Accessibility links

Ресей үкімет орындары Франциядағы қақтығыстардан қортынды шығара ма екен?


Францияда өтіп жатқан мигранттар толқулары мұндай жағдай Ресейде орын алуы мүмкін бе деген сауал туғызды. Заңдастырылмаған еңбек мигранттары Ресейде өте көп, және олардың қатары өсіп келеді. Адам құқықтарын қорғау ұйымдары еңбек мигранттары Ресейде көптеген жағдайда құлдық дәрежеде жұмысқа салынады, жұмысберушілер мен полиция оларды қатты қорлайды деп ескертіп келеді. Ресейде, сол сияқты, еңбек мигранттарына жеккөрінішпен қарау, оларға күш жұмсау үрдісі өсіп келеді. Ресей үкімет орындары Франциядағы қақтығыстардан қортынды шығара ма екен?

Ресей үкіметінің адамдары еліміздің халқы тез қысқарып келеді, сондықтан еңбек мигранттары қажет деп көп айтады. Бірақ еңбек мигранттарының жағдайын түзейтін заң қолға алынатын емес. Ресей Федералды көші-қон мекемесі Ресейде кемінде бес миллион, ары кетсе он бес миллион заңсыз мигрант бар деп есептейді. Құқықтары шектеулі болған соң олар қорғансыз құрбандарға айналып жатады. Полицияның коррупцияға батқан өкілдері олардан пара алады, жұмысберушілер оларға кем жалақы төлеп, өз пайдаларын шығарады.

Ресей Федералды көші-қон мекемесі еңбек миграциясын қадағалау департаментінің бастығы Вячеслав Поставнин 8 қараша күні баспасөз-мәслихатын өткізіп, мигранттарды заңдастыру жөнінде сынақ жобасын іске асырып жатырмыз деп хабарлады. Ресей заңы бойынша заңсыз мигранттар елден шығарылу керек. Іс жүзінде заң талабы орындалмайды, заңды жетілдіру қажет. Мигранттарға заң мәртебесі берілсе олар Франциядағыдай ереуілдетпейді, - дейді Вячеслав Поставнин:

- Еңбек мигранттарын заңдастырмасақ, оларды оқшалауландырып тастаймыз, қылмысқа итереміз, оларды құқықтарынан айырамыз. Ресейде заңсыз мигранттардың қатары өте үлкен, олардың құқықтары шектелген, олар ішкі істер министрлігі мекемелері тарапынан қысым көреді. Демек, олар араңдатудың жетегінде кетіп, кез-келген бүлікке қатысуы мүмкін. Ал оларға заң мәртебесін берсек, тыныш жұмыс істеуге мүмкіншілік берсек – олар мұндай бүліктерді керек қылмайды.

Францияда қазір еңбек мигранттарының екінші буыны толқып жатыр. Алғашқы буын Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Африкадан шақырылған болатын. Көтерілістер негізінен мигранттар тұратын кедей елді мекендерде өтіп жатыр. Көтеріліске сылтау болған жағдай – мигранттар тұратын мекеннің екі ересек баласы электр қосымша станциясында токқа түсіп өлді. Бұрқ ете түскен қақтығыстарда жүздеген мәшине өртелді, ереуілшілер мен полиция арасында қақтығыс көп. Көптеген жұрт көтерілістің негізгі себептері - жұмыссыздық пен мигранттарды қорлау саясаты деп көрсетіп отыр.

Ресей Федералды көші-қон мекемесінің өкілі Вячеслав Поставнин мұндай бүлік Ресейде шығуы мүмкін емес, Ресей үкіметі ұлтаралық араздықтың алдын алу үшін кез-келген шараны іске асырып жатыр, оның үстіне Ресей қоғамының дәстүрі өзгеше, шеттен келгендер Ресейде төзімділікпен қабылданады дейді.

Бірақ адамқұқықтарын қорғаушы белсенділер Ресей үкіметінің мұндай пікірімен келіспейді. Ресейде шетелдіктерді ұрып соғу, өлтіріп кету көбейді, Ресей үкіметі бұған көз жұмып отыр,- дейді олар. Ресейде жас азаматтардың қолынан жыл сайын ондаған шетел азаматы қаза табады, куәлар ол жас азаматтарды скинхедтер деп көрсеткен. Бірақ мұндай қылмыстық істер ұлтаралық араздықты қоздыру айыбы бойынша емес, оған қарағанда әлде қайда төмен жаза кесілетін бұзақылық айыптары бойынша қаралады. "Адам құқықтары жөніндегі Бүкіл Ресейлік қозғалыстың" төрағасы Лев Пономарев "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Франциядағыдай бүлік Ресейде шығуы әбден мүмкін дейді:

- Көтерілістер Мәскеуде, не болмаса басқа қалаларда шығуы мүмкін. Үкімет орындары көтеріліс туғызатын барлық себепті қолдан жасап жатыр. Билік фашистік жиындарды іс жүзінде қолпаштап отыр. "Родина" сияқты патриоттық деп аталатын партиялар фашистік ұрандарды көтеріп келеді, олар дінаралық және ұлтаралық қақтығыстарды қоздырып жүр.

Мұндай алаңдаушылыққа Лев Пономаревтің сөзінен басқа деректер табылып отыр. Төртінші қараша күні Ресейде Халықтар бірлігінің күні аталды. Мәскеу ортылығында бұл күні мигранттарға қарсы шеру өтті. Шеруге шыққандар Ресейді заңсыз мигранттар жаулап алды, мұны тоқтату керек деп ұрандатты.
XS
SM
MD
LG