Accessibility links

Бас прокуратура халықаралық бала асырап алу саласында заңдылықтар бұзылған деп тапты

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Бас прокуратура ҚР сыртқы істер, Білім және ғылым министрліктерінің қызметіне тексеру жүргізу барысында халықаралық бала асырап алу саласында заң талаптары бұзылған деп отыр. Бас прокуратура үкіметке балалар құқығын қорғау жөніндегі Гаага конвенциясына Қазақстанның қосылуын жылдамдатуды ұсынды.

Бұл туралы “Азаттық” радиосына бейсенбі күні Бас прокуратураның баспасөз қызметкері Сәулебек Жәмкенов хабарлады. Оның айтуынша, кезекті тексеру жұмыстарын жүргізген Бас прокуратура баланы асырауға беру мәселесімен тікелей айналысатын сыртқы істер миинстрлігі мен Білім министрліктерінде төмендегідей заң бұзушылықтар анықтады. Атап айтқанда, кейбір шетелдік бала асырап алушылардың сотталған-сотталмағаны туралы мәліметтер анық емес. Жүйке ауруларына ұшыраған шетелдік азаматтардың бала асырап алу деректері анықталған. Консулдықтар шет елдектерге асырауға берілген балалардың тұрмыс жағдайы мен тәрбиесіне бақылау орнату туралы заңнама талаптарын орындамайтындығы анықталған. Осыған орай, Сәулебек Жәмкенов:

“Бас прокуратура Үкіметке балалардың құқығын қорғау және халықаралық бала асырап алу саласындағы ынтымақтастық туралы Гаага конвенциясына Қазақстанның тез арада қосылуын ұсынды. Осы құжатта бала асырап алатын елдердің орталық инспекциялары арқылы балалардың өмір сүру жағдайын бақылап отыру көзделген”, дейді.

Оның айтуынша, халықаралық бала асырап алу саласындағы заңнамалардың кейбір нормалары жетілдіруді талап етеді. Ол «аумақтық қамқорлыққа алу органдарының қызметінде де көптеген заң бұзушылықтар бар. Олар қамқоршысыз қалған балаларды дер кезінде есепке қоймайды», дейді.

Бала асырап алу мәселесінде заң бұзушылықтарға жол берген Білім және ғылым министрлігіне қоңырау шалғанымызда, аталған министрліктің баспасөз қызметкері Жанар Үсіпбекова: “Керекті мәліметті прокуратурадан аласыз. Орын алды деген заңсыздықтар әлі тексерілу үстінде. Бұл мәселеге телефон арқылы жауап бермеймін. Сұрақтарыңызды жазбаша жолдаңыз”, деді.

Ал Бас прокуратураның ұсынысына үкіметтің берген жауабында жоғарыда аталған министрліктер тарапынан халықаралық бала асырап алу саласындағы анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін тиісті шаралар қолға алынатыны атап көрсетілген.
XS
SM
MD
LG