Accessibility links

Оппозициядан президенттікке кандидаттың Маңғыстау облысындағы сенімді өкілі соққыға жығылды

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

ҚР президенттігінен үміткер, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі, Маңғыстау облыстық сайлау штабының басшысы, облыстық «Нағыз Ақ жол» партиясының жетекшісі әрі облыстық маслихаттың депутаты Жәнібек Қожық 15-қараша күні түнде белгісіз біреулердің соққысына жығылды. Ал сол кезде оның жанында болған жүргізушісі жоғалып кеткен. Осы төтенше оқиғаға орай президенттіктен үміткер Жармахан Тұяқбай сәрсенбі күні республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бұндай өздеріне қарсы әрекеттерді тоқтатуды талап етіп, аталған істі жеке өз бақылауына алуды айтып хат жолдады.

ҚР президенттігінен үміткер, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың сайлау штабының басшысы Төлен Тоқтасынов Маңғыстау облысындағы сайлау штабтарын басқаратын, облыстық «Нағыз Ақ жол» партиясының жетекшісі әрі облыстық маслихаттың депутаты Жәнібек Қожыққа бұған дейін белгісіз біреулердің телефон арқылы саяси жұмыстарынан бас тартуға үгіттеп, қорқытып-үркітулері жиі болғанын айтады.

«Алайда, бұл ескертулерге құлақ аспаған оны осындай жолмен соққыға жығып, мұқалтуды көздегендердің бұл ісінің астарында саяси сипаты бар деп айтуға негіз болып отыр», - дейді Төлен Тоқтасынов.

Тоқтасынов мырза 15 қараша күнгі түнде Ақтау қаласының маңында болған оқиғада ауыр соққы алған Жәнібек Қожықтың жүргізушісі Жетібай Сансызбаев көлігімен бірге жоғалып кетіп отырғандығын хабарлады. Сондай-ақ Төлен Тоқтасынов бұл жайт белгілі болысымен Жармахан Тұяқбайдың Маңғыстау облыстық сайлау штабының өкілдері облыстық ішкі істер басқармасына жүгінгендігін айтады.

«Азаттық» радиосы осы оқиғаға байланысты Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасының қызметкері Аман Досақановқа хабарласқанда, ол бұл оқиғаның саясатпен байланысы жоқ екенін айтып, бірақ іске қатысты дерек-ақпарат беруден бас тартты.

Ал президенттіктен үміткер Жармахан Тұяқбайдың Маңғыстау облыстық сайлау штабының қызметкері Гүлбану Өтенова облыстық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінен Жәнібек Қожықтың қазір тергеуде екенін, ал оның жүргізушісі Жетібай Сансызбаевтың табылған-табылмағандығын әлі анық біле алмай отырғандықтарын айтады.
XS
SM
MD
LG