Accessibility links

Президенттікке кандидат оппозициялық қайраткердің үгіт материалдары тиелген автокөлік жанып кетті

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстанда президенттікке үміткер ретінде ресми тіркеуден өткен бес кандидат үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Ал елдің Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, үміткерлерді тіркеу барысында ең көп қол жинаған қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев, екінші орында «Ақ жол» партиясының мүшесі Әлихан Бәйменов болса, үшінші орында «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай тұр. Алайда Ж.Тұяқбайдың жақтастары Орталық сайлау комиссиясының мұндай ақпаратымен келіспейді.

Мәселен, Ж.Тұяқбайдың сайлау штабының төрағасы Төлен Тоқтасыновтың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы Жармахан Тұяқбайға жинаған қолдың жартысын қарамаймыз деп қабылдамай тастаған. Ал сайлау қарсаңында Қазақстан сары түске боялды. Өйткені қазіргі президент Н.Назарбаевтың жақтастары да, оған қарсы оппозициядан шығып отырған кандидат Жармахан Тұяқбайдың сайлау командасы да сары түсті таңдап алған. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтің мәліметінше, үміткерлерді тіркеу жұмыстары барысында көптеген заңсыздықтар орын алған:

«Қолдардың дені бақылауды желеу етіп, азаматтарды алдау жолымен жиналған. Қол қою парағына нақты мәліметтер көрсетілмеген. Жасы кәмелетке толмаған адамдардың қолын жинағандар болған. Қайтыс болған адамдардың, сондай-ақ тұрақты тұру үшін шет мемлекеттердің аумағына көшіп кеткен адамдардың да қолдары қойылған», - дейді О.Жұмабеков мырза.

Сонымен қатар Оңалсын Жұмабеков келтірген мәліметтерге қарағанда, ресми тіркелген бес үміткердің ішінде кандидаттығына ең көп қол жинаған қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев екен. Оны қолдап сайлау жасындағы халықтың 1,92 пайызының қолы жиналыпты. Екінші орында сайлаушылардың 1,22 пайызның қолдауына ие болған «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов тұр. Ал үшінші орында Қазақстанның демократиялық күштері біріккен «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай. Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі О.Жұмабековтің айтуынша, оған жиналған қол 1,21 пайызды құрайды. Бірақ, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы сайлау штабының жетекшісі Төлен Тоқтасынов Орталық сайлау комиссиясының әлгіндей мәліметімен келіспейтіндігін айтады. Ол «президенттік сайлау барысы Ақорданың алдын ала жүзеге асырған лас жоспары бойынша жүріп жатыр» деген өз уәжін айтады:

«Біз жеті күннің ішінде 167 мың дауыс жинадық, ал Орталық сайлау комиссиясына тапсырған қол – 160 мың. Біз мына биліктің жоспары бойынша Назарбаев бірінші турдан бірінші орынға шығады, Бәйменовті екінші орынға, ал үшінші орынға Тұяқбайды шығарады деп бұрыннан айтып келе жатырмыз», - дейді Төлен Мұхаммедияұлы.

Ал президентікке үміткерлердің сары түске көңілдері ауыпты. Осыдан бірнеше ай бұрын «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы таңдаған сары түсті Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын сайлау штабы да таңдапты. Тіпті, Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаған өзге де партияның жетекшілері мойындарындағы ресми галстуктарын тастап, сары орамал байлауға көшкені байқалады. Бұл жағдайды Коммунистік халықтық партияның атынан президенттікке түсіп отырған, өзіне қызыл түсті таңдап алған Парламент мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов былайша түсіндіреді:

«Билік сары түсті әдейі пайдаланып отыр. Себебі, менің естуімше, Жармахан Тұяқбайдың адамдары шетелге сары түсті шарф, сары түсті қалпақ және сары түсті күртешеге тапсырыс берген екен. Сонда «Отан» партиясы да сары түсті киім киеді. Содан ел қайсысының оппозиция, қайсысының билік екенін білмей шатасады. Бұл биліктің жасап отырған технологиясының қулығы», - дейді Ерасыл Әбілқасымов.

Ал президентшіл «Отан» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Асқар Бейсенбаев:

«Сары түсті таңдаған себебіміз, сары түс – күннің түсімен бірдей, сондықтан да күн сияқты ашық, әдемі болсын деп таңдадық», - дейді.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы сайлау штабының жетекшісі Төлен Тоқтасынов болса президенттік партияның да сары түсті таңдағанына былайша пікірін білдіреді:

«Мен бұған дұрыс көзбен қараймын. Демек, «Отан» партиясы да біздің қатарымызға қосылып, Жармахан Тұяқбайды қолдап отыр деген сөз. Ал шын мәніне келгенде мүның бәрі биліктің құйтырқы әрекеті».

Қазақстандық сарапшылар, алдағы бір айдан сәл астам уақыт бойы үгіт-насихат жұмыстары барысында үміткерлердің бір-бірін қайталауы әлі де болады деген пікір айтады. Олардың бұл айтқандары шындыққа жанасатын тәрізді. Мәселен, бұған дейін «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың штабы өздерінің үміткері сайлаушылармен кездесуді Семей өңіріндегі Абай ауылынан бастамақ екенін айтқан-тұғын. Сайлау алдындағы науқан бастау алысымен президенттікке кандидаттардың бірі, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменов өз үгіт-насихат сапарын сол Абай жерінен бастап отыр. Ал қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезекті сайлау мерзімі ресми түрде белгіленбей тұрып, биыл жаз бойы республиканың әр аймағында халықпен кездесу өткізіп келген болатын. Президент Н.Назарбаев енді қазір үгіт-насихат жұмыстары басталған кезде де өзінің қызметін әрі қарай жалғастыра бермек. Президенттікке үміткерлердің енді бірі - эколог Мэлс Елеусізов өзіне жасыл түсті таңдап алды. Оның бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда М.Елеусізов мырза тек Қазақстанның экологиясы төмен аймақтардағы тұрғындармен ғана кездеспек. Ал қызыл түстің иесі, депутат Ерасыл Әбілқасымов Қазақстанның бүкіл аймағын аралаймын деп отыр.

Сайлауалды үгіт-насихатқа ресми рұқсат берілген қазанның 25 күні таң атысымен Алматы жұртшылығы қаланың көрнекі жерлерінің барлығында Қазақстанның қазіргі президенті Н.Назарбаевқа қолдау білдірген жазулар мен оның суреттері ілінгенін көрді.

Ал қазанның 26-күні «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі, президент қызметіне үміткер Жармахан Тұяқбайдың сайлау штабы, сол күні Алматыдан Шығыс Қазақстан облысына шыққан жолда үстіне Ж.Тұяқбайдың үгіт материалдарының 700 мың данасы тиелген жүк автокөлігінің Алматы облысының аумағында күтпеген жерден отқа оранып, үстіндегі жүгімен бірге түк қалмай жанып кеткені туралы суыт хабар таратты.
XS
SM
MD
LG