Accessibility links

Әзербайжан оппозициясы өткен парламенттік сайлау нәтижелеріне байланысты сәрсенбі күні Бакуде наразылық шеруіне шықты

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Әзербайжан астанасы Бакуде қарашаның 9-ы күні шеруге жиналған оппозициялық қауымның саны бірнеше мыңдай адам болды.

Баку аспанын шерушілердің ұраны жаңғыртып тұрды. Шеруді Әзербайжандағы ең үлкен оппозициялық ұйым – Азадлық блогы ұйымдастырды. Оларға кейінірек шағындау оппозициялық партия, каолициядан Жаңа саясат және Миллий-Ұлттық бірлік өкілдері де қосылды, дейді «Азат Еуропа –Азаттық» радиосының сол жерде болған арнайы тілшісі Роберт Парсонс. Сондай-ақ, Ғалаба алаңына түс қайта жастар ұйымдарының көптеген өкілдері де келген.

«Жиналған қауым ақиқатында көп болды. Мұндағылардың бәрі, бұл Әзербайжанда соңғы кезде өтіп жатқан шерулердің ең үлкендерінің бірі дейді. Жұрт Ғалаба алаңынан бастап бір шақырымдай жерге дейін көшелерді толтырып тұрды», - дейді Роберт Парсонс.

Алаңдағы тәртіп мәселесімен келген полиция сақшылары да аз болмаған. Шерушілер өткен жексенбі күнгі парламенттік сайлау нәтижелеріне наразылық білдіріп, ол үшін Әзери үкіметі мен президент Әлиевтің қызметтен кетуін талап етті.

«Алаңда жиналған халықтың саны көп болғандықтан, олардың көңіл-күйі көтеріңкі еді. Сондықтан олар өздеріне сенімді болды», - дейді тілшіміз.

Ал Орталық сайлау комиссиясының айтуынша, сайлау ойдағыдай өткен. Жетекші Жаңа Азербайжан партиясы парламенттегі 125 орынның кемінде 65-іне ие болған. Оппозициядағы Азадлық блогы болса тек 6 орынға қол жеткізген. Бұл тәуелсіз үміткерлерден де аз деген сөз. Сәрсенбіге дейін эксклав жағдайындағы Нахичеван автономиялық аймағындағы сайлау нәтижесі де жарияланды. Нахичеван Парламенті – Алий Меджілістегі 45 орынның 37-сіне Жаңа Әзербайжан партиясы иеленіпті. Нахичевандықтар бір күнде өздерінің республикалық және жалпы ұлттық парламенттеріне дауыс берген. Нахичевандағы Алий меджілістегі 6 орынға тәуелсіз үміткерлер ие болған.

Ал Әзербайжан халықтық майданынан реформашылдар екі орынмен 3-ші деңгейде қалған. Жалпы Азадлық блогы осы Халықтық майдан, Мусават және Демократиялық Әзербайжан партияларынан тұрады. Міне сол Азадлық блогының жетекшілері дауыс берілген 125 сайлау округының 80 пайызындағы нәтижені заңсыз деп жариялап отыр.

Бұл мәселеге байланысты Халықтық майдан партиясының жетекшісі Әли Керімлі Ройтер тілшісіне былай дейді:

«Біз Орталық сайлау комиссиясына сайлау кезінде орын алған бұрмалаушылық жөнінде барлық деректі тапсырдық. Сайлау нәтижесі заңсыз. Енді біз үкімет ол заңсыздықтарды мойындап, сайлау нәтижесін бекер деп жариялағанға дейін наразылық ереуіл, шерулерін жалғастыра береміз».

Ал ресми сайлау комиссиясы болса екі округта ғана дауыс беру нәтижесін заңсыз деп тауып отыр.

Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясы мен Еуропдағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастығы ұйымы Әзербайжандағы жалпы сайлау үдерісі халықаралық талап деңгейінен төмен болды деп сынады. Бұл сында АҚШ та қолдап, енді жол берілген келеңсіздіктерге тиісті зерттеу жүргізу қажет дейді.
XS
SM
MD
LG