Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.08.2005 жыл


Қазақстанда сейсенбі күні жарық көрген басылым беттерінде Алматы қаласында жүргізіліп жатқан жұмыстар барысына, сондай-ақ, 2006 жылға арналған республикалық бюджет туралы парламентте талқыланған заң жобасына қатысты мақалаларға орын берілген.

«Айқын» газеті Қазақстан Республикасының президенті Н. Назарбаевтың Алматыдағы жұмыс сапары барысында бірқатар құрылыс нысандарын аралағанын атай келе, сейсмология институты мен метро құрылысынан толыққанды мәлімет берген. Мәселен, Алматы мен оңтүстік өңір сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Болашақта тосын апаттарға төзімді ғимараттарды салу керектігі және де қауіптердің алдын алуға төтенше жағдайлар министрлігінің көмегі де қажет деген президент Н. Назарбаевтың сөзі мақала өзегіне айналған. Автор метрополитен құрылысына мемлекет тарапынан 2005 жылы 5,5 миллиард теңге бөлініп, метро 2008 жылы пайдалануға берілетіндігімен хабардар етеді.

Ал «Эксперсс К» газетінде «Метро - ірі қала белгісі» деген журналист мақаласында, келесі жылы бюджеттен тағы да метро құрылысына 18 миллиард теңгенің бөлінетіндігі жазылған. Бұл мәліметті журналист «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің мәліметіне сүйеніп беріпті.

«Жас Алаш» газеті болса, «2030 жылы жұмаққа кіреміз дегенге біреулер сенсе, сене берсін, ал өз басым қатты күманданамын» деп басталатын автор Қуаныш Мұқтайдың мақаласында Алматы маңындағы бүгінгі шағын ауылдардың жағдайы жазылған екен. Алматыға іргелес тиіп тұрған бұл ауылдарда әлі де жарық, байланыс жүйесі, аурухана, мектеп, ауыз су дегендердің жоқтығын автор таңдана жеткізеді. Сондай-ақ мақалада жергілікті тұрғындарды әңгімеге тартып, атап айтып отырған проблемалық мәселелерді кейіпкерлердің сөзі арқылы берген. Мәселен, Тілеу Оспанов деген қарттың: «Жедел жәрдем шақыру қиын. Телефон дегенің атымен жоқ. Мына дүниеде нендей жамандық, жақсылықтар болып жатыр, ол жағынан тас кереңбіз. Тас дәуірде өмір сүріп жатқан баяғының жабайы адамдары секілдіміз. Алматының іргесінде отырып, жұмыс жоқ» деген пікірі келтірілген.

«Егемен Қазақстан» газетінде «Әлеуметтік салада басымдық бар» деген мақалада қос палатаның бірлескен отырысында «2006 жылға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының талқыланғандығы жазылған. Бұл мақалада Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, республикалық бюджетке түсетін түсім 1469, 4 миллиард теңге сомасында болса, шығыс жағы 224,1 миллиард теңгелік өсіммен 1583,2 миллиард теңгені құрайтындығы көрсетілген. Қазақстан экономикасының дамуы үш бағыт бойынша қарастырылатынын алдыға тартқан Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов егер әлемдік мұнай бағасының ығында кететін болса, онда инфлияцияның 6,5-8,1 пайыз аралығында қалыптасатынын Егемен Қазақстан газеті атап өткен.

Ал «Литер» газетіндегі «премьер-министр Даниал Ахметовтың жаңа жыл бюджеті қолға алынғалы бері депутаттардың ақша сұраған хаттарының астында қалыпты» деп басталатын мақалада премьер-министрдің депутаттардан сомасы 600 миллиард теңгеден астам қаржы сұраған 170 хат келіп түскендігі жазылған. Сондай-ақ мақалада премьер-министр аталмыш қаржының барлығы мемлекеттің мүддесіне ғана жұмсалмайтындығын айтып, депутаттарға сенімсіздік танытқанымен, бюджетті тағы да ұлғайтуды қажет деп тауыпты делінген. Сонымен қатар, бұл отырыста спутниктік байланыс туралы да сөз болғандығын және Қазақстандағы ұялы байланыс нарығындағы бәсекелестіктің нашар қарқынмен бет алып келе жатқандығы туралы түрлі пікірлерді журналист мақалада көрсеткен.
XS
SM
MD
LG