Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.09.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда алдағы өтетін президенттік сайлауды 600-ден 1500-ға жуық шетелдік бақылаушылардың қадағалайтындығы айтылыпты. Бірқатар басылымдарда Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілдеріне қысым көрсетіліп жатқандығы баяндалыпты. Атап айтқанда, жұмыстан қуылу қаупі бар болғандықтан, бюджеттік мекемеде істейтіндер Жармахан Тұяқбайға қолдау көрсетуге бас тартыпты. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылында оның сенімді өкілі болуға ниет білдірген екі мұғалім мен еден жуушының жұмыстан қуылып жатқандығы туралы Жармахан Тұяқбайдың қалалық штабына арыз түсіпті.

Сәрсенбі күні жарық көрген “Егемен Қазақстан” басылымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Оралбай Әбдікәрімовтың Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысының көмекшісі, Еуропа мен ТМД елдеріндегі аймақтық бюроның директоры Кальман Мижейді қабылдағаны хабарланыпты. Сондай-ақ осы басылымда жарық көрген ақпараттар ағымында, Мәдениет ақпарат және спорт министрілігі үстіміздегі жылдың 31 қазаны мен 6 қарашасы аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы презиенттігінен үміткерлердің қызметтері туралы материалдар беру жөніндегі мемлекеттік республикалық ақпарат құралдарына жүргізген мониторингтің қорытындысын жариялағандығы айтылыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, өткен аптада мемлекеттік БАҚ-дары материалдарының дені үміткерлер Жармахан Тұяқбай мен Әлихан Бәйменовтың қызметтері туралы болып, тиісінше 81 және 66 материал арналған. Ерасыл Әбілқасымов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтері туралы 47 материалдан шықса, ең азы Мэлс Елеусізовтың үлесіне тиіпті.

“Газета kz” басылымында жарық көрген мақалада 4 желтоқсан күні Қазақстанда өтетін президенттік сайлауды 600 ден 1500 ға жуық шет елдік бақылаушылардың қадағалайтындығы баяндалыпты.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген ақпараттар ағымында келесі аптада Қазақстанға Еуропадағы Ынтымақ пен Қауіпсіздік Ұйымының президенттік сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының басшысының келуі мүмкін екендігі хабарланыпты.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Қазақстандағы оппозицияны сынға алған мақала жарық көріпті. Мақала авторы Бақыт Жұмаділовтың пікірінше, Қазақстандағы оппозиция 1997 жылы, яғни Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2030 атты стратегиялық бағдарламасын ұсынған кезде-ақ жеңіле бастады. Оның себебін мақала авторы бүгінгі күндері осы стратегиялық бағдарламаның іс жүзінде жүзеге аса бастағандығымен түсіндіріпті.

“Айқын” газетіне берген сұхбатында академик Мырзатай Жолдасбеков Қазақстанда Президент болуға лайық Мемлекет басшысынан басқа ұл тумады деген пікірмен келіспейтіндігін білдіріпті. Мырзатай Жолдасбеков өз сұхбатында мемлекет басқарудың оңай шару еместігін айта келе, кей адамдар отбасына ие бола алмай отырғанда, елге қалай иелік етеді деген пікір айтыпты.

“Заң” газетінде президент тағынан үміткер Жармахан Тұяқбайдың бес облысты аралап шыққандағы баяндалыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, кейбір жерлерде Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілдеріне қысым көрсетілген. Ал, жұмыстан қуылу қаупі бар болғандықтан, бюджеттік мекемеде істейтіндер Жармахан Тұяқбайға қолдау көрсетуге бас тартыпты. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылында оның сенімді өкілі болуға ниет білдірген екі мұғалім мен еден жуушының жұмыстан қуылып жатқандығы туралы Жармахан Тұяқбайдың қалалық штабына арыз түсіпті. Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, шалғайдағы ауылдарда оның жапсырулы тұрған суреті жыртылып тасталып жатқан көрінеді. Кейбір мектеп директорлары оқушыларды осындай әрекет жасауға өздері жібергенін мойындапты.

“Жас Алаш” газетінде жарық көрген мақалада президенттіктен үміткерлердің бірі Жармахан Тұяқбайдың Қазақстандағы саяси жүйенің кемшіліктеріне, экономикалық кереғарлықтарға өзгелер емес, қазіргі мемлекет басшысының жауапты екендігін айта келе, саяси күресті басқа үміткерлермен емес, тек қана Нұрсұлтан Назарбаевпен жүргізетіндігін мәлімдегендігі хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG