Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.05.2005 жыл

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қарашаның 5-күні жарық көрген мерзімді басылымдарда Қазақстанда әдетінше жыл сайын күз мезгілінде мемлекеттік деңгейде үлкен әңгіме өзегіне айналатын жанар-жағармай мәселесімен қатар Қазақстан президенттігіне үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары турасындағы түрліше жайттар туралы материалдар жарияланыпты.

Сенбі күні жарық көрген «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси күнделігі жанар-жағармай мәселесіне орай журналист Айхан Шәріптің «Школьник түсірді бензиннің бағасын, ендігісі - Мыңбаев мырза саған сын» деген мақаласын оқырман назарына ұсынған. Автор бұл материалында темір тұлпарлары бар қазақстандықтарға жағымды жаңалық жеткізіпті. Енді Қазақстандағы жанар-жағар май бағасы тамыздағы, яғни жаздағы құнына дейін құлдырайтын болады. Бұл қадамға үкімет елдегі барлық мұнай монополистерін осы тәртіпке бағынуға шақыра отырып барып отыр екен. Мақала авторы энергетика және минералдық ресурстар министрі Владимир Школьниктің елдегі үш ең ірі отандық мұнай өңдеу зауыттарының қожайындарымен қатар отандық мұнай өңдеу нарығындағы басқа да үлкен кәсіпорындар басшыларымен, сондай-ақ 14 облыс әкімінің орынбасарларын тегіс жинап уағдаласқан кеңестен кейін енді Қазақстанда жанар-жағар май бағасы төмендеуге тиістігін айтады. Егер бұл келісім бұзылып, қандайда аймақта баға көтерілетін болса, оған жауапты шенеуніктерге үкімет қатаң жаза қолданбақ екен.

Ал осы тақырыпты бүгінгі таңдағы елдегі ең маңызды мәселе ретінде қаузаған «Казахстанская правда» газетінің қарашаның 5-күнгі санында жарық көрген мақалада бұл мәселеге үкімет жанар-жағармай нарығын өз ырқына көндіріп, оған ықпалын жүргізе бастады деген баға берген. Үкімет бас болып, қалған елдегі осы салада еңбек етіп келе жатқан барлық мұнай монополистерімен қатар аталған мәселеге жауап беретін шенеуніктер қол қойған құжат шеңберінен шығып кетпеу енді оларға батпан міндет болып отыр делінген аталған мақалада.

Сондай-ақ аталған мәселеге өзінің соңғы санында жіті тоқталған «Экспресс К» газеті де бұл қадамның тың бетбұрыс әрі уағдаластыққа қол жеткізген әсіресе мұнай монополистері үшін сын болып қалғандығын айтады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалиннің айтуы бойынша, енді Қазақстанда жанар-жағар май бағасы шамамен: 80 маркалы бензин 47 теңге, 90 маркалы бензин 59 теңге және дизелдік отынның бағасы 48 теңге көлемінде болуға тиіс екен. Сонымен қатар мақалада енді үкімет, тиісті министрлік тарапынан жанар-жағар май нарығы қатаң бақылауда болатындығы айтылған.

Дегенменде сенбі күні жарық көрген «Жас алаш» газетіндегі «Өңделген мұнай бағасының өңі неге суық» атты мақалада бұл елдегі жанар-жағар май бағасының ендігі жағдайда төмен түсіп, қалыпты деңгейде тұратындығына күмән білдіріледі. «Соңғы 9 айдың ішінде 9,06 миллион тонна мұнай өңделіп, былтырғы көрсеткіштен 14,7 пайызға артқан. Министрліктің айтуынша, өңделген мұнай өнімдерінің барлығы дерлік ішкі нарықта сатылған. Сонда жанар-жағар май бағасы неге өсіп кетті? Бұл сұрақтың нақты жауабын ешкім бермей отыр», дейді мақала авторы Шыңғыс Мұқан.

Және де осы «Жас алаш» газетінің соңғы санында сайлау науқаны барысында Қазақстан президенттігіне үміткерлердің кейбіріне қатысты жүргізіліп жатқан қара пиар туралы мақала жарық көріпті. Журналист Ерік Рахым «Жармаханды жарға итермек болғандардың қателігі неде?» атты мақаласында жұма күні құрылғандарынан хабар берген «Желтоқсан» қоғамдық қозғалысының басты мақсаты «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайды тұқырту екенін айтады. Автор «Желтоқсанды желеу етіп, саяси технологтар әрнені түртпектеп жүріп, Жармахан Тұяқбайға орынсыз қара күйе жаққанда таяқтың жуан басы кімнің қақ шекесіне сарт ете қаларын ескермепті» деген түйін жасайды.

Ал «Егемен Қазақстан» газетінің сенбі күнгі санында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына үш күндік жұмыс сапарының соңғы күнін Кентау қаласында қорытындылағаны жөнінде мақала жарық көрген. Онда Н.Назарбаевтың шағын қалалар тұрғындары алдындағы уәделерін де орындап жатқандығы айтылған.
XS
SM
MD
LG