Accessibility links

Орталық сайлау комиссиясы сенатор Зәуреш Батталованы әкімшілік жазаға тартуға негіз бар деп ұйғарды


Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Зәуреш Батталованы әкімшілік жазаға тарту жөнінде қаулы қабылдап, оны Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаевқа жолдады. Қазақстан Конституциясына сәйкес, сенаторды әкімшілік жазаға тарту керек пе, жоқ па - оны тек сенатордың әріптестері шешеді. Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков сенат депутаттары Зәуреш Батталоваға қатысты өзі жіберген хатқа қолдау білдіреді деген сенімде. Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, Зәуреш Батталова қазанн айының 8-күні Алматыда заңсыз шеру өткізді деп айыпталып отыр.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтің айтуынша, сенатор Зәуреш Батталованы әкімшілік жазаға тарту жөнінде ұсыныс Қазақстанның бас прокуратурасынан келген. Заңға сәйкес, бас прокуратура Парламент депутаттарын айыптай алмайды екен. Депутаттарды жауапқа тарту тек әріптестерінің ғана шешімімен жүзеге асады, дейді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.

– Заң бойынша парламенттің депутатын әкімшілік не болмаса қылмыстық жауапкершілікке тек ғана Парламент палатасының келісімімен тартуға болады. Ондай ұсынысты заң бойынша бас прокурор ғана жасайды. Батталоваға қатысты мәселені Республиканың Бас прокуроры Сенатқа ұсыныс жасады. Ал заңға сәйкес, Сенат қарар алдында Орталық сайлау комиссиясының қорытындысын алу керек. Біз тиісті қорытынды жасап, бекітіп жібердік, - дейді Оңалсын Жұмабеков.

Бірақ сенатор Зәуреш Батталова Орталық сайлау комиссиясының бұл шешімін өзінің Конституциялық құқығын аяққа таптау деп есептейді:

– Біздің мемлекетте депутаттың статусына ие болған азамат өз құқығын пайдалана алмаса, онда жергілікті халық өзінің құқығын қалай пайдалана алады?! - дейді ол.

Дегенмен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков өздері қабылдаған қаулыға сенат депутаттары қолдау көрсетеді деген сенімде.

– Орталық сайлау комиссиясының қорытындысына қарай әкімшілік зңдарды бұзғандығы орын алған. Сондықтан біздің ойымызша, сенатор Батталованы сенат жауапкершілікке тартуға негіз бар, - дейді Оңалсын Жұмабеков.

Ал сенатор Зәуреш Батталова болса, бұл істің әр жағында президент әкімшілігінің тұр деп санайды.

– Орталық сайлау комиссиясының іс-әрекеті тапсырма бойынша жасалынып жатқан әрекет. Ол тапсырманың қайдан шыққаны тағы белгілі, ол -президенттің аппаратынан. Қандай себеппен екені - ол да белгілі. Ол қазіргі сайлау науқанына тікелей байланысты. Неге десеңіз, мен қазір президенттікке үміткер Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі ретінде онымен бірге ел аралап кездесулер өткізіп жүрмін, - дейді Зәуреш Батталова.

Ал З.Батталованың әріптесі сенатор Светлана Жалмағамбетованың сөзінше, «сенаторларды халық сайламайды, мәслихат депутаттары сайлайды, сондықтан олар ең бірінші халықпен емес, өздері сайлаған мәслихат депуттаттарымен кездесуге міндетті».

Бірақ, Парламент депутаттары императивті мандатқа ие, олар тек өздері сайланған округтың депутаттары емес Қазақстан Республикасы Парламент депутаттары деген атаққа ие, ал осыған байланысты сенатор Светлана Жалмағамбетова «егер депутат өзінің емес басқа округтың сайлаушыларымен кездескісі келсе, онда оның қасында сол аймақтан сайланған депутаттар міндетті түрде болу керек», дейді.

Алайда «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі, билікке қарсы саяси күресте Зәуреш Батталовамен бірге жүрген Маржан Аспандиярова Парламент депутатына кез-келген республиканың тұрғыны өзімен кездесуге өтініш білдіре алады, оған тиым салу заңда көрсетілмеген, деп есептейді. Ал сенатор Зәуреш Батталова болса «билік менің Парламенттегі бір ай уақытымының өзін көп көріп отыр», деген тұжыврымға келіп отыр.

Өткен қазан айының 8-күні сенатор Зәуреш Батталова Алматы қаласындағы Астана алаңында сайлаушыларымен кездесу өткізетінін айтып, жұртшылықты құлақтандырған болатын. Белгіленген күні әлгі алаң маңында өткен кездесу-жиында Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығару және елде сөз бостандығына ерік беру мәселесі көтерілген еді. Осыдан кейін Қазақстанның заң орындары осы кездесуге қатысқан «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының бірқатар мүшелерін заңсыз шеру өткізді деп айыптап, жауапқа тартқан еді. Ал сенатор Зәуреш Батталованың депутаттық мерзімі енді бір ай уақыттан соң аяқталады.
XS
SM
MD
LG