері бұл мәселеге жауапты тек Тіркеу комитетінің мамандары ғана бере алатындығын жеткізді. Алайда тіркеу комитетінен түсінік алу мүмкін болмады. Ал жоғарыдағы мәселеге байланысты «Азаттық» радиосына пікір білдіргендердің бірі - Кәрішал Асан Ата:

“Бұл жағдайдың саяси астары бар екендігі өз-өзінен түсінікті. “Ұлт тағдыры” деген қоғамдық ұйымды билік бірден тіркеп берді. Құлшынып жұмыс істейік деген ұйымдарға кедергі келтіру үшін осындай ұйымдар пайда болып отыр. Өркениетті елдерде үш адам ұйым құра алады. Ал бізде ұйым құру үшін де, президенттікке үміткер болу үшін де кем дегенде қол жинау керек. Мұның бәрі адал іске кедергі келтіру үшін жасалады. “Отан” партиясы мен “Алға” партиясы бірдей тең дәрежелі жағдайда болу керек”, - дейді.

Әйткенмен, бірқатар жастар “Алға” партиясының тіркелуі немесе тіркелмеуі қазір аса маңызды емес деген ой айтады.

«Себебі, қазір олар “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының ішінде жұмыстарын істеп жатыр. Президент сайлауы өткеннен кейін де тіркеліп жұмыс жасауларына болады. Дәл қазіргі сайлау уақытындағы олардың жұмыстарының маңыздылығын көріп тұрғаным жоқ”, - дейді “Айбат” жастар қозғалысының белсендісі Жанбота Қарашолақ.

Ал Жандәулет Рысбеков есімді келесі бір азамат оппозициялық партияны тіркемеудің өзіндік себебі бар деп санайды.

«Партияның тіркелгендігі маңызды болмаса билік оны тіркемеуге тырыспас еді. Кез-келген саяси партия тіркелгеннен кейін заңды тұлға ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік алады. “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының құрамында бірнеше партия болса ол үлкен күшке айналады. Қазір билікке “Әділетті Қазақстан үшін” ұйымының күшейіп кетпегені керек” – дейді Жандәулет.

Ол қазіргі кезде Қазақстанда билік елде өзіне қарсы белсенділігімен танылғандарды ноқталап ұстау саясатын күшейтіп отырғанын атап айтады. Қазанның 26-сы күні Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысы мүшелерінің бірі, “Өз үйімізді қорғайық” қоғамдық комитетін ұйымдастыру тобының жетекшісі Маржан Аспандиярова қазанның 8-күні Алматыдағы ескі алаң маңында “заңсыз жиынға қатысқаны үшін” деген айыппен 10 тәулікке қамауға алынды. Бұл іс бойынша осы сотта бұған дейін қазақстандық оппозицияның өзге де танымал қайраткерлері дәл осындай айыппен әкімшілік жауапқа тартылып, оларға сот шешімімен айыппұл салынған болатын.
XS
SM
MD
LG