Accessibility links

Өзбек босқыны Ризақожа Обидов Алматыдағы Еуропалық Комиссиясының өкілдігі алдында наразылық акциясын өткізді

  • Досан БАЙМОЛДА

Биылғы жылы Өзбекстанның Әндіжан қаласында орын алған қанды оқиғаға арнап «Әндіжаннаме» атты өлең шығарғаны үшін Өзбек билігі тарапынан қуғындалып, өз елінен кетуге мәжбүр болған Өзбек журналисі Ризақожа Обидов 4 айдан бері Алматыда саяси босқын ретінде тұрып жатыр.

БҰҰ-ның босқындар жөніндегі жоғары комиссариатының Қазақстандағы өкілдігі осыдан екі ай бұрын оған БҰҰ-ның босқын мәртебесін беріп, Еуропадағы Голландия елі оны кешікпей шақырады деп сендірген болатын. Содан бері екі айдан артық уақыт өтсе де ешқандай шақыру қағаз алмаған Р.Обидов шыдай-шыдай, ақыры өзінің наразылығын танытуға барып отыр. Ол сейсенбі күні таңертең ертемен Алматыдағы Ш.Қалдаяқов пен Әйтеке би көшелері қиылысындағы Еуропалық комиссияның өкілдігі орналасқан ғимарат алдында өзінің наразылық акциясын өткізе бастады. Ақ қағазға орыс тілінде «Босқындарға мейірімділік керек! Босқындарды кімдер алдап отыр, БҰҰ-ы ма, жоқ әлде Нидерланд үкіметі ме?» деген сөздер жазылыпты.

Алайда түске дейін өзбек босқыны Р.Обидовқа аса жаны ашып, оған қамқорлық танытқан ешкім болмады. Тек түскі асын ішуге шыққан өкілдік қызметкерлерінің бірі өкілдіктің саяси мәселелер жөніндегі қызметкері Алессандро Лиамине наразылық акциясын өткізіп жатқан өзбек босқыны туралы жедел хабар алып, оқиға орнына жеткен бір топ журналистердің сұрақтарына жауап беруге келісім берді. Ол өзбек босқынының талаптарына байланысты ең алдымен Алматыдағы БҰҰ-ның босқындар мәселесі жөніндегі жоғары комиссариатының өкілдігіндегі тиісті адамдармен және Алматыдағы Голландия елішілігінің адамдарымен сөйлеспек ойда екендігін айтты. Сондай-ақ ол өзбек босқыны Р.Обидовқа Еуропалық комиссия босқындар мәселесімен айналыспайды, сондықтан да мәселені босқындар мәселесімен айналысатын тиісті жерлерге қою керек екендігін айтып түсіндірді.

Бұдан соң Р.Обидов өзінің наразылық акциясын тоқтатып, Алматыдағы БҰҰ-ның босқындар мәселесі жөніндегі жоғары комиссариаттың өкілдігіне қарай баратындығын білдірді. Өзбек босқыны Р.Обидовтың айтуынша, қазір оның жағдайы өте ауыр, жатар жер, ішер тамақ жоқ. Ол өзінің көбінесе Алматыдағы БҰҰ-ның өкілдігі орналасқан ғимарат алдындағы орындықтарға жатып, күн өткізіп жүргендігін айтады. Ал біз хабарласқан БҰҰ-ның босқындар жөніндегі өкілдігінің Әлия есімді қызметкері өкілдік тарапынан қайсыбір босқын туралы ешқандай мәлімет хабар бере алмайтындығын, себебі, «бұл - өте нәзік, сезімтал мәселе» екендігін айтты.
XS
SM
MD
LG