Accessibility links

Заманбек Нұрқаділов Кеңсайдағы зиратқа жерленді

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

15 қараша күні Алматы қаласының жұртшылығы белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовпен қоштасып, соңғы сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасу рәсімі Алматы қаласындағы Ғылым Академиясының ғимаратында өтті. Сейсенбі күні жарық көрген ресми басылымдардың ешқайсысында да көзінің тірісінде Алматы қаласы мен облысын басқарған және үкіметте лауазымды қызмет атқарған қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов туралы қазанама да, оның денесінің қай жерден шығарылатындығы жайлы да ешқандай ақпарат берілген жоқ. Алайда, онымен қоштасуға қалың жұрт жиналды.

Қараша айының қара суығына қарамастан, Алматы қаласындағы Ғылым Академиясының алдына халық нөпірі таңертеңнен ағылды. Не жаңбыр жаумай, не күн ашылмай аспан да түнеріп тұрып алды. Белгілі саясаткерді соңғы сапарға шығарып салуға келгендердің бірі Сәбира есімді әжей, Заманбек Нұрқаділовтің қарапайым адамдарға көп жақсылық жасаған адам еді деп еске алды.

«Осы З.Нұрқаділов кезінде жазушы Оразбек Бодықов, композитор Әсет Бейсеуов сынды дүниеден озған өнер тарландарының есімін ардақтау үшін көптеген игілікті істерді атқарған болатын», - деді Сәбира апай.

Марқұммен қоштасуға келгендердің арасынан, Қазақстандағы “Терісқақпай” комедия театрының көркемдік жетекшісі Асқар Наймантай Заманбек Нұрқаділовтың өнер адамдарына, соның ішінде мұның өзінде де көп жақсылық жасаған азамат екендігін әңгімелеп берді. Сол секілді, кезінде Алматыдағы балаларға арналған қуыршақ театрын басқарған Сақтаған Тұрлымұратов сол театрға Нұрқаділовтің көп көмек көрсеткенін айтады.

Таңертеңнен бастап Алматыдағы Ғылым Академиясы ғимаратының алдына жиналған қалың жұрт сағат он екіден асқанға дейін, яғни Заманбек Нұрқаділовтың денесі шығарылғанша тарқамады. Оның сүйегі ғимараттан шығарылғанымен, марқұммен қоштасуға келген қалың жұрт алдында қаралы жиын өткізілмеді. Бұдан кейін жиналғандардың кейбіреуі тарқай бастаса, басқалары арнайы автобустарға отырып, “Кеңсай” зиратына қарай бет алды.

Зират басында өткен қаралы жиынды Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалин басқарды. Өз сөзінде ол Нұрқаділовтың халыққа сіңірген адал еңбегін айрықша атап өтіп, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың опат болуына орай, оның отбасына көңіл айтқан жеделхатын оқып берді.

Қаралы жиын кезінде, сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Бөкенов, белгілі оппозиционер Жармахан Тұяқбай және Заманбек Нұрқаділвтың туған-туысқандары мен дос-жарандары сөз сөйледі. Заманбек Нұрқаділовтың сүйегі «Кеңсайда» жерленген оның анасының жанына қойылды. Марқұмның денесі жер қойнына тапсырылып, оған бағышталып құран оқылып болғаннан кейін, таңертеңнен бері қалың бұлт басып, түнеріп тұрған Алматы қаласының аспаны шәйдай ашылып кетті.
XS
SM
MD
LG