Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.16.2005 жыл


Сәрсенбі күнгі басылымдарда Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың Ресейге ресми сапарының аяқталғандығына орай сараптама мақалалар жарық көріпті. Сарапшылардың айтуынша, Әндіжандағы қанды оқиғадан кейін, Батыс пен АҚШ Кәрімов режиміне қарсылық білдірген соң, Өзбекстан президенті Кремльдің қалқасына тығылуға мәжбүр болып отыр. Сондай-ақ, Қазақстанда алдағы өтетін президент сайлауы да сәрсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдардың баса назар аударған тақырыптарының біріне айналыпты.

“Айқын” газетінде жарық көрген Сейсен Әмірбекұлының талдау мақаласында Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың Ресейге ресми сапарының аяқталғандығына орай сараптама жасалыныпты. Автор өз мақаласында соңғы уақыттары Ислам Кәрімовтың Ресейге әлденеше рет барып қайтқандығына тоқтала келіп, екі елдің қатты жақындаса түсуіне Әндіжандағы қанды оқиғалардың себеп болуы мүмкін екендігіне тоқталыпты. Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, Әндіжандағы қанды оқиғадан кейін, Батыс пен АҚШ Кәрімов режиміне қарсылық білдірген соң, Өзбекстан президенті Кремльдің қалқасына тығылуға мәжбүр болып отыр. Мақала авторының айтуынша, соңғы кездері АҚШ конгресмендерінің бір тобы Ташкентке қарсы санкция жариялаумен қатар, президент Ислам Кәрімовқа қарсы Халықаралық қылмыстық сотта іс қозғауды қолға алуды көтеруі Өзбекстанның Ресейге арқа сүйеуіне итермелеген басты себептердің бірі болып табылады.

“Газета кz” басылымында жарық көрген бас мақалада Кремльдің Өзбекстан мемлекетінің аумағында өз әскери базасын ашатындығы хабарланыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, егер де Өзбекстанда дағдарысты ахуал белең алса ендігі уақытта Ресей әскері оны қорғау үшін бар күшін салады. Сонымен қатар мақалада Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Өзбекстан мемлекетіндегі адам құқығы мәселесінің талқыға салынатындығы баяндалыпты. Бұл мәселеге байланысты құжатқа орай Еуропа Одағы қол қойғанымен, Ресей мемлекеті аталмыш резолюцияға өз қарсылығын білдіруі ықтимал. Осыған орай мақала авторы Мәскеудің Ислам Кәрімовтың режимін қорғайтын халықаралық қорғаушы қызметін өз мойнына алуы оның әлемдік саясаттағы беделіне үлкен нұқсан келтіруі мүмкін екендігі туралы болжам жасапты.

Алдағы өтетін Президент сайлауының тақырыбы да сәрсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдардың баса назар аударған тақырыптарының біріне айналыпты. “Литер” басылымы осыған орай Орталық сайлау комиссиясының заңнамаға бірнеше өзгеріс енгізу қажеттілігі туралы ұсыныс жасап отырғандығын хабарлапты. Егер де ол ұсыныстар қабылданса, Қазақстанда сайлау алды науқанына байланысты қоғамдық шаралар өткізуге шектеу қойылады. Газет тілшісінің хабарлауынша, Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымы мұндай шаралардың Қазақстанның демократиялық құрылымына әсер ететіндігін айтып отыр.

Сәрсенбі күнгі “Егемен Қазақстан” басылымында Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткер Мэлс Хамзаұлы Елеусізовтың сайлауалды тұғырнамасы және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 11 қазандағы барлық сайлау үдерісіне қатысушыларға қатысушыларға Үндеуін іске асырудың барысы туралы хабары жарық көріпті.

“Заң” газетінде Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің қызметтерін насихаттау барысы туралы мониторингі жарық көріпті. Мониторингтің қорытындысына сәйкес, өткен аптада мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдардың басым көпшілігі үміткерлер Нұрсұлтан Назарбаев пен Жармахан Тұяқбай қызметтерінің үлесіне тиген. Президенттікке үміткерлердің қызметтерін насихаттауда Қазақ радиосы тепе-теңдікті сақтамаған. Осыған байланысты министрлік тарапынан Қазақ радиосы басшылығына хат жолданып, онда үміткерлердің және олардың сайлау штабтарының үгіт-насихат қызметтерін жариялауда тепе-теңдікті сақтау мақсатында өз жұмыстарына тиесінше түзетулер енгізу туралы ұсыныстар айтылыпты.
XS
SM
MD
LG