Accessibility links

Әлихан Бәйменов туралы сарапшылар пікірі екіге жарылып отыр


Сенбі күні Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың бірі “Ақ жол” партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов Алматы қаласының жұртшылығын өзінің бағдарламасымен таныстырды. Соңғы уақыттары Қазақстанда Әлихан мырзаға байланысты сарапшылар тарапынан түрлі пікірлердің айтылып жүр. Олардың арасында Ә.Бәйменов бұл сайлауға оппозициядан түскен Жармахан Тұяқбайға тиесілі дауыстарды бөліп жіберу үшін қатыстырылып отыр дейтіндер де, мұндай пікірмен келіспейтіндер де бар.

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың бірі Әлихан Бәйменовтің Алматы қаласы жұртшылығымен сағат 15-ке белгіленген кездесуі ол уақыттан кешігіп басталды. Жұртшылықтың алдына шыққан “Ақ жол” партиясының төрағасы өз сөзін, ешкімнің атын атамаса да, ресми билікті сынаудан бастады.

Былтырғы жылы парламент сайлауы кезінде Қазақстанның саяси сахнасында белсенді іс-қимылымен жұртшылыққа танылған “Ақ жол” партиясы екіге бөлініп кеткеннен кейін, сол кездері оның тең төрағаларының бірі болған Әлихан Бәйменовке қатысты көптеген сындардың айтылған-ды. Саясаткер Сейдахмет Құттықадам, дәл қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттардың бірі Әлихан Бәйменов биліктің ойынын ойнап отыр деп санайды. Бірақ ондай пікірмен саясаттанушы Нұрболат Масанов келіспейді.

“Бұл мәселенің бәрін біржақты қарастыруға болмайды. Менің ойымша, біз Қазақстандағы электораттың әртүрлі екендігін түсінуіміз керек. Бәрі де екі полюстің арасында жүріп жатыр деп ойлау, тіпті өз халқыңды силамаудың белгісі. Сондықтан да Әлихан Бәйменов, менің ойымша, оппозицияға емес, керісінше, мемлекет басшысына тиесілі дауыстарға ие болып кетеді”, - дейді Нұрболат Масанов.

Ал қазақстандық келесі бір саясаттанушы Досым Сәтпаев болса, алдағы президент сайлауындағы теке-тірес негізінен екі адамның, атап айтқанда - Жармахан Тұяқбай мен Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында болады, қалған кандидаттардың бәрі де билік тарапынан Жармахан Тұяқбайға тиесілі дауысты бөліп жіберу үшін қатыстырылып отыр. Досым Сәтпаевтың айтуынша, биліктің осы саясатын жүзеге асыруда Әлихан Бәйменов басты қызметті атқарады.

“Бұл сайлауда кімнің жеңіске жететіндігі бәріне де түсінікті болғандықтан, оның маңыздылығы осы додада екінші орынды кімнің иеленетіндігінде болып тұр. Сол себептен де Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі екінші орынды, ешкімде күмән тумас үшін, халықтың арасына танымал саясаткерлердің біреуі иеленуі тиіс. Міне, сондықтан да, билік екінші орын оппозициядан түсетін кандидатқа бұйырмас үшін, ол орынды Бәйменовке алып береді. Сөйтіп, халықаралық қауымдастық пен қоғамның алдында Қазақстанда оппозицияның беделінің жоқ екендігін дәлелдеуге тырысады” - дейді Д.Сәтпаев.

Саясаттанушының айтуынша, Президент сайлауы өткеннен кейін де билік Әлихан Бәйменовті біраз ойнатып, одан формальді түрдегі оппозиционердің бейнесін жасауға тырысады.

Ал, президенттікке кандидат Ә.Бәйменовтың сайлау штабы болса өз кандидатының сенімді өкілдеріне толық деңгейде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге жергілікті жерлерде заң мекемелері тарапынан кедергі жасалып жатыр деген мәлімдеме таратты.
XS
SM
MD
LG