Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.15.2005 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Сейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда белгілі қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ қазасы жайлы мақалалар жазылыпты.

Осы тақырыпқа байланысты «Егемен Қазақстан» басылымы мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың З.Нұрқаділовтың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдағаны туралы жазыпты. Онда З.Қалабайұлының Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімі, төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік төрағасы және парламент депутаты болып қызмет атқарған жылдарында Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан іскер ұйымдастырушы, ақжарқын азамат ретінде танылғандығы айтылыпты. Сондай-ақ, президент Н.Назарбаевтың құқық қорғау органдарына бұл қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият зертеп, анықтау үшін арнайы тапсырма берілгендігі хабарланыпты.

«Айқын» басылымы осы оқиғаға байланысты «16 бейнекамера күдіктіні көрсете алмай отыр» және «Нұрқаділовтың қорғаушысы не дейді?» деген екі мақала жариялапты. Мақала авторы Ләззат Билан сенімді ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып З.Нұрқаділов қайтыс болғанға дейін, яғни сол күні сағат 18.00-дер шамасында телефон арқылы әйелі Мақпал Жүнісованың Марал есімді туысына хабарласып, Мақпал қатты ауырып жатыр, тезірек жет деп хабарлағаны туралы айтады. Сол күнгі бейнежазбаларда тек марқұмның және оның әйелі мен Маралдың бейнесі ғана жазылып қалған деп хабарлапты журналистің сенімді ақпарат көзі. «Айқын» басылымына берген сұқбатында З.Нұрқаділовтер отбасының қорғаушысы Серікқали Мусин марқұм Заманбек Қалабайұлының денесіне үш оқ тигені анықталғаны туралы айтқан. Сондай-ақ, мәйітті тексеру қортындысында екі оқ сол жақ кеуде тұсынан, үшіншісі басына оң жақтан тиіп, сол жағынан шыққан. Оқиға болған жерден оқ тесіп кеткен жастық табылған. «Оқ осы жастық арқылы атылған, сондықтан, осы жағдайларды есепке ала отырып, ол өз-өзін өлтірді деп айту қиын» деген қорғаушы С.Мусин.

«Жас Алаш» газеті кешегі күннің күркірі» айдарымен «Заманбек Нұрқаділовты кім өлтірді?» деген газет тілшісі Жұлдыз Әбділданың көлемді сараптамалық мақаласын жариялапты. Ж.Әбділданың жазуынша, З.Нұрқаділов осыдан екі жыл бұрын осы газетке берген сұқбатында біреулердің өзін өлтіреміз деп қорқытқанын, соның алдында ғана туған жиенін өлтіріп кеткенін айтыпты. «Жалпы, менің қолымды байлау, тілімді байлау - бос әурешілдік. Ол мүмкін емес. Мен не айтқым келсе соны айтамын» деген екен марқұм сол жолғы сұқбатында. Айтқанындай, күндердің күнінде төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы Заманбек Нұрқаділов журналистер алдында билік басында отырғандардың былық-шылығын жіпке тізе келіп, Назарбаев отставкаға кетуі керек деп мәлімдеген соң-ақ оны орынынан алып тастады. З.Нұрқаділов өткір ой айтып, билікті қатаң сынай бастауы мұң екен, билік оны қудалап сотқа берді. «Осыдан бес ай бұрын Алматының Медеу аудандық соты Н.Назарбаевтың ар-намысын таптағаны үшін З.Нұрқаділовке 3600 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салды» дейді «Жас Алаш». Газет тілшісінің жазуынша З.Нұрқаділов батыста бас сауғалап жүрген Ә.Қажыгелдинмен кездесіп қайтқан соң берген сұқбатында өзін сол жолы шетелде өлтіруге тапсырыс болғанын айта келе, «мұның бәрі ескерту үшін жасалып жатқан бандиттердің ісі ғой», деген екен. З.Нұрқаділовтың қазасы әзірге жұмбақ қалып отыр. Алматы қалалық ішкі істер басқармасы өз-өзін өлтірген деген болжам айтып отыр. Оған дәлел ретінде марқұм тұратын үйдің бейнекамералармен бақыланатынын, сол күні үйдің ауласына бөгде ешкімнің де келмегенін келтіреді. Ал Нұрқаділовтер отбасының адвокаты Серікқали Мусин өз-өзін өлтіріді деген болжамның шындыққа сәйкеспейтінідігін айтып отыр дейді газет тілшісі. «Жас Алаштың» жазуынша, марқұм З.Нұрқаділовты соңғы сапарға қай жерден шығарып салудың өзі үлкен проблема болған. Марқұмның мәйітін шығаруға болады деп туған-туыстары сұраған жерлерге келісім берілмей, ақыры бұл мәселе дүйсенбі күні кешкісін зорға шешілген.

«Экспресс-К» газеті де осы оқиға жөнінде жариялаған «З.Нұрқәділов өмірден және саясаттан кетті» деген мақаласында оқиғаға қатысты Алматы қалалық ішкі істер басқармасы мен Нұрқаділовтер отбасы адвокатының айтқандарын келтірген. Газеттің жазуынша күзеті күшті З.Нұрқаділов тұрған осы үйде бұдан бір жыл бұрын ұрлық жасалып, сейфтен көп көлемде ақша ұрланыпты. «Экспресс-К» газетінің жазуынша, компромат.кз деп аталатын интернет газетінің редакциясына бір хат келіп түскен. Онда З.Нұрқаділовтың өліміне жауапкершілікті «Қазақтардың ислам қозғалысы» деп аталатын беймәлім ұйым өз мойнына алғандығы туралы айтылыпты.
XS
SM
MD
LG