Accessibility links

Америка расында да шетелдерде құпия түрме ұстай ма?


АҚШ арнаулы қызмет орындары бірнеше мемлекетте құпия түрме ұстайды, оларда террорист деп күдіктелетіндер заңсыз қамалады деген ақпарат жөнінде АҚШ ресми өкілдері ешқандай сипаттама айтпай отыр. Құпия түрмелер жайында 2 қараша күні "Вашингтон пост" газеті жазды. Бұл репортаж АҚШ арнаулы орындары Ауғанстанда және Ирақта тұтқында алынғандардың құқықтарын бұзады деген сын айтылғанда жарияланып тұр.

"Вашингтон пост" газеті құпия түрмелер жүйесі осыдан төрт жыл бұрын 11 қыркүйек шабуылдарынан соң құрылды дейді. Түрмелер Таиланд, Ауғанстан және Шығыс Еуропада барлығы сегіз елде орналасқан делінеді. Қауіпсіздік қамымен бұл елдер аталмай отыр-мыс. Құпия түрмелерде "Әл Қаида" сияқты үлкен террорлық ұйымдардың адамдары қамалған, олардың құқықтарын қамтитын АҚШ заң талаптары орындалмайды делінеді. Жалпы түрмелерде 100 шақты күдікті азамат Орталық барлау агенттіктері қаншалықты қажет десе соншалықты отырады делінеді. Газет олар кімдер екенін, оларға қатысты шешімдер қалай қабылданатынын, тергеу барысы қандай екенін жазбады.

Газет репортажы жарияланғалы бері АҚШ-тың бірде-бір ресми өкілі қолма-қол анық сипаттама айтқан жоқ, "Вашингтон пост" газетінің мәліметін не растаған жоқ, не мақұлдаған жоқ. Мәселен, АҚШ ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі кеңесшісі Стифен Хедлей газеттерде жарияланған барлау жұмысы жайындағы жорамалдар жайында әдетте әңгіме көтермейміз дейді:

- Біз өз міндетімізді атқарып отырмыз, елімізді террорлық шабуылдардан қорғап отырмыз, терроризмге қарсы соғыста жеңіске жетуіміз керек. Бұл шаруаны құндылықтарымызға сай атқаруға бекем екенімізді президент Буш анық біледі. Америка Құарама Штаттары тарапынан азаптауға жол берілмейтінін Буш жақсы біледі. АҚШ өз қызметін заң мен халықаралық міндеттемелерге сай атқарады.

"Вашингтон пост" газетінің мәліметі расталатын болса ешкім таң қалмайды, - дейді Стифен Хедлейден басқа бір тұлға. Газет репортажы АҚШ арнаулы орындары Ауғанстанда және Ирақта тұтқынға алынғандардың құқықтарын бұзады деген сын қайтадан күшейе түсткенде жарияланып тұр. "Хьюман райтс уотч" ұйымының әскери талдаушысы Марк Гарлескоу газеттің жазғаны әбден рас болуы мүмкін дейді:

- Орталық барлау агенттігі пайдаланатын ұшақтарға қарасақ, олар адамдарды ары бері тасиды. Тұтқындар қолға түскенде, Ауғанстаннан тұтқындарды алып кету керек болғанда олар әлемнің қалаған жері арқылы ұшады. Ұшақтардың кестелерін көрсек, олар Орталық барлау агенттігі орналасқан Виржиния штаты Ленглей қаласынан ұшып жатады. Не болмаса басқа әскери жерлерде болады. Сосын олар Еуропаға барып, жанар-жағармай құяды, Ауғанстаннан тұтқындарды алып, әлемнің түрлі жеріне кете береді.

"Вашингтон пост" газетінің репортажы жайында сипаттама беруден АҚШ ресми өкілдері сейсенбі, сәрсенбі күндері бас тартса – басқа тараптардан түрлі пікір түсіп жатыр. Құпия түрмелердің бар екені расталса – Америка жауларының қолына су қуйылады, - дейді сынаушылар. Ресей, Румыния және Болғария біздің жерімізде ешқандай америкалық түрме жоқ деді. БҰҰ-ның азаптауларға қарсы арнайы елшісі Манфред Новак АҚШ-тың Гуантанамо түрмесіндегі соғыс тұтқындарының жағдайымен толық танысуымыз керек, АҚШ ресми орындары тиісті рұқсат берсін деді. "Халықаралық Қызыл Крест" ұйымы террорист деп күдіктеліп АҚШ тарапынан қамалып отырған барлық шетел азаматтардың жағдайымен танысуымыз керек деп талап қойды.
XS
SM
MD
LG