Accessibility links

Қоғам өкілдері Заманбек Нұрқаділовтың қазасына кінәлі қылмыскерлер табылуы тиісті деген пікір айтады

  • Досан БАЙМОЛДА

Сенбі күні Алматыдағы өз үйінде жұмбақ жағдайда қаза болған белгілі қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың өліміне байланысты пікір білдірген қазақстандық саясаткер, сарапшылар бұл істі нақты тергеп, оның қортындысын күткен жөн деген пікірде. Ал, осы оқиғаны тергеп-тексеріп жатқан топ әзірге жұртшылыққа ешқандай дерек-мағлұмат берген жоқ.

Заманбек Нұрқаділовпен ұзақ жылдар бойы билік сатысында бірге қызметтес болған қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев марқұм өзінің ұлтжанды жақсы қасиеттерімен халық есінде қалады деген пікір айтады.

«З.Нұрқәділов Алматы қаласын басқарған кезінде болсын, одан кейін Алматы облысын басқарған кезінде де қазақ халқы үшін жанын аямай қызмет етті, сол үшін ол халық жанашыры ретінде есте қалады. Ал адам баласы пенде болғандықтан марқұмның да білместіктен жіберген ұсақ-түйек қателіктері болуы мүмкін, бірақ ол айтуға тұрарлықтай нәрселер емес. Бүгінгі билік марқұмның өз халқына жасаған осы еңбегі мен оның жақсы қасиеттері үшін ескерткіш тұрғызуы тиіс, егерде ол орындалмаса, онда келер ұрпақ оған бәрібір ескерткіш орнататынына кәміл сенемін», - дейді Б.Тұрсымбаев.

Қазақстан парламенті мәжілісінің халықаралық қатынас, қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің төрағасы, депутат Серік Әбдірахманов марқұммен бірге қызметтес болған әрі жерлесі ретінде оны жақсы білетіндігін айтады. Оның айтуынша, З.Нұрқәділов Қазақстан қоғамында ерекше бір тұлға ретінде есте қалмақшы.

«Өйткені, ол өз еліне, халқына еңбегі сіңген азамат. Саясатта кішкене жолы болмады. Алайда, соңғы бірнеше айдан бері саясаттан гөрі шығармашылықпен айналысып жүргенін естіп, бұған қуанған едім, бірақ оның кенет келген қазасы оны орындатпады, өте өкінішті жағдай», - дейді С.Әбдірахманов.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының төралқа мүшесі, «Нағыз Ақ Жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы, марқұмның қазасына байланысты тыңғылықты тергеу-тексеру жұмыстары жүруі керек деп санайды.

«Себебі, марқұмның денесінен үш оқтың ізі табылып отырып, ол өзін-өзі атты дегенге ешкім де сенбейді. З.Нұрқаділов оппозиция лидерлерінің бірі екендігін, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықты тексеретін қоғамдық комитет құрғанын еске ала отырып, оның өлімінің неден болғандығын жан-жақты тексеру керек. Және де бұл іске халықаралық сарапшыларды да қатыстырған жөн», - дейді А.Сәрсенбайұлы.

Ал «Жұма-Таймс» оппозициялық басылымының құрылтайшысы, журналист Жұмаш Кенебай марқұмның өліміне қазіргі билік кінәлі деген пікір білдірді.

«Өйткені, елді коррупция жайлап кеткені туралы ең алғаш президент Н.Назарбаевқа ашық хат жолдаған осы З.Нұрқаділов еді, ақыры, міне, сайлау алдында халқын, елін сүйген осындай асыл азаматтан айырылып қалдық. Бұл үлкен жұмбақ өлім», - дейді ол.

Марқұм Заманбек Қалабайұлымен қоштасу, оны соңғы сапарға шығарып салу рәсімі сейсенбі күні таңертең сағат 10-да Алматыдағы Ғылым Академиясының ғимаратында өтеді.
XS
SM
MD
LG