Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.11.2005 жыл

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Жұма күнгі жарыққа шыққан қазақстандық басылымдар негізінен саяси-экономикалық мәселелерге назар аударған екен. Кейбір газеттер сайлау мәселесін басты тақырып етіп алыпты.

“Айқын” басылымының жұма күнгі санында Бесбоғда Алтайдың “Сан қуып жүргенімізде сапа қапы да қалдырып кетті” деп аталатын мақаласында Қазақстандағы биылғы егіннің шығымдылығы өткен жылға қарағанда 13 пайызға артқандығы айтылыпты. Мақалада автор: “Республика бойынша 15.8 миллион тонна астық жиналып, орташа түсім бір гектардан 11,3 центнерді құрады. Биыл диқандар 12.9 миллион тонна астық қамбалады. Осылайша сан қуып мақтануымызға болады” деп жазады. Одан әрі: “Алайда астық сапасынан ұятты екенімізді мойындауға тура келіп отыр. Биыл 350 мың тонна бидай зертханалық сараптамадан өткен. Оның 15 пайызы ғана бірінші және екінші сыныпты сапалы бидайдың талаптарына жауап берсе, 60 пайызы үшінші сыныпқа жатады. Қалған 25 пайызы одан төмен. Бұл деректер экспортқа бидай шығарудың кемуіне әкеліп соқтыруы мүмкін”, дейді.

Сондай-ақ газет бетіндегі “Жарты ғасырлық тарихы бар зауытта жас мамандар жоқтың қасы” атты мақалада 52 жылдан бері халық үшін қызмет етіп келе жатқан Текелі сүт зауытында еңбек ететін 25 жұмысшының барлығы жасы жеткен адамдар болуы зауыт басшылығын ойландырып отырғандығы жайлы сөз болады. Жасы жеткен жұмысшылар демалысқа шығатын болса, зауыттың тоқтап қалуы мүмкін екендігі айтылыпты.

Ал “Жас қазақ” апталығының соңғы санында саяси мәселелер кеңірек сөз болыпты. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев “Идеология үшін халық көшеге шықпайды” атты мақаласында: “Осы сайлауға оппозиция біріккен күш ретінде қатысып отыр дей алмаймын. Оппозиция түрлі кедергілерге қарамастан өз жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр. Әрине оларға билік тарапынан айтарлықтай қысым болып жатыр деп айтуға болмайды”, деп жазады. Одан әрі автор өз ойын былайша сабақтайды: “Телеарналар азаннан кешке дейін тек Назарбаевты жарнамалауда, көше біткен сол кісінің суреті. Назарбаевқа осынша жарнаманың пайдасынан зияны көптеу. Өйткені халық ол кісіні біледі одан жалығуы мүмкін” дейді. Берік Әбдіғалиев: “егер әділ сайлау өтсе, Тұяқбай екінші орынды алуы тиіс. Үшінші орын - Бәйменовке бұйырады. Төртінші орынды - Ерасыл Әбілқасымов алады. Ал бесінші орын - Елеусізовтікі сияқты деген болжаулар жасайды. Ол “сөйтіп былтырғы сайлау сияқты у-шумен бұл сайлауда өтеді. Желтоқсан айы - өте суық ай. Елдің наразылық көрсетуне ара-райы да әсер етеді. Украинадағыдай төңкеріс біздің елде бола қоймайды. Идеология үшін біздің халық көшеге шықпайды”, деген қорытынды жасайды. Сайлау тақырыбы одан әрі “Бізді алаңдататыны – “Сайлаудан кейін елде не болады? “ деген сұрақ” атты материалда жалғасын тауыпты. Сайлауға қандай да бір болжам айтуды қажет деп таппаған саясаткер Ерлан Қарин: “сайлаудан кейін не болады?”, “елдің саяси тұтастығын қалай сақтап қаламыз? - деген сауалдар есті азаматтарды толғандыру керек. Бәлендей қауіп-қатер бола қоймасада елде саяси реформа тоқырауға ұшырамай ма? - деген сұрақтар бізді толғандырып жүр” дейді.

“Жұма-Таймс” апталығы президенттікке үміткер Жармахан Тұяқбайдың Алматы қалалық сайлау штабының қызметкері Елена Никитинаның 14 жасар қызының жоғалып кеткендігін бас мақала етіп алыпты. Мақалада 14 жастағы жасөспірім қыздың жоғалып кеткеніне 10 күннен асса да әлі хабар болмай отырғандығы айтылыпты. Осыған орай, “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының белсенділері Алматы қалалық ішкі істер басқармасы ғимараты алдына жиналып полиция қызметкерлерінен жоғалып кеткен қызды іздестіру жұмыстарының есебін талап еткендігі айтылыпты. Сондай-ақ газетте президенттікке үміткер Жармахан Тұяқбайдың Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары кезінде орын алған кедергілер мен заңсыздықтар жарияланыпты. Басылым тілшісі Марат Уатқанның “Бетің қисық болса” атты мақаласында Қазақстанның Бас прокуратурасы дүние жүзіне аты шыққан “Қазақгейт” тақырыбын жария етпеу жөнінде шешім шығарғандығымен осы тақырыпқа қатысты тақырыптар шетелдік басылым бетінде толастамай отырғандығы туралы айтылыпты. Автор: “Қазақгейт” сотының жөн-жосығын сөз еткен ел ішіндегі санаулы тәуелсіз газеттер қудалаудан көз ашпауда. Егер прокуратура ел президентінің абырой-мүддесін қорғаштап жүргені рас болса, жаһанға белгілі жайтты жария еткен шетелдік басылымдарды неге сотқа бермейді? Әлем білген жағдайды қазақ неге білмеуі керек?” деген сауал қояды. Автор одан әрі: “Бұл қажет десеңіз азаматтың ақпарат алу құқығын шектеу болып саналады. Егер бүгінгі билік органдары түйткілге түрткі болған түпнұсқаны жазғырам десе біздің редакция оларға жәрдем жасауға дайын”, дейді.
XS
SM
MD
LG