Accessibility links

Қазақстанда адам құқығы саласында жұмыс істейтін жаңа ұйым құрылды


Қазақстанда адам құқығын қорғау саласында «Адам құқықтары үшін хартиясы» атты жаңа ұйым өз жұмысын бастап отыр. Халықаралық грант, жоба негізінде қаржыландырылатын, коммерциялық емес, бейүкіметтік бұл жаңа ұйымды Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро директорының бұрынғы орынбасары, заңгер Жеміс Тұрмағамбетова басқарады.

Сәрсенбі күні Алматыда жаңадан құрылған осы ұйым мен адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істейтіндері жөнінде бір келісімге келгендері туралы мәлімдеме жасады.

Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтистің айтуынша, адам құқығы саласында жұмыс істейтін осы екі ұйым да өз жобаларын іске асырумен айналысады, алайда кейбір жобаларды бірлесіп атқармақшы. Алдағы айларда екі ұйым бірлесіп бір жобаны атқаруға ат салысқалы отыр. Оның айтуынша Қазақстандағы адам құқығы саласында жаңа бір ұйымның дүниеге келуі қуантарлық жайт.

Ал жаңа ұйымды басқарғалы отырған Ж.Тұрмағамбетова өз сөзінде: «соңғы кезде ел арасында адам құқығын қорғау ісімен айналысатын топ өз ішінен бөлшектеніп, ажырасып жатыр деген суық сөз, алыпқашпа әңгіме жүр, шын мәнінде жағдай олай емес, құқық қорғаушылар ешқашанда ондай ажырасуға бармайды» дегенді айтты.

Адам құқығы саласында бірлесіп жұмыс істеуге ниет етіп отырған бұл екі ұйым өз араларында төрт түрлі мәселеден тұратын келісімге қол қойып отыр. Онда екі ұйым да Қазақстандағы адам құқықтары жағдайына ұқсас көзқараста және адам құқықтарының халықаралық үлгілерін алға бастыру саласында ынтымақтасуға ниет етіп отырғаны айтылыпты.

Алайда «үй ішінен отау тігіліп», бір мақсаттағы бұл екі ұйымның аяқ асты осындай келісімдерге барып, осындай мәлімдемелер жасауын кейбір сарапшылар түсініксіз жайт деп бағалап отыр. «Журналистер қауіп-қатер астында» деп аталатын үкіметтік емес ұйымның төрайымы Розлана Таукина бұл екі ұйымның қаншалықты бірлесіп жұмыс істей алатындығын алдағы уақыт, өмірдің өзі көрсете алады дейді.
XS
SM
MD
LG