Accessibility links

Долинкадағы қамау мекемесінде не болып жатыр?

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазанның 27-күні Алматыда “Қоғамдық қорғау” қорының өкілдері Қарағанды облысындағы Долинка кентінде орналасқан түзеу мекемесіндегі сот жазасын өтеп жатқандардың жағдайын зерттейтін арнайы комиссия құратындары туралы мәлімдеме жасады. Бұдан бұрын бұл түзеу мекемесінде отырған азаматтар өз-өзіне қол жұмсап, жарақаттады деген ақпарат тараған болатын. Жарақат алған азаматтардың туған-туыстары бұл оқиға түбегейлі зерттелуі керек деген талап айтып отыр. Осы мақсатта комиссия құратындарын жария еткен қор өкілдері өздерінің бастамасына заңгерлер, депутаттар, журналистер мен құқық қорғаушылар тарапынан қолдау болғанын қалайды.

“Қоғамдық қорғау” қорының өкілдері алдағы уақытта заңгерлер, журналистер, депутаттар мен құқыққорғаушылармен бірге Қарағанды облысы Долинка кентіндегі қамау мекемесінде тұтқында отырған азаматтардың хал-жағдайын зерттемек ниетте. Қор өкілдерінің айтуынша, қазанның 16-күні Долинка кентіндегі 159/7 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 30-дай адам өздеріне қол жұмсап, қарындарын жарған.

«Біздің қолымызда бұл оқиғаны дәлелдейтін бейнематериалдар бар, түрмеде отырып, өздеріне қол жұмсап, өлімші еткен азаматтардың хаттары да бар. Бірақ, бұл мәселе толығымен зерттелмей, біз ол хаттарды жарияламаймыз», - дейді “Қоғамдық қорғау” қорының жетекшісі Әлия Матаева.

Оның айтуына қарағанда, бұл хаттар мен абақтыда отырған азаматтар туралы түсірілген таспа қазанның 26-күні “Қоғамдық қорғау” қоры өкілдерінің қолына түскен көрінеді. Бар материалдарды Алматы мен Астанаға қазанның 16-күні ұрып-соғылған азаматтардың туған-туыстары әкеліп берген дейді олар.

Күйеуі сол мекемеде отырған Марина Борисенконың айтуынша, ол әдеттегідей кездесуге келгенде түзеу мекемесінің қызметкерлері оған жұбайының айып абақтысында отырғанын айтқан. Көп ұзамай Марина абақтыда отырғандардың өз-өздеріне қол жұмсап, қарындарын жарғанын естіген.

«Бізді кездесуге жібермей қойғаннан кейін, біз аштық жарияладық. Біз оларды көрмей, олардың аман-сау екеніне көз жеткізбей, аштық акциясын тоқтатпаймыз деген талап қойдық. Тек арада бес тәулік өткенде барып, мекеме әкімшілігі бізге жақындарымызбен кездесуімізді ұйымдастырды. Оның өзінде біз олармен тек телефон арқылы сөйлесуге мүмкіндік алдық, күзетшілер әр сөзімізді аңдып тұрды. Ал оның денесі қандай екенін көрейік дегенде бізге көрсетпей қойды», - дейді Марина Борисенко.

Марина Борисенко сияқты бұл жағдайды көрген азаматтардың бір бөлігі Астанаға барып, парламент депутаттарына да жеткізіпті.

«Алдымен біз барлығын зерттеуіміз керек, сосын барып бар шындығын айтамыз», - дейді “Қоғамдық қорғау” қорының заңгері Беркін Боранбаев.

Ал түзеу мекемелерінде көп жылдан бері жұмыс істеген, қазіргі кезде Алматы мен Алматы облысындағы қылмыстық-атқару жүйесінің басқарма бастығының орынбасары Ирина Якубова өзі қызмет атқарып жүрген саланы сынаушыларға қарсы уәж білдіреді.

«Шынайы өмірде түрмедегі жағдай жаман деп айтуға болмайды. Қазіргі кезде бізде мүмкіндігімізше бұл салаға түрлі өзгертулер енгізіп, қатесін түзеткісі келетін азаматтарға жеңілдіктер жасалып жатыр. Өзін жақсы жағынан көрсеткен азаматтарға түрлі мүмкіндік беріліп қойған. Менің естуімше, Қарағанды облысындағы өздеріне қол жұмсаған азаматтардың басым көпшілігі ауыр қылмыс жасаған азаматтар, олардың арасында адам өлтіргендер бар», - дейді Ирина Якубова.

Түзеу мекемелерінде отырғандардың жағдайы жаман емес деп сендіруге тырысқан Ирина Якубова кінәсі дәлелденбегендер бекерден-бекер айыпталмаса дегенді айтады. Ал сөз болып отырған Долинка кентіндегі қамау мекемесінде жазасын өтеп шыққандардың бірі Қасымхан Майқантегі есімді азамат тұтқындарды мекеме қызметкерлері жиі ұрып-соғады дейді.

«Неге мен шындықты жасырамын? Ұрып-соғады, еш себепсіз ұрады, өздерінің киімдерін жуғызады. Қарсы сөз айтсаң болғаны, жедел бөлімге апарып, ұрады. Ал егер бұл оқиға жөнінде ақпарат тарап, комиссия келер болса, ұрып-соғылғандар айып абақтысына отырғызылады. Олардың ісігі кеткенше олар сол жерден шығарылмайды. Арнайы дәрігер келіп, ісікті қайтаратын дәрі жағып кетеді. Ал өзге біреулерге айып абақтысында отырғандарды бұзақылар деп айтады», - дейді Қасымхан Майқантегі.

Абақтыда отырып, түрлі қиындықты өз басымнан кешірдім деген Қасымхан Майқантегі арнайы комиссия құрылып, Долинка түрмесіндегі жағдайды толық зерттейді дегенге күмәнмен қарайды.

«Ақиқат үшін күресетін адамдар ғана мұндай жағдайды анықтап, шындықты аша алады. Менің байқағаным, арнайы комиссия құрамыз деген азаматтар жан-жағына жалтақтап, қарап отырған азаматтар», - дейді Қасымхан Майқантегі.

Ал Долинкадағы түзеу мекемесіндегі жағдайды зерттеп, бақылауға алуға ниет етіп отырған “Қоғамдық қорғау” қоры енді өз ұсынысымен республика үкіметіне шықпақшы. Егер үкімет тарапынан рұхсат берілсе, олар келесі аптадан өздерінің тиісті жұмысты бастауға әзір екендерін айтады.
XS
SM
MD
LG