Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.10.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Экс-премьер Нұрлан Балғымбаевтың қайтадан саясат алаңында пайда болуына тәуелсіз басылымдар баса назар аударыпты. Ал, Нұрлан Балғымбаев Ресейдің “Новые известия” газетіне берген сұхбатында ешқашан да Жармахан Тұяқбаймен туыс екендігін жасырмағандығын тілге тиек етіп, онымен қарым-қатынасын үзбегендігіне тоқталыпты. Белгілі оппозиция басшыларының бірі Ғалымжан Жақиянов та бейсенбі күні жарық көрген тәуелсіз басылымдардың басты қаһармандарының біріне айналыпты. Сенатор Зәуреш Батталова Қазақстан Республикасының Әділет Министрі Зағипа Бәлиеваның атына жолдаған ашық хатында Ғалымжан Жақияновқа қарсы Шідерті түрмесінде арандатушылық әрекеттерінің ұйымдастырылып жатқандығы туралы ақпараттың белгілі болғандығын хабарлап, осы мәселеге қатысты өз алаңдаушылығын білдіріпті.

Бейсенбі күнгі “Ана тілі” газетінің бірінші бетінде оппозициялық күштердің атынан президенттік сайлауға түскен “Әділетті Қазақстан” қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайды сынға алған Марат Тұңғышбайдың мақаласы жарияланыпты. Атап айтқанда, газетте жарық көрген мақалада “Начнем с понедельника” басылымындағы бір материалда Жармахан Тұяқбайдың “Отан” партиясының мүшесі болғандығы, оппозициядағы Болат Әбіловты қудалағандығын, бұрынғы Жоғарғы Кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин Бас Прокуратураның шақырғанына келмесе оған арнаулы милиция бөлімін жіберемін деп мәлімдегендігі туралы деректер мысалға келтіріліпті. Мақала авторы осылай дей келе, 1999 жылғы сайлау кезінде парламентке өткен депутаттар тізімінде, одан басқа да небір парасатты, көрнекті қоғам қайраткерлерінің болғанын атапты. Сондай-ақ, мақалада Жармахан Тұяқбайдың экс-премьер Нұрлан Балғымбаевтың құдасы екендігі де айтылыпты.

Бейсенбі күнгі “Время” газетінде экс-премьер Нұрлан Балғымбаевтың Ресейдің “Новые известия” газетіне берген сұхбатынан үзінді жарияланыпты. Өз сөзінде Нұрлан Балғымбаев ешқашан да өзінің Жармахан Тұяқбаймен туыс екендігін жасырмағандығын тілге тиек етіп, онымен қарым-қатынасын үзбегендігіне тоқталыпты. Сондай-ақ экс-премьер Нұрлан Балғымбаев “Әділетті Қазақстан” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайды күшті тұлға ретінде қатты силайтындығын және үлкен құрметпен қарайтындығын атап өтіпті.

“Жұма таймс” басылымында экс-премьер Нұрлан Балғымбаевтың Ресейдің “Новые известия” газетіне берген сұхбатынан үзінді жарияланыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында экс-премьер Нұрлан Балғымбаев оппозицияның интелектуалдық потенциалының аз емес екендігіне айрықша тоқталыпты. Нұрлан Балғымбаевтың пікірінше, дәл қазіргі уақытта президенттің маңайындағылар Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсыластарына баспасөз арқылы ақпараттық шабуыл жасап, керісінше Мемлекет басшысының атына үлкен нұқсан келтіріп отыр. Экс-премьердің айтуынша, оппозициялық басылымдардың көзін жою, азаматтарды ұстау, оларға тас лақтыру, қылмыстық із қозғау секілді әрекеттерге бару арқылы билік керісінше Нұрсұлтан Назарбаевқа деген елдің құрметін төмендетіп жатыр. Сондай-ақ Нұрлан Балғымбаев Мемлекет басшысы баратын жерлерде бағаларды арзандатып, бәрін керемет қылып жасап қойған атқамінерлердің әрекетінің елдің үлкен наразылығын туғызып жатқандығын да атап өтіпті.

Белгілі оппозиция басшыларының бірі Ғалымжан Жақиянов та бейсенбі күні жарық көрген тәуелсіз басылымдардың басты қаһармандарының біріне айналыпты. “Жұма таймс” газетінде жарық көрген сенатар Зәуреш Батталованың Қазақстан Республикасының Әділет Министрі Зағипа Бәлиеваның атына жолдаған ашық хатында Ғалымжан Жақияновқа қарсы Шідерті түрмесінде арандатушылық әрекеттерінің ұйымдастырылып жатқандығы туралы ақпараттың белгілі болғандығын айтылып, осы мәселеге қатысты өз алаңдаушылығын білдіріпті.

“Азат” және “Свобода слова” басылымдарында жарық көрген ақпараттар ағымында бейресми бұлақ көздерінен белгілі оппозиционер Ғалымжан Жақияновқа қарсы арандатудың дайындалып жатқандығы туралы мәліметтің белгілі болғандығы хабарланыпты. Оқиғаның тарихына тоқтала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын бейтаныс адамнан сайтқа бір хат келіп түскен. Өз хатында ол Шідертіге жиі барып тұратындығын сөз қылып, ол жақтағы таныстарынан Ғалымжан Жақияновқа қарсы арандатушылық әрекеттерінің дайындалып жатқандығы туралы мәлімет алғандығын жеткізіпті. Хатты жазушы адамның айтуынша, таяуда Шідертіге белгілі бір арандатумен айналысатын адамдар барған.
XS
SM
MD
LG