Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.03.2005 жыл


Бейсенбі күнгі қазақстандық басылымдарда оппозиция атынан бірегей үміткер Жармахан Тұяқбайдың өзі мен оның өкілдері Қазақстанның қай түкпіріне барса да, оларға қарсы түрлі кедергілердің жасалып жатқандығы баяндалыпты. Жармахан Тұяқбай Есіл қаласына барғанда кәмілетке толмаған балалар “Әділетті Қазақстан” қозғалысының бағдарламаларын жыртып, жиын өтіп жатқан жердің шырқын бұзыпты. Оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдарда Америка Құрама Штатында өтетін, жүртшылықтың арасында “Қазақгейт” деген атауға ие болған сот процесіне байланысты мақалалар жарық көріпті.

“Жас Алаш” басылымында жарық көрген “Әділ сайлаудың сиқы” атты мақалада оппозиция атынан бірегей үміткер Жармахан Тұяқбайдың өзі мен оның өкілдері Қазақстанның қай түкпіріне барса да, оларға қарсы түрлі кедергілердің жасалып жатқандығы баяндалыпты. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы Болат Әбіловтың Орал қаласында, Таразда Серікболсын Әбділдиннің кездесу өткізуі үшін жергілікті басшылықтың кедергі жасап баққандығын мысалға келтіріпті. Ал, Жаңатастағы кездесуге жергілікті мәслихат депутаты келіп, тұрғындардың дереу залдан шығуын талап еткен. “Әділетті Қазақстан” қозғалысы таратқан мәліметтерге жүгінсек, жұртшылықпен кездесудің барлығында масайып алған жастардың бүлік салуы, шамның өшіп қалуы, ғимаратты қоршап келем деушілердің жолын бөгеу сияқты оқиғалар қайталанып отырған.

“Жас Алаш” газетінде жарық көрген Жұлдыз Әбділданың мақаласында Назарбаевтың басты қарсылысы Жармахан Тұяқбай Есіл қаласына барғанда кәмілетке толмаған балалардың “Әділетті Қазақстан” қозғалысының бағдарламаларын жыртып, жиын өтіп жатқан жердің шырқын бұзғандығының оқиғасы баяндалыпты.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген мақалада Қазақстандағы “Қайсар” жастар саяси-қоғамдық қозғалысы өкілдерінің “Әділетті Қазақстан” қозғалысы кеңсесінің алдына келіп, Қазақстан Президенттігіне кандидаттардың бірі Жармахан Тұяқбайға қатысты өз наразылықтырын білдіргендігі хабарланыпты.

“МК в Казахстане” басылымында жарық көрген басты мақалада да Қазақстан Президенттігіне кандидаттардың бірі Жармахан Тұяқбайдың сайлауалды бағдарламасын сынға алған мақала жарық көріпті.

“Жұма таймс” және “Свобода слова” басылымдарында Америка Құрама Штатында өтетін, жүртшылықтың арасында “Қазақгейт” деген атауға ие болған сот процесіне байланысты мақалалар жарық көріпті. Атап айтқанда, “Жұма таймс” газетінде жарық көрген мақалада АҚШ тың Мемлекеттік хатшысы Кондализа Райстың кеткеніне екі апта өтпей жатып-ақ Қазақстандағы үкіметтік делегацияның АҚШ қа ұшып кеткендігі баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, дәл қазіргі уақытта Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында адам құқығы мен демократиялық нормалардың бұзылып жатқандығына орай халықаралық сынды азайту, және ашық жағдайда өтетін “Қазақгейт” сотынан өз басын арашалап қалу мақсаты тұр. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстанда Президент сайлауы өте салысымен-ақ Нью-Иорктегі аймақтық сот Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болған, американдық азамат Джеймс Гиффеннің американдық мұнай компанияларынан миллиондаған доллар пара алды деген айыптауларға қатысты мәселелерді талқылай бастайды. Газет тілшісінің хабарлауынша, АҚШ тағы Карнеги қорында жасаған Кәрім Мәсімовтың баяндамасын тыңдауға тек қана саясаттанушылар, дипломатар ғана емес, сонымен қатар осы елдің тергеу бюросының федералдық қызметінің өкілдері де қатысқан Ал, әңгіме ауаны “Қазақгейт” тақырыбына көшкен кезде АҚШ тағы Қазақстан елшісі Қанат Саудабаев қайта-қайта біреулерге телефон шалып, барлық мән-жайды баяндап отырған.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген мақалада АҚШ та өтетін сот процесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты жабық айыптаулардың бар екендігі хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сотқа шақыру қағазы жіберілгеннен кейін, Джеймс Гиффеннің қорғаушылары бұл мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты жабық айыптаудың оқылуын талап етуі ықтимал. Сондай-ақ мақалада Джеймс Гиффеннің адвокаттарының сот барысында Қазақстанның бірінші басшыларының оны американдық мұнай компанияларынан пара алуға мәжбүрлегендігін дәлелдеуде тырысатындығы да айтылыпты.
XS
SM
MD
LG