Accessibility links

Қарашаның 3-інде әлем мұсылмандарының Ораза айт мерекесі басталды. Исламның бес парызының бірі - 30 күн ораза тұтудан кейін үш күнге жалғасатын бұл мерекені Қазақстан мұсылмандары да тойлауда. Бейсенбі күні таң сәріден Алматы мешітіне қарақұрым болып жиналған жамағат айт намазына жығылды.

Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Құлмұхамбет қажы Махамбет намаз оқып, мінәжәт ету үшін мешітке жиналған халықты айт мерекесімен құттықтады.

«Жер бетіндегі күллі мұсылман үшін қасиетті күні ниет-тілектеріңіз қабыл болсын. Аллаға шүкір, биылғы қасиетті рамазан айын да Алланың берген күш-қуатымен өткізіп отырмыз. Мұсылман адам өз ата-анасы мен жақын-туысқа ғана қайырымды болып қалмай, мүсәпір-міскін жандар мен жетімдерге де әркез мейірім танытуды қаперде ұстаса дейміз. Және де, иншалла, Аллаһ-тағала елімізге бірлік-береке берсін”, - деді бас имам Алматы мешітіне жиналған жамағатқа арнап айтқан уағыз сөзінде.

Бұл күні мешітке келіп құран оқытқандар арасында жастар да көп болды. Солардың бірі - Асылай Сүлейменова:

“Айт мейрамын туған үйімізден жырақта тойлап жатырмыз. Қолымыздан келгенше, жоралғыларын жасауға тырыстық. Бұл мұсылмандар үшін береке-бірлік мерекесі. Сондықтан бүгін ниет етіп мешітке келдік. Басқа мерекелердің де өз орны бар. Бірақ, айт - ерекше мереке”, - дейді.

Мерекелік көңіл-күймен мешітке келгендердің тағы бірі Жансерік:

“Қасиетті рамазан айында ораза тұттық. Дінге сенеміз. Жастар айт мерекесін әрқалай атап өтеді. Мүмкін болғанынша айт жасауға тырысады. Қазіргі жастардың дінге бер бұрысы үлкендер тарапынан таңданыс тудырып отыр. Бұрын жастар қазіргідей ораза тұтпайтын”, - дегенді айтты.

Мешіт қызметкерлері жыл өткен сайын дінге, мұсылмандыққа бет бұрған жастардың қатары өсіп отырғанын айтады.

«Бұл бізді қуантады. Аллаһ осыны ұзағынан сүйіндірсін. Дегенмен, жастарға ислам діні туралы үгіт-насихат жұмыстарын жандандыра түссек олардың ықыластары, иншалла, шексіз. Бұл - Діни басқарманың, біздің имамдардың алдындағы міндет. Қазір Алматыдағы Нұр-Мүбәрәк университетінен жастарымыз жыл сайын дін саласында білім алып шығып жатыр. Әрине, бұл жеткілікті деп айта алмаймыз. Мұны күшейте түсеміз. Дегенмен, әрбір мұсылман адам өз білгенін білмейтін адамға үйретуі керек. Ол - мұсылманның мойнындағы бір парыз. Бүгінгі ораза айтымыз құтты болсын”, - дейді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының іс басқарушы қызметкері Әлішер қажы Спанұлы.

Кейбір деректерге қарағанда қазіргі күні 15 млн тұрғыны бар Қазақстан халқының тең жартысынан астамы ислам дінін ұстанады.
XS
SM
MD
LG