Accessibility links

Алматыда оппозициялық газеттің кезекті санын полиция тағы да тәркіледі

  • Досан БАЙМОЛДА

Бейсенбі күні Алматыдағы «Дәуір» баспасында 100 мың тиражбен басылып шыққан оппозициялық апталық «Жұма-Таймс» газетінің кезекті №44 -ші санын полиция ұстап алып кетті. Газет жанашырлары мұны осы басылымда жарық көрген билікке қарсы айтылған сыни мақалаларға байланысты болуы мүмкін деген болжам айтады.

Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні баспаханада басылып шыққан газет қарашаның 3-күні бөлшек сауда арқылы жұртшылыққа тарауы тиіс еді. Алайда, таңертеңнен Алматы қаласындағы Медеу аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жол полициясы өкілдерімен бірлесіп «Дәуір» баспаханасынан шығар жолды торуылдап тұрды. «Жұма-Таймс» басылымы бас редакторының орынбасары Бақытгүл Мәкімбайдың «Азаттық» тілшісіне айтуынша, полиция қызметкерлері әуелі баспахананың ішіне кіріп, газеттің бір бумасын, яғни 200-дей данасын тексереміз деген сылтаумен алып кеткен екен. Ал баспахана аумағынан ішінде «Жұма-Таймс» басылымының соңғы санының 100 мың дана тиражын тиеген екі автокөлік сыртқа шығысымен оны жол полициясы тоқтатқан соң, автокөліктерді лезде қоршап алған полиция адамдары оған тиелген газеттерді түгелдей алып кетуге әрекеттенді.

Осы арада газет редакциясының қызметкерлері мен полиция адамдары арасында қызу сөзталастары болды. Редакция қызметкерлері полиция өкілдерінен газетті тәркілеуге құжаттың бар-жоғын сұрады. Бірақ, әлгіндей құжат көрсетпеген полиция газетті тәркілеу жөнінде берілген нұсқау бар екендігін алға тартты. Бұл оқиғаның барлығы сол жерге редакция қызметкерлерімен бірге жиналған ақпарат құралдары өкілдерінің және Қазақстандағы сайлауды бақылау үшін осында келген шетел бақылаушыларының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюросы өкілдерінің көз алдында өтті.

Ақыр соңында полицияның айтқаны бойынша «Жұма-Таймс» газетін артқан екі машина Медеу аудандық ішкі істер бөліміне апарылып, сол жерде газетті тәркілеу жөнінде хаттама жасалып, газеттің құрылтайшысы үстінен әкімшілік іс қозғау туралы қаулы шығарылғаны хабарланды. «Жұма-Таймс» басылымының оқырмандарына газеттің бас оқырманы ретінде танымал, билікке оппозициядағы журналист Ермұрат Бапи:

«Бұл осымен полиция тарапынан газетті тәркілеп отырған үшінші оқиға. Себебі, «Жұма-Таймс» басылымы Қазақстан басшылығына қатысы бар «Қазақгейт» ісі жөнінде үнемі батыс бұлақтарында жарияланған мақала, хабарларды беріп отырады. Басылымның осы жолғы санында Қазақстан президентінің кеңесшісі Кәрім Мәсімовтың АҚШ-қа барған кейінгі сапары кезінде осы «Қазақгейт» ісіне қатысты американдықтар тарапынан айтылған сұрақтарға оның жауап бере алмағандығы жөнінде бір мақала ресейлік бір газеттен көшіріліп басылған болатын. Бәлкім, сол билікке ұнамаған болуы керек, сондықтан оны жұртшылыққа таратпау үшін газетті тәркілеу жұмысы жүріп жатқан секілді», - дейді.

Осы оқиғаны көріп, бақылаған ТМД мемлекеттеріндегі сайлау процесстерін бақылайтын халықаралық ұйымның өкілі Стефан Новосельчан полиция тарапынан газетке қарсы жасалып жатқан бұл іс-әрекетті заңсыз деп бағалады.

«Өйткені, полиция қолында газетті не себептен тәркілеу туралы прокуратура шешімінің жоқ екендігін айтты. Ал мұндай тұрғыдағы барлық әрекет тек заң шеңберінде ғана болуы керек», - деді ол.

Бұл оқиғаға қатысты «Азаттық» тілшісінің сұрағына берген жауабында, оппозициялық газетті тәркілеу акциясын басқарып жүрген Медеу аудандық ішкі істер бөлімінің өкілі, полиция капитаны Рашид Жақсылықов:

«Жұма-Таймс» басылымы Әділет министрлігінің келісімінсіз, заңсыз шығып жатқан басылым болғандықтан, оны тәркілеуге құқығымыз бар», - дегенді айтты.

Бірақ, редакция заңгері, адвокат Дүйсенбек Баймақанов болса полицияның бұл іс-әрекеті заңсыз, қолында басылымды тәркілеуге негіз болатын ешбір құжат, шешім жоқ бола тұра, полицияның өзі заңсыз әрекеттерге барып отыр дегенді айтты.
XS
SM
MD
LG