Accessibility links

Шәкірті өзіне-өзі қол жұмсаған медресені заң орындары тексеріп жатыр


Алматы қаласындағы Шәкәрім атындағы медресені қалалық Ішкі істер басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері екі күннен бері тексере бастады. Бұған себеп болған жасы 32-лер шамасындағы Оңтүстік Қазақстан облысынан келіп оқып жатқан азаматтың өзіне-өзі қол жұмсап, ауруханаға түсуіне түрткі болған аталған медресе басшылығы екендігі жөніндегі шағымы дейді Алматы қалалық Ішкі істер басқармасы қызметкерлері.

Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының баспасөз бөлімінің қызметкері Арман Жусанбай оқиғаның 6 қараша күні түнде болғанын айтады. Шәкәрім атындағы медресенің әзірге аты-жөнін атамауды өтінген шәкірті медреседен кеткісі келетін өтінішіне ұстаздарының құлақ аспауына қарсылық ретіндегі өзіне-өзі қол жұмсауы салдарынан ауруханаға түсіп, бұл мәселеге құқық қорғау органдары араласуы қажеттігін өтінгені аталған медресені қалалық Ішкі істер басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің тексеруіне түрткі болды дейді ол. Шағымданушы тек өзінің ғана емес, басқа да бірқатар шәкірттердің денелеріне түрлі жарақаттар салу арқылы білдірген қарсылығы медресе басшылығы тарапынан күшпен басылып, қараңғы жертөлеге қамау арқылы жазаланып келгендігін алға тартқан дейді қалалық Ішкі істер басқармасының баспасөз бөлімінің қызметкері Арман Жусанбай.

Ал енді осы мәселеге орай Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар Өмірбекке хабарласқанымызда, ол Шәкәрім атындағы медресенің іс-әрекетіндегі қайшылықтарға орай бірнеше жасаған қарсылық-ескертпелері қолдау таппағанын айтты.

Бұл ретте «Сенім.Білім.Иман» атты қоғамдық бірлестік аясында жұмыс істейді делінген аталған медресенің негізін қалаушылардың бірі, Алматы қалалық маслихатының депутаты Саят Ыбырайға хабарласқанымызбен онымен тілдесудің сәті түспеді.

Дегенмен Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының баспасөз бөлімінің қызметкері Арман Жусанбай өзіне-өзі қол жұмсаған медресе шәкіртінің денсаулығы қазір қалыпқа келгенін, бұл іске байланысты шешім тергеуден соң белгілі болатындығын айтты. Сондай-ақ Арман Жусанбай осы кезге дейін 140-тан астам шәкірт дәріс алып келген Шәкәрім атындағы медресе жұмысы қазір тоқтап тұр дейді.
XS
SM
MD
LG