Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.04.2005 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдардың басым көпшілігі Қазақстанда өтетін алдағы президент сайлауына қатысты қазақстандық сарапшылардың пікірлері мен осыған қатысты сараптамалық мақалаларды оқырмандар назарына ұсыныпты.

Осы тақырыпқа байланысты «Жас Қазақ» апталығы қазақстандық белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғалидың газетке берген сұқбатын жариялапты. Сұқбат, «Президент өз көзірін ойынның аяғына дейін сақтап отыр» деп аталады. Ә.Ғали саясаттанушы ретінде осы жолғы сайлауда президент Н.Назарбаев бірінші турда 52-55 проценттік дауысқа ие болып жеңеді, ал 70-80 процент дауыс алу оған қажет емес деген пікір айтқан. Ал екінші орынды кім иеленеді деген мәселеде Ә.Ғали «бұл орынға Бәйменов пен Әбілқасымов таласады, ал оппозизияның бірегей кандидаты Ж.Тұяқбай соңғы орында М.Елеусізовтен де артта қалады, биліктің тілегі осындай» дейді. Сайлаудан кейін «қазақ мәселесі басты көзірге айналады, ескі ұлтшылдардың орнына жас ұлтшылдар келеді. Сайлаудан кейін жаңа президент қазақ хандығының 450 жылдығын дүркіретіп тұрып тойлайды, сосын бізде мықты мемлекет болғанына бәріміздің көзіміз жетіп, көңіліміз орнына түседі» дейді саясаттанушы Ә.Ғали «Жас Қазақ» газетіне берген сұқбатында.

«Апта.кz» басылымы осы сайлау тақырыбына қатысты тілші Батыр Жолқұттының «Астананы Назарбаевтық үгіт жаулап алды» деген мақаласын жариялапты. Мақала авторының жазуынша, «Орталық сайлау комиссиясының президенттікке үміткер етіп 5 кандидатты тіркегені олардың арасындағы күрестің тең жағдайда өтеді дегеннің бос сөз болып қалғаны сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысы басталған бірінші күні көріне бастаған. Астананы мүмкіндіктері мен құзіреті күшті назарбаевтық үгіт басып алып басқа үміткерлерге айқын басымдық көрсетіп жатыр.Елорданың барлық көшелерінде кандидат Н.Назарбаевтың билбордынан көз сүрініп, оның плакаттарына маңдай тірейтін жағдайда» деп жазады газет тілшісі. «Осы жағдайды байқаған оппозициядан шыққан ортақ кандидат Ж.Тұяқбайдың өкілі баспасөз мәслихаты кезінде билік тарапынан орын алып отырған қысым мен үгіт орындарында тек бір ғана кандидат Н.Назарбаевтың асығы алшасынан түсіп отырғанын ОСК-ның төрағасы Оңалсын Жұмабековке жеткізді. Ең ғажабы, Жұмабеков бұндай жағдайдан хабарсыз болып шықты» деп жазады Апта.кz басылымы.

«Аzamat.kz» басылымы президенттіктен үміткер ретінде өз кандидатурасын ұсынып, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан тіркелмей қалған парламент сенатының депутаты Уәлихан Қайсардың Орталық сайлау комиссиясының үстінен Қазақстанның Жоғарғы сотына арыз-шағым түсіргені туралы жазыпты. У.Қайсар соттан Орталық сайлау комиссиясының өзіне қатысты шығарған шешімін өзгертіп, президенттіктен үміткер ретінде тіркеуін талап етіп отыр, себебі, сайлаушылардың өзін қолдаған 100 мыңнан астам қолын Орталық сайлау комиссиясы дұрыс есептемеді деген У.Қайсар газетке берген сұқбатында. Шағымданушы У.Қайсардың айтуынша өзін қолдағандардың дені 1960 жылдан кейін туған азаматтар, яғни кілең жастар, сондықтан билік солардан қорқып отырған көрінеді. Ал сайлауды қадағалау қоғамдық комитетінің мүшесі Мұрат Әуезов болса газетке ең бастысы - биылғы сайлау таза әрі әділ өтуі керек деген пікір білдірген.

«Қазақ әдебиеті» басылымы да осы сайлау тақырыбына қатысты газет тілшісі Қуанбек Боқаевтың «Лайықты орындар неге бөлінбейді» атты мақаласын оқырмандар назарына ұсыныпты. Мақалада айтылғанындай, президенттіктен үміткер Ә.Бәйменовтің Астана қаласындағы сауда-экономика колледжінде сайлаушылармен кездесуі болмай қалған. Себебі, «Астана қаласының әкімшілігі үміткерді сайлаушылармен кездестірмеудің түрлі айла-амалдарын жасап, оны қала сыртында өткізуге мәжбүрлепті». Бұл жағдайды «өз көздерімен көрген ОБСЕ бақылаушылары да бұған таң қалғандарын жасырмады» деп жазады газет тілшісі. Ал осы газеттің Астанадағы тілшісі Ғазиз Жүністің хабарлауынша қазан айының 25-30 аралығында президенттіктен үміткерлердің іс-әрекеттеріне қатысты орыс және қазақ тілінде жалпы 178 материал жарық көрген екен. Соның 111-і «Қазақстан» және «Хабар» телеарналарында көрсетілсе, «Қазақ радиосы» 5 хабар таратыпты, ал газеттерде 16 мақала басылса, «Қазақпарат» агенттігінде жаңалық түрінде 46 материал жарық көріпті.

Апталық «Түркістан» басылымы да осы сайлау тақырыбына арнап Жармаханның сайлауалды үгіт-насихаты қарқынды жүріп жатыр деген мақала басыпты. Газеттің жазуына қарағанда қазір біріккен оппозицияның үміткері Ж.Тұяқбайдың сайлау штабы тым белсенді жұмыс атқарып жатыр. Ж.Тұяқбай Павлодар, Қостанай, Семей өңіріндегі сайлаушыларымен кездескен. «Алайда, оппозиция өкілдері сайлауалды компанияда өз құқықтарын бұзған фактілердің орын алғандығын, сондай-ақ оппозициялық газеттерді тәркілеу, үгіт-насихат жұмыстарына БАҚ-тан тең мүмкіндік берілмей жатқандығын айтуда» деп жазады «Түркістан» басылымы.
XS
SM
MD
LG